Домой Білім ТҮРКІСТАН: ШОРНАҚТЫҢ ШЫРАЙЛЫСЫ – ШЫРЫН ҰСТАЗ

ТҮРКІСТАН: ШОРНАҚТЫҢ ШЫРАЙЛЫСЫ – ШЫРЫН ҰСТАЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды», — деген болатын.

Сауран ауданы киелі мекен. Шынында, киелі мекеннің әрбір тұрғыны ерекше қасиетке ие. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шырын Әбдулатқызы Исмаилова Шорнақ ауылының тумасы. Ендеше өмір дерегін бірге саралайық.

Шырын Әбдулатқызы Исмаилова 1960 жылы 8 қазанда Шорнақ ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Т.Айтжанов (бұрынғы Фрунзе) атындағы орта мектепті бітірген соң, Ташкент қаласындағы Ф.Энгельс атындағы шет тілдер институтына оқуға түсіп, 1984 жылы неміс-француз тілінің оқытушысы мамандығын алып шыққан. Осы жылы өзі түлеп ұшқан Т.Айтжанов атындағы орта мектепте алғашқы еңбек жолын бастайды.

Шырын Әбдулатқызы 1985 жылы Мақсат Исақовқа тұрмысқа шығып, екеуі төрт ұлдарын өнегелі тәрбиелеп өсірген. Жолдасы Мақсат Мирполатұлы инженер-гидротехник. Бүгінде Марат, Фурхад, Еркін есімді ұлдары үйленіп, үйлі-жайлы.

Шырын Әбдулатқызы 1990 жылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке (сол кездегі атауы Шорнақ мектебі) ауысып, ағылшын тілінен сабақ береді. Айтпақшы, осы жерде айта кетейік, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары білім ошақтарында неміс, француз тілдері қысқартылып, орнына ағылшын тілі қолға алынған болатын. Неміс-француз тілінің маманы: «мен беретін сабақ қысқарып қалды»,- деп мұңаймай, заман ағымына сай екендігін көрсетеді. «Іздегенге сұраған» дегендей, Түркістан қаласында ашылған «Қазақ-Өзбек инженерлік-гуманитарлық» университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығып, 2019 жылға дейін еңбек етіп, осы жылы зейнеткерлікке шығады. Шырын Әбдулатқызы 2019 жылдан бері білім саласындағы 40 жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған ардақты ана, 9 немере сүйіп отырған сүйікті әже.