Кез келген ауыл шаруашылығы саласы өкілінің негізгі материалдық байлығы – өзінің өнімі болып саналады. Әлбетте, біз әрбір еңбек адамының өнімі берекелі болсын деп тілейміз. Дегенмен, кейде адами, кейде табиғи факторлардың әсерінен өнімдер жарамсыз болып, шаруалар шығынға батып қалып жатады. Өкінішке қарай, біз айтып отырғандай қолайсыз жәйттер Түркістан өңірінде де арагідік кездесіп тұрады. Ал, мұны ескерген Үкімет аграрийлер үшін қандай мүмкіндіктер жасап жатыр? Осы орайда, Түркістан облысының тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.
Мәселен, 2021 жылдың басында еліміздегі шаруалардың егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандыра алатындығы айтылды. Тіпті, сақтандыруды үйден шықпай-ақ, ғаламтор арқылы іске асыруға болады. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңба арқылы Qoldau.kz порталына кірсе болғаны. Бұл тұрғыда сақтандыру құнының жартысы мемлекет тарапынан төленеді. Негізі бұл жоба 2020 жылдары басталып, онлайн сақтандыру оң нәтиже көрсеткен. Атап айтсақ, сол жылы фермерлерге 535 млн. теңге сақтандыру төлемі берілген. Бұл тұрғыда сақтандыру жағдайы туындағанын комиссия мүшелері емес, спутниктік мәліметтерге негізделген ақпараттық жүйе анықтады. Бұл сақтандыру төлемі механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз еткен.
Сол кездегі ақпаратқа сәйкес, агросақтандыру саласындағы оператор – «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры болатын. Мемлекет оператор арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сақтандыру сыйақысын төлеуге арналған шығындардың бір бөлігін өтейтін еді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Сақтандыру департаментінің директоры Әсел Рамазанованың айтуынша, биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Барлық сақтандыру процесі Agroinsurance сервистік жүйесі орналасқан Qoldau.kz платформасында іске асырылады. Қазақстандық сақтандыру компаниялары өз тәуекелдерін әлемдік нарықта айрықша орны бар Swiss Re, Munich Re және Hannover Re сияқты ірі халықаралық компаниялар арқылы қайта сақтандырады. Сақтандыруға дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері, сұлы) және майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр) жатады. Айта кетейік, егіс алқаптарын Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, облыстарының шаруалары сақтандыра алады. Егіс алқабын сақтандыру үшін шаруа ең әуелі электронды цифрлы қолтаңба арқылы сайтқа тіркелу керек. Содан соң жеке кабинетке кіру арқылы тізімнен тәуекелі басым сақтандырылуы тиіс егіс алқабын және сақтандыру компаниясын таңдауы (Жусан Гарант, Виктория, Номад иншуранс) қажет. Бұдан кейін сақтандыру құнының 50%-ын төлейді. Осы қарапайым процедуралардан кейін фермер күн сайын жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін бақылауға мүмкіндік алады. Бұл үшін үнемі онлайнда болудың қажеті жоқ. Егер жүйе ылғал жетіспеушілігін немесе артық мөлшерін тіркесе, фермер электронды поштасы арқылы хабарлама ала алады. Осыдан кейін электронды цифрлы қолтаңба арқылы төлем өтінішіне қол қоюы керек. Барлық процесс автоматтандырылған және сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру жағдайы тіркелген сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде төлем жасалады. Ылғал тапшылығынан сақтандыру жағдайы орын алуы мүмкін тәуекелдерді сақтандыру индексі үш кезеңді қамтиды. Бірінші кезең – 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екінші кезең – 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және сақтандыру арқылы қорғанудың үшінші кезеңі – 15 шілдеден 14 тамызға дейін. Осы кезеңдердің әрқайсысы үшін жүйеде өз триггерлері қойылады. Яғни сақтандыру жағдайы іске қосылатын нүктелер мен кезеңдердің әрқайсысына төлемдер қарастырылған. Топырақтағы ылғал деңгейін анықтаудың толық процесі, триггерлер мен басқа да параметрлер шаруаның жеке кабинетіне жіберіліп тұрады. Қазақстанның көптеген аймақтарында түскен қардың және топырақтағы ылғал қорының аздығын ескере отырып, сарапшылар биыл жазда құрғақшылық болады деп болжап отыр. Қор мемлекеттік субсидия есебінен қолдау білдірілетін құрғақшылықтан сақтандыру механизмі шаруаларға үлкен көмек болатынына сенімді», делінген еді сол мәліметте.
