Шаһар басшысы Рашит Аюпов жаңа қызметінің алғашқы аптасында бірнеше бастамалардың ұйытқысы болды. Соның ішінде Түркістан қаласының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыру арқылы туристік әлеуетін нығайтуға бағытталған алғашқы қадамдарын жасады.
Атап айтсақ, ол – Түркістан қаласының заманауи үлгідегі жаңа логотипі. Облыс орталығы Түркістанның басты белгісі өзіндік маңызы бар таңба екені даусыз. Осыған байланысты жаңаша талаптарға иек артқан логотиптің алғашқы белгісі де жұрт назарына ұсыныла бастады.


Рашид Абатұлы қала әкімдігінің инстаграм желісіндегі ресми парақшасында қаланың логотипін белгілеу бойынша пікір білдірді. Жаңа логотиптің жобасын ұсынған қала басшысы ежелгі және қазіргі заманғы миксті көрсету қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи болуы керек деген ойын білдірді.
Динара Гужавинаның авторлығымен дүниеге келген жоба (суретте көрсетілген) Ұлы Жібек жолы бойындағы қозғалысты бейнелейтін логотип қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен басқосуда лайықты бағасын алды. Бұдан әрі өз тәртібімен жұртшылық назарына ұсынылатын жаңа белгі қодау тауып, бекітілсе ол көптеген нысандарда пайда болып, қаланың бейнесін айшықтайтын символға айналмақ.