Архив — тарихи шежіре қоймасы ғана емес, сонымен қоса әрбір ұлт тарихының қазынасы. Ата-бабаларымыздың тарихын ғана емес, олардың арман-тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын, парасаты мен үлгі-өнеге өсиеттерін сақтап отыратын киелі орын. Қазақстан архивтерінің мемлекет тарихының қалыптасудағы рөлі өте зор. Олар халықтың құжаттық жадын бір талдап жинап, өскелең ұрпақ үшін сақтайды.
Халық пен ел тарихындағы құнды жазба деректерді жинастырып сақтау ісіне әуелгі замандардан бері мемлекеттік деңгейде мән беріліп келеді. Қазір де архивтерде мәңгілікке сақталатын тарихи деректер туралы құжаттар ұлттық байлықтың бір бөлігі ретінде қорғалады. Архив әсте шаң басқан қағаздардың жиналып тұратын орны емес. Ол — тарихтың көмбесі, өткен күндердің парақтары сақталған қасиетті мекен. Тарихқа көз салсақ, қазақ жеріндегі алғашқы архив 1794 жылы батыс өңірдегі Ішкі Ордада жұмыс істей бастаған. 1876 жылы Бөкей ханның тапсырмасымен архив үйінің арнайы ғимараты салынды. Оған дейін құжаттарды сақтау ісіне мән берілмей келген еді. Бүгінде архив ісі қалыптасып, тарихты танудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Алайда, ашылмаған ақиқаттар әлі көп. Архив — тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы да архив делінеді.
Әдетте, архивтер тұрақты немесе ұзақ мерзімді сақтау үшін олардың мәдени, тарихи немесе дәлелді құндылығы негізінде таңдалған жазбалардан тұрады. Архив жазбалары әдетте жарияланбайды. Жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысырда, Қытайда, Ежелгі Грекияда, Римде, тағы басқа елдерде мемлекеттік дәрежеде қолға алынды. Қазақстанда дербес архивтің пайда болуы Бөкей ордасы архивімен байланысты (18 ғасыр). Қазақстандағы архив жүйесі (республика, салалық, аймақтық, т.с.с.) негізінен 20-ғасырдың 20 — 30-жылдары қалыптасты. Ұлттық архив ісінің бастауында А. Байтұрсынұлы, С. Сейфуллин, М. Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды. Мемлекет А. 1921 — 38 жылы Қазақ АКСР-і Халық ағарту халкоматының, 1938 — 58 жылы Қазақ КСР-і Ішкі Істер халкоматының қарамағында болды, 1958 жылдан Министрлер кеңесіне бағындырылды. Облысы, ауданы архив жергілікті әкімшіліктерге қарады. Архив қызметінің басты бағыттары: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылым анықтамалар мен көрсеткіштер жасау; құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. Барлық құжаттар мұқият сұрыпталып, мемлекет сақтауға — архивке жинақталды. 1998 жылы 22 желтоқсанда Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңы жарық көрді.
Архивтің жаңа дәуіріне, оның өркендеуі мен дамуына айқын жол ашқан 1998 жылғы Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңының талаптарына сай жұмыс істеу біздің міндетіміз әрі мұратымыз деп білеміз. Қазіргі таңда архив саласына айрықша көңіл бөлініп, құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдауда қолданыстағы Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заң жобасына бүгінгі күн талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды. Еліміздегі барлық архивтер төл заң аясында атқарылған барлық қызметтерін айқындаған және мемлекет пен азаматтар мүддесін абыроймен атқарып келеді. Кең байтақ еліміздің әр даласының, әрбір тасының өшпес тарихы бар. Соны жинақтау, сақтау және қорғау әрбір архивистің борышына айналғаны сөзсіз.
Ұлттық архив ұлт мұрасының алтын ордасы, төл тарихымыздың алып діңгегі екені баршаға аян. Тарих үшін еліміздің құжаттық байлығын сақтау — мемлекеттік және мемлекеттік емес архивтердің, қоғамдық ұйымдардың, Қазақстан азаматтарының маңызды міндеті және, әрине, Қазақстанның барлық деңгейдегі архив қызметінің міндеті.
Г.СЕЙДУАЛИЕВА,
«Түркістан қалалық мемлекеттік архиві» КММ-нің бірінші санатты архивисі.