Сондай-ақ, 2022 жылдың сәуірінде дәнді дақылдарды сақтандыру мерзімі ұзартылған еді. Аграрлық несие корпорациясы өтінімдерді қабылдау мерзімін дәнді дақылдар үшін топырақта ылғалдың болмауынан сақтандыру бойынша ұзартқан.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сақтандыру полисінің құнын төмендету, агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру нарығына жаңа қатысушыларды тарту және өсімдік шаруашылығындағы тәуекелдерді азайту үшін мемлекет сақтандыру сыйақыларын субсидиялайды. Мысалы, фермерлер үшін сақтандыру полисінің құны субсидиялаудың көмегімен 50%-ға төмендейді»,-делінген хабарламада.
Одан бөлек, өткен жылдың мамыр айында Қазақстанда жайылымдарды сақтандыру жүйесі де іске қосылды. Мұны ауыл шаруашылығындағы сақтандыру операторы болып табылатын Аграрлық несие корпорациясы бекіткен. Ол жайылымдағы биомасса тапшылығы индексіне негізделген. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі: «Жайылымдарды бір жылдық және көп жылдық шөптермен сақтандыруға болады. Сақтандыру мерзімі – 1 мамырдан 30 тамызға дейін. Сақтандыру тарифі – сақтандыру сомасынан 3,2%. Жайылымдарды 16 сәуірге дейін сақтандыру қажет», – деп хабарлаған.
Агроөнеркәсіптік кешенді сақтандырудың басқа түрлері бойынша да жаңа өнімнің 50 пайыз мөлшерінде сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауы бар. Сақтандыру шеңберінде алқаптарды «Жерді қашықтықтан зондтау» көздерімен мониторингтеу жүзеге асырылатын болады. Олар өсімдіктердегі судың салыстырмалы мөлшерін тіркейді және биомасса тапшылығы индексінің көрсеткіштерін қамтамасыз етеді. Тиісінше, шарт жасасудан бастап сақтандыру төлемдеріне дейінгі барлық рәсімдер Agroinsurance ақпараттық жүйесінде www.qoldau.kz сайтында жүргізіледі. Процестерді автоматтандыру адам факторының әсерін болдырмауға мүмкіндік береді және олардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, жүйеде Қазақстан Республикасы Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Сондай-ақ, әлемдік нарықта «А» рейтингісі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмысқа тартылған.
Тиісінше, былтыр 2023-2024 жылдарға арналған күздік дақылдарды сақтандыру жүргізілді. Бұл тұрғыда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Агроөнеркәсіп кешені саласындағы оператор ретінде сақтандыру қызметтерін көрсету жұмыстарын атқарды.
Бұл сақтандыру өнімі сақтандыру сыйлықақысын 80 пайыз көлемінде субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын қарастырады. Яғни сақтандыру шарты бойынша фермердің төлемі сақтандыру құнының 20 пайызын ғана құрайды. Механизм фермердің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде онлайн сақтандыруды қарастырады. 2023 жылдан бастап бұл сақтандыру жүйесі Kezekte.kz порталындағы «Qalqan» ақпараттық жүйесінде орналастырылған. Мәселен, ағымдағы жылғы күздік дақылдар бойынша топырақ ылғалдылығының жетіспеушілігінен сақтандыру шарты 2023 жылдың 31 тамызына дейін жасалды. Осы өнім бойынша сақтандыруды қорғау мерзімі ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен келесі күнтізбелік жылдың 30 маусымына дейін жарамды болады. Бұл ретте, индекстік сақтандыру өнімі бойынша тарифтер сақтандыру құнының 4,8 пайызын, ең жоғары төлем келісімшарт бойынша сақтандыру сомасының 48 пайызын құрайды.
Мысалы, шаруа 1000 гектар жерді сақтандырса, шығындар құны 1 гектар үшін 80 000 теңгеден. Сақтандыру шартын жасау кезінде сыйлықақы 3 840 000 теңгені (1 000 га * 80 000 теңге * 4,8 пайыз сақтандыру тарифі) құрайды, оның 3 072 000 теңгесін мемлекет субсидия түрінде (80 пайыз) және 768 000 теңгені (20 пайыз) шаруа төлейді. Сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда ең жоғары сақтандыру төлемі 38 400 000 теңгені (1 000 * 80 000 * 48%) құрайды, бұл күздік дақылдарды сақтандыру шарты бойынша сақтандыру құнының 48 пайыздық ең жоғары сомасына сәйкес келеді.
(Қосымша ақпаратты https://agrocredit.kz/ru/main/our-activities/agrostrakhovanie/ сайтынан немесе +7(701)006 12 54, +7(701)006 15 38, +7(701 )921 36 66 телефондары арқылы алуға болады екен).
Дегенмен, бүгінгі таңда Қазақстанда егіннің небары 1 пайызы ғана қуаңшылықтан сақтандырылған көрінеді. Ал, жалпы 2023 жылы Қазақстандағы жалпы егіс алқабының көлемі 23,4 млн гектарды құраған құрады.
Расында, бұл сақтандыру жүйесінің тиімді тұстары баршылық. Алайда, сақтандыру не сақтандырмау өз еркіңіздегі таңдау.