Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА 1030 ОРЫНҒА АРНАЛҒАН СТАДИОН АШЫЛЫП, ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҰСЫНЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА 1030 ОРЫНҒА АРНАЛҒАН СТАДИОН АШЫЛЫП, ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҰСЫНЫЛДЫ


Бүгін Созақ ауданының 95 жылдық мерекесі аясында Созақ ауылында заман талабына сай жабдықталған 1030 орындық спорт алаңы ашылып, ел игілігіне ұсынылды.
Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Биыл аудан көлемінде спорт саласы бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Бірқатар балалар ойын алаңы мен футбол алаңшалары ашылды. Бүгін, міне, 1030 орынға арналған үлкен футбол алаңы ел игіліне ұсынылып отыр. Аудан жастарының болашаққа деген сенімін нығайтып, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жобалар әр кез назардан тыс қалмайды», деді аудан басшысы.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен ауыл қариясы Мұрат Жақсыбаев ізгі тілектерін арнады. Сонымен қатар қазақ елінің мақтаныштары, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып және футболдан Қазақстан құрамасында жасындай жарқыраған талантты ойыншы Таңат Нөсербаев шараға арнайы қатысып, құттықтауларын жеткізді. Өскелең ұрпақ салауатты өмір салтын ұстанып, жаңа нысан тәнін шынықтыратын орынға айналатынына өз сенімдерін білдірді.
Ауылдың белсенді азаматы Балкерім Пернебаева ауыл жастары атынан игі іске арқау болған азаматтарға өз алғысын жеткізді. Жасөспірімдер арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, жүлделі орын иеленген командаларға арнайы кубок, медальдар табысталды.
Айта кетейік, жаңа нысанның құрылысы өткен жылы басталған. Мұнда жастар мен жасөспірімдердің футбол ойнап, спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи стадион 1030 адамға лайықталып салынған. Жаттықтырушылар мен төрешілерге жеке кабинеттер, командалардың киім ауыстыруы мен жуынуына арналған арнайы бөлмелер әзірленген. Бұдан бөлек жаттығу залдары, «Street workout» және баскетбол алаңдары бар.