Домой Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ШЫРШАСЫНЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ШЫРШАСЫНЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ


Бүгін Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында бас шыршаның шамы жағылды. Салтанатты шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаев қатысып, тұрғындарға ақ тілектерін жеткізді.
– Құрметті түркістандықтар, санаулы күндерден кейін 2023 жыл да тарихтың қойнауына енеді. Биылғы жыл түркістандықтар үшін тарихи, жетістіктермен келген жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен қаламыз ерекше мәртебе алып, рухани астанаға айналды. Алдағы уақытта руханиятымыздың дамитыны сөзсіз. Сонымен бірге өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей басқаруымен қаламызда бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізіліп, нысандар іске қосылды. Осы атқарылып жатқан игі істердің барлығы қала тұрғындары үшін. Қаламыз өсіп-өркендей берсін. Келе жатқан 2024 жыл табысты, жеңісті, жемісті жыл болсын! Жаңа жыл құтты болсын! – деді қала әкімі.
Салтанатты шара барысында 20 бала Аяз атадан сыйлық алып, қуанышқа кенелді. Балалар үшін арнайы жаңа жылдық әндер шырқалып, ертегі кейіпкерлері ерекше көңіл күй сыйлады.
Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан бас шыршаның биіктігі 22 метрді құрайды. Бұдан бөлек, биыл шырша қаладағы рухани-мәдени орталығы аумағында және Жеңіс саябағында орналастырылады. Биыл мерекелік безендіруге қаржы бөлінген жоқ. Қолданыстағы шыршалар мен 40-тан астам маф тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын болады.
Айта кетейік, бүгін облыс орталығында ерекше балаларға арналған мерекелік жиын өтті. «Мейірімді жүрек» акциясы аясында ұйымдастырылған салтанатты шарада 120 бала ертегілер әлеміне саяхат жасап, қала әкімінің жаңа жылдық тартуын алды.