Домой Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ ОЗАТТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ ОЗАТТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ


Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында түрлі сала бойынша Түркістан өңірі ерекше үлес қосып, көш бастап келеді. Бұл жеңістердің артында еңбек адамы тұр. Осы ретте Түркістанда «Жыл үздігі-2023» салтанатты іс-шарасы өтті. Еңбегі еленген азаматтарды марапаттауға арналған салтанатты кешке облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жыл үздіктерін құттықтады.


– Баршаңызды алдымен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жыл – өткен жылға есеп беріп, жаңа жоспарлар жасайтын мереке. Бүгін осы тарихи сәтте Түркістан өңірінің әр саладағы үздіктеріне құрмет көрсетіледі. 2023 жыл еліміз үшін аса маңызды кезең болды. Жеткен жетістіктердің бәріне бірлігіміздің бекемдігі мен бейбіт өмірдің арқасында қол жеткіздік. Бүгінгі шара облыста қоғамның барлық саласы бойынша көш бастап, тәжірибе мен тыңғылықты тірлігі арқылы дара шыққан көшбасшыларға арналып отыр. Берілетін марапаттар – Сіздердің жыл бойы атқарған жұмыстарыңызға берілген лайықты баға, мәртебелі құрмет деп білемін. Толағай табыстар мен жарқын жетістіктерге жеткізген осы көрсеткіштеріміз Жаңа жылда еселене береді деп сенемін, – деген Дархан Сатыбалды жылдың үздік мекемелері мен кәсіпорындарын, сала үздіктерін марапаттады.


Жиын барысында жалпы 41 аталым бойынша үздіктер құрметке бөленді. Облыс әкімімен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен Қоғамдық кеңес төрағасы Байділдә Жылқышиев те өз саласы бойынша үздік атанғандарға марапаттарын тапсырды.
Мерекелік кешті Жанатбек Бәйтеков пен Айгерім Қалаубаева жүргізді. Сондай-ақ «Ұлытау» және «Қоңыр» тобымен қатар «Яссы» би тобы мен «Jana lep!» ұжымы өнер көрсетті.
Айта кетейік, Түркістан облысы жылды табысты аяқтап отыр. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталатын болсақ, биыл 11 айда оң өсім сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемін 3 трлн. теңгеден асты. Жыл қорытындысымен 3,8 трлн. теңгеге жеткізіп, экономиканың 4 пайыз өсімін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,3 пайызға артып, 864 млрд. теңгеге жетті.
Қайта өңдеуге үлкен назар аударылып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде 17 жоба іске қосылды. 534 жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы саласында 1 трлн. теңгеден астам қаржының өнімі өндіріліп, облыс республикада көш бастады.
Жыл басынан салаға 92 млрд. теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн. тонна өнім жиналды.