Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: ӨҢІРІМІЗДЕ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРІМІЗДЕ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысы кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру бойынша алдыңғы қатарда келеді. Айалық, «Ауыл аманаты», «Бизнес бастау» секілді ірі жобалар аясында ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы, жылыжайлар салу секілді бағыттар жоғары деңгейде дамуда. Осыған орай, облыс тұрғындарына кәсіпкерлердің құқығы мен заң талаптары бойынша жауапты мамандардың пікірін ұсынып отырмыз.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов мәлімдеуінше, жеке кәсіпкерге тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, кірістерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 300% мөлшерде айыппұл салынады. Түбіртек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Осы ретте жеке тұлғалар түбіртек бермеген немесе төлемді банк карталары мен QR-код арқылы қабылдамаған салық төлеушілеріне «Wipoon» қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады. Шағымдар анықталып расталған жағдайда, әр расталған факт бойынша жеке тұлғаның телефон нөміріне 900 бірлік түседі.

-Жеке тұлғалар өздерінің мақсаттары үшін, таныстарына мобильді аударымдарды жасап, қабылдай алады. Мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, жеке тұлғаның жеке банк шотына қатарынан үш ай iшiнде 100 және одан да көп әр түрлi тұлғалардан ақшалай қаражат түсетін болса, бұл кәсіпкерлік санат болып саналады. Бұл шаралар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді, әсіресе жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға бағытталған. Кәсіпкерлер төлемдерді арнайы бизнес шоттарына қабылдау керек. Бүгінде бақылау шараларына жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеу және кірістер бойынша толық есеп беру бақылауға алынып отыр. Жалпы камералдық бақылау салық төлеушілерге заң бұзушылықтарын өз бетінше жою мүмкіндігін беруге бағытталған. Осыған байланысты анықталған бұзушылықтар бойынша хабарлама жіберіледі. Салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келісетін болса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе табыстың декларацияланбаған сомасын қосымша декларацияға көрсетіп ұсыну тиіс. Ал егер салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келіспеген жағдайда түсініктеме жазып және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады. Одан бөлек, банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады,- деді Мейрамбек Байқадамұлы.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы декларацияның үшінші кезеңіне тоқталды. 2024 жылдан бастап 300 мыңға жуық заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 үлгідегі декларация тапсырады. Сонымен қатар, 2025 жылы қорытынды кезеңде азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық 18 жасқа толған ересек халқы тапсырады. Декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде ұсынады. Түркістан облысы тұрғындарының назарына аталған заң шеңберінде орын алатын талаптар туралы толық мәліметтерді бөлісеміз.

27-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін — заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттік тіркеу келіп тіркелуі сипатында болады және дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген орналасқан жері бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрі — тіркеу органы) дара кәсіпкер ретінде есепке қою болып табылады.
2. Мына шарттардың біреуіне сай келетін:
1) тұрақты негізде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын;
2) жеке кәсіпкерліктен Қазақстан Республикасының заңдарында жеке тұлғалар үшін белгіленген салық салынбайтын жылдық жиынтық табыстың мөлшерінен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық жиынтық табысы бар дара кәсіпкерлер міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
Осы баптың 2-1-тармағында көрсетілген тұлғаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркеусіз