Түркістанды ұстап тұрған көк кесене… Бала күнімізден үлкендерден естіп келе жатқан өнегелі сөз. Құлаққа сіңісті болған. «Әзіреті Сұлтан» бабамыздың кесенесіне халықтың берген бағасы. Салыстырмалы түрде айтылса да бұл шындық. Қасиетті кесененің алыстан мұнартқан көк күмбезін бір көруді арман еткен адам көп әлемде. Көңілім құлазып, уайымға батсам, Ясауи бабаның мекеніне барып, тыныстап қайтам. Іштей сырласамын. Бір жылдары Арбат алаңында мрамор тақтаға «Яссауи хикметтері» қашалып жазылып, қаз-қатар тізіліп тұратын. Кесенеге бара жатқанда бір жағын, келе жатқанда екінші жағын оқып, жан-дүниеңді қопарып жіберетін хикметтерден ләззат алатынмын.
Күмәнсіз ғой бұл дүниеден барша жұрттың өтері,
Мал-мүлкіңе сенбегін, ол да қолдан кетеді.
Ата-ана, туған-туыс қайда кетті ойланшы,
Төрт аяқты ағаш ат саған да бір күн жетеді.
Бұл жолдарды бейжай оқу мүмкін бе? Қандай күйде екенімді өзім де түсінбей жанарымнан аққан жас кеудеме тоқтаусыз төгіле берді. Мрамор тақталарды жағалап ары қарай жылжи бердім. «Хикметтерді оқып жылайтын адам мұнда да бар екен ғой» — деп ту сыртымнан шыққан дауысқа жалт қарасам, қара шаңырақта тұрған кезіміздегі көршіміз Шарапат Зияйдинова апай екен.
«Осы жерге келсем жаным тыныштық табады. Қаланың азаматтарына рахмет мына хикметтерді жаздырып қойған. Сырттан келген қонақтарға Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қасиеттерін бір ауыз сөзбен түсіндіре алмаушы едік. Хикметтерді оқып бабаның жан-дүниесін терең түсініп, танығандай болдық. Ол кісіге жақындай түстік. Қаламызға келген туристер де қаншама ғибрат алады» — деген еді ол кісі де ағынан жарылып. Қаланың облыстық мәртебе алуына байланысты өзгерістер кезінде бұл тақтайшалар алынып тасталған болатын. Осыдан біршама уақыт бұрын Ясауи хикметі халықпен қайта қауышып, көрнекті жерге орнатылған сүйінші хабары туралы қарымды қаламгер Мәлік Дәулетов баспасөз бетінде, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялағаны белгілі. Ал, енді, бұл оқиғаның бүгін ойыма оралып отырғандығының өзіндік себебі бар. Жақында Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала елі» орталығында өткен «Диуани хикмет» аймақтық Ясауи хикметтерін жатқа айту байқауының ашылуында сөз сөйлеген Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев аталмыш жәдігердің қайта тұғырына қонуына тікелей мұрындық болғанын айта келіп, қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін, жалпы рухани мұрасын шашау шығармай кейінгі ұрпаққа жеткізудің тағылымдық мәніне тоқталып өткен еді. Айтса айтқандай, ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандырудың барлық жолдарын қарастыру – бүгінгі ұрпақтың, біздердің басты борышымыз.
Аудан, қалалардан жиырмаға жақын үміткер қатысып, ұлы баба хикметтерін жатқа айтқан аймақтық байқау – осының бір көрінісі. Байқауға 13-17 жас аралығындағы кіші топ, 18-21 жас аралығындағы үлкен топ болып бөлінген, жергілікті жерлерде алдын-ала іріктеуден өткен оқушылар мен студенттер қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қырық хикметінің кез келгенін жатқа айту және ұлы ғұламаның өмірі, шығармашылығы, кесене мен ондағы жәдігерлердің тарихы, тағылымдық мәні туралы қойылған сауалдарға жауап беру сияқты екі кезеңде өткізіліп, қатысушылардың білімдері, ойлау деңгейі, хикметтердегі рухани ұғымдарды қаншалықты түйсінгендігі анықталып, сараланды. Сондай-ақ, қазылар құрамы хикметтің кез келген жерінен бір қатысушыны тоқтатып, екінші қатысушының жалғастырып айтуын талап ету шартынан да сүрінбей өтуге тиіс болды. Бір қуанарлығы, осы талаптың биігінен көрінген, қырық хикметтің басым бөлігін жатқа айтқан үміткерлердің талабы, ұлы бабамыздың мұрасына қызығушылығы, білуге құштарлығы тәнті етті. Хикметтерді орындаған кездегі жүздерінен шашылған шуақ – өмірлік мәні зор хикметтердің өнегесі. Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет байқауға қатысушыларға сәттілік тілей келе, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қазақ топырағындағы ұлы ойшыл, ақын әрі ғұлама, күллі түркі дүниесінің ортақ рухани ұстазы Қ.А.Ясауи мұрасының маңыздылығын, оны келешекке жеткізу жолдарын, сол арқылы оның қазақ руханиятындағы орнын ашып көрсетуді мақсат етіп тапсырғандығын, бүгінгі байқаудың баба мұрасын тану жолындағы оң қадам екендігін айтып өтті. Байқау қорытындысында «Алғыс хаттар» мен арнайы жүлделерді салтанатты түрде табыс етті.
«Диуани хикмет» байқауына академик, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иегері Құлбек Ергөбек, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Берік Байболов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Дінтану кафедрасының аға оқытушысы, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, PhD доктор Мұхит Төлеген сынды аттарынан ат үркетін, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен білгір де әділ мамандар қазылық етті. Үш сағатқа созылған, шиеленісті, қобалжу мен толқынысқа толы байқау қорытындысында қомақты қаржылай сыйлығы бар жүлделі орындардың жеңімпаздары анықталды. Қ.А.Яссауи бабаның рухын жаңғыртып, хикметін жаттаған үміткерлердің бәріне арнайы, ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Ал, енді жеңімпаздар есімін атап өтер болсақ, үлкен топта (18-21жас) бас жүлдені ХҚТУ-нің 3-курс студенті Солихабону Хавасхонова, 1-орынды осы оқу орнының 4-курс студенті Тәуекел Алтын, 2-орында 2-курс студенті Мәулен Мұхсина және 3-орындарда аталмыш университеттің 2-курс студенті Мәулен Хасан мен ОҚМУ-дың 2-курс студенті Сейітжан Қасиет.
Кіші топта (13-17жас) бас жүлдені «Даму» мектеп-лицей интернатының 9-сынып оқушысы Есалы Аяулым жеңіп алды. 1-орында Ө.Жәнібеков атындағы №27 IT мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Өтепберген Арина, екі 2-орынды Ж.Еділбаев атындағы №18 мектептің 8-сынып оқушысы Аманай Бақдәулет пен Ататүрік атындағы №17 мектептің 8-сынып оқушысы Фархадова Диляфруз екеуі еншіледі. Кентаулық 9-сынып оқушысы Байсеитов Асқар мен Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Оңалбек Еркеназ 3-орын иегері атанды.
Жетісайлық Несібелі Исан, сайрамдық Тасболат Шапағат, Түркістан білім-инновациялық лицейінің оқушысы Тоқтасын Баймырза, түлкібастық Айнар Юнусұлы арнайы номинацияларды еншілесе, созақтық оқушы Ару Жанысбай мен сарығаштық Нұртілек Сәрсенов қатысқандары үшін ынталандыру сыйлығына ие болды. Байқау қорытындысында сөз алған қазылар алқасының төрағасы Құлбек Ергөбек оқушы жастарды жеңісімен құттықтай келіп:
«Қазылар алқасының мүшесі ретінде байқауға қатысқаныма қуанып отырмын. Өйткені, 1999-жылы мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып жүрген кезімде бұл байқауды сол кездегі кесененің директоры Темірхан Рыскелдиевпен бірге бастаған едік. Ол кезде әлі өріс ала қоймаған байқау болатын. Енді бүгін байқап отырмын, республикалық байқаулардың ешқайсысынан кем емес. Түркістан ғой, өзіміздің облыс қой деп артқа тартатын ештеңесі жоқ. Осы күйінде, осы балалармен республикалық конкурсқа айналдырса да артық емес. Осындай байқауды ұйымдастырған қалалық мәдениет бөлімінің, Мәдениет үйінің басшыларына рахмет! Біз «Ясауи хикметтерімен» бүгінгі ұрпақты ғана емес, осы жастар арқылы ұрпақтың ұрпағын, арғы ұрпақтарды да тәрбиелейміз. Ясауи хикметін жаттаған жастан ол қай кәсіптің иесі болса да, Ясауи рухындағы жақсы маман, жақсы адам шығады. Бүгінгі хикметшілердің жаманы жоқ. Талпыныстың өзі неге тұрады!? Бұл – ертеңі кеніш білім. Өз алдына ілім.
Рас, бәріңе тән (екі қыз бен бір жігіттен басқасы) бір кемшілік болды. Ол хикметті мәнерлеп оқу деген мәселе. Ол – поэзия. Біздің кезімізде калиграфический жазу, мәнерлеп оқу деген болатын еді. Мұның бәрі оқытылатын. Сендерде айып жоқ. Бұл қазір оқытылмайды. Бұл – сіздердің кемшіліктеріңіз емес, біздің, мұғалімдердің кемшілігі. Ол кемшілікті жоймасақ, онда мәнерлеп оқудың өзі мұң болады. Бүгінгі күні – ұтылыс жоқ. Бәрің де жеңімпазсыңдар. Өйткені, сендер Ясауи ілімінің дариясына бет алған балаларсыңдар! Ақ жол!» — деп аяқтады сөзін Құлбек Сәрсенұлы.
«Осындай әрбір іс-шараны өткізген сайын еңбегіміздің зая кетпегендігін байқаймыз. Бүгін де, мінекей, жүрек көзі ашылған, білімге де, ілімге де құштар қаншама жастың болашағына жол ашылды. Осы сайысқа қатысу үшін Ясауи бабамыздың хикметтерін парақтап, талаптанды, талпынды. Әрі Құлбек аға Сәрсенұлы атап өткендей, мектептерде мәнерлеп оқу бойынша білім сапасын жаңғырту қажеттігін білдік. Шынында да, хикметті мәнерлеп оқу арқылы маңызы арта түседі» — деді бізге берген сұхбатында қалалық мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Төлегенқызы Шамет.
«Диуани хикмет» аймақтық байқауына барған әрқайсымыздың жанымыз Ясауи бабамыздың нұрымен нұрланып шықты.
Роза НАРЫМБЕТОВА.