Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы саласына, оңның ішінде мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы аймақ. Тиісінше, бүгінде бұл бағытта мыңдаған кәсіпкерлер жұмыс істеп, ет-сүт өнімдерінің біраз бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Өз кезегінде Үкімет те шаруаларға қолдау көрсетіп-ақ келеді. Сондай көмектердің бірі – мал шаруашылығы саласын субсидиялау болатын. Осы орайда Түркістан облысындағы тұрғындарды мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа ережесімен таныстырмақпыз. Аталған ережені ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түрде жариялады.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі іргелі фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатындағы мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын. Атап айтсақ, оның ішінде шағын және орта шаруашылықтарға субсидиялардың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды алу рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру, субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу, сонымен бірге, субсидиялау жүйесін мемлекеттің өнеркәсіптік саясатымен өзара байланыстыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойылған. Тиісінше, елімізде аталған жұмыстармен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына ірі, орта және шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық одақтар мен қауымдастықтардың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Парламент депутаттары кірген. Өз кезегінде, мал шаруашылығының ахуалымен танысқан жұмыс тобы отырыстардың қорытындысы бойынша қолданыстағы субсидиялау жүйесінің негізгі контурларын сақтай отырып, кейбір қағидаларға нақты өзгерістер енгізуді көздейтін жаңа нұсқаны әзірледі.
Атап өтсек, мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалдырылған. Өз кезегінде, шошқаның аналық басы үшін өтемақы нормативі бұрынғы 140 мың теңгеден 1 басқа 100 мың теңгеге дейін төмендетілген. Тиісінше, бұл қазақ қоғамындағы шошқа шаруашылығына қатысты пікірталасты сәл де болса саябырсытып, дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға сенімділік сыйлайды деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, селекциялық-асылдандыру жұмысы шеңберіндегі субсидиялау да іс жүзінде өзгеріссіз қалдырылған. Дегенмен, жаңа ережеге сәйкес, селекциялық-асылдандыру жұмыстары барысында фермерлерге көбірек дербестік берілетін болады. Дәлірек айтсақ, өзгерістер күшіне енгеннен кейін фермерлер өз қалаулары бойынша асыл тұқымды мал басын көбейтудің 3 тәсілінің кез-келгенін таңдай алады. Олар: жасанды ұрықтандыру, еркін ұрықтандыру және мамандандырылған жасанды ұрықтандыру құрылымдарының қызметтерін пайдалану. Сонымен қатар, бір өндірушіге артылатын жүктеме ғылыми нормаларға сәйкес келтірілген. Яғни фермер өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты өндірушілерді бұрынғыдай, 1:25 қатынасында емес 1:20 және 1:30 арақатынасы арасында сатып ала алады.
Тағы бір айта кетерлігі – жаңа ереже бойынша жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау жүйесі жойылады. Одан бөлек, импортталған ірі қара малдың аналық басын сатып алу бағыты да алынып тасталды. Импортталған аналық мал басын сатып алумен қайталанатын және тұқымдық шығу тегіне сәйкес келу бойынша қайталанады.
Сонымен қатар, арнайы жұмыс тобы тарапынан тауарға тән субсидияларды бұрынғыдай жалпы сипаттағы трансферттер есебінен қалдыру ұсынылған. Бұл ретте, күркетауық еті мен суда жүзетін құсты субсидиялау жүйесі алынып тасталған. Өйткені, ол тауарлар азаматтарға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына жатпайды.
Ал, жұмыртқа шаруашылығы бойынша жұмыртқа үшін 3 теңге субсидия нормативімен тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау алынып тасталды. Сондай-ақ, асыл тұқымды малды импорттау кезінде Екінші деңгейдегі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару жөніндегі норма жойылатын болады.
Дегенмен, бұқашықтар мен қойларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалдырылды. Алайда, бұл ретте, малды өзінің бордақылау алаңдарына ауыстыратын шаруашылықтар үшін «орын ауыстыру» нормасы жойылады. Ал, жемшөпті субсидиялау саласындағы субсидиялардың нормативтері мен субсидия алу талаптары жалпыға ортақ төтенше жағдай туындағанда немесе ауа райының қалыптан тыс жағдайлары орын алған кезде ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде әкімдіктердің қаулысымен бекітілетін болады. Атап өтсек, субсидиялау қағидаларындағы өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін болады.
Осы ретте, аталған бұйрықтың маңызды бөліктерін назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.
Субсидияларды алу шарттары
- Субсидиялар:
ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлғаларға;
тектік әлеуеті жоғары малдың (асыл тұқымды мал шаруашылығы) өсімін молайтумен, оларды сақтаумен және өсірумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға;
ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсететін асыл тұқымдық орталықтарға, асыл тұқымды жануарлардың ұрығы мен эмбриондарын өткізу жөнiндегi дистрибьютерлік орталықтарға, ұрықтандырушы-техниктерге төленеді.
- Субсидияға өтінім беру үшін тауар өндіруші СМАЖ-да тіркелуі қажет. Тауар өндіруші өз бетінше, ЭЦҚ көмегімен тіркеледі.
- Жеке кабинетте тіркелу үшін тауар өндіруші мынадай ақпаратты көрсетеді:
1) жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер) үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН), аты, әкесінің аты (бар болса) және тегі;
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірі, толық атауы; бірінші басшының аты, әкесінің аты (бар болса), тегі және ЖСН-сы;
3) байланыс деректері (почталық мекенжайы, телефоны, электрондық почтасының мекенжайы);
4) екінші деңгейдегі банктің ағымдағы шотының деректемелері. Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде тауар өндіруші 1 (бір) жұмыс күні ішінде Жеке кабинетке енгізілген деректерді өзгертеді.
- Субсидиялар мынадай шарттар сақталған кезде төленеді:
1) «электрондық үкіметтің» веб-порталы мен СМАЖ-дың өзара іс-қимылы арқылы электрондық түрде мыналарға өтінім берілуі:
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 1-нысан бойынша ірі қара малдың (сүтті, сүтті-етті, етті және етті-сүтті бағыттағы) асыл тұқымды аналық басын, асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды (етті және етті-сүтті бағыттағы), асыл тұқымды қойларды, асыл тұқымды тұқымдық қошқарды, өнімділік бағытындағы асыл тұқымды тұқымдық айғырды, асыл тұқымды тұқымдық түйені, асыл тұқымды тұқымдық шошқаны, асыл тұқымды мегежіндерді, ешкілердің асыл тұқымды аналық басын, құстардың ет бағытындағы ата-енелік/ата-тектік нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын және асыл тұқымды құстан алынған жұмыртқа бағытындағы финалдық нысандағы тәуліктік балапанды сатып алу үшін субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 2-нысан бойынша асыл тұқымдық орталықтар, асыл тұқымды жануарлардың ұрығы мен эмбриондарын өткізу жөнiндегi дистрибьютерлік орталықтар мен ұрықтандырушы-техниктер тауар өндірушілердің және ауыл шаруашылығы кооперативтеріндегі ірі қара малдардың /қойлардың аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсеткен қызметі үшін субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 3-нысан бойынша ірі қара малдың тауарлық аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 4-нысан бойынша ірі қара малдың асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 5-нысан бойынша қойдың асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 6-нысан бойынша қойлардың тауарлық аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 7-нысан бойынша шошқалардың асыл тұқымды және тауарлық аналықтарымен және мал басын толықтыратын аналықтарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 8-нысан бойынша маралдардың (бұғылардың) аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 9-нысан бойынша балара ұяларымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 10-нысан бойынша сүтті және сүттіетті бағыттағы асыл тұқымды бұқалардың сатып алынған бір жынысты және қос жынысты ұрықтары үшін субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 11-нысан бойынша ірі қара мал мен қой эмбриондарын сатып алу құнын арзандатуға субсидиялар алуға; осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 12-нысан бойынша тауық етін өндіру құнын арзандатуға субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 13-нысан бойынша сүт (сиыр, бие, түйе) өндіру құнын арзандатуға субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 14-нысан бойынша ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің сүт өндіру құнын арзандатуға субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 15-нысан бойынша ірі қара малды союмен және етін бастапқы өңдеумен айналысатын ет өңдеу кәсіпорындары өткізген сиыр етінің құнын арзандатуға субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 16-нысан бойынша бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген ірі қара малдың еркек дарақтарының құнын арзандатуға субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 17-нысан бойынша бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген ұсақ малдың еркек дарақтарының құнын арзандатуға субсидиялар алуға;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 18-нысан бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалған шығыстардың құнын арзандатуға субсидиялар алуға;
2) ЭЦҚ пайдалана отырып, берілген өтінімді СМАЖ-ға тіркеу;
3) өтінімнің осы Қағидаларға 2-қосымшада белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігі.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын талаптардың негізгі тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) осы Қағидаларға 4-қосымшада жазылған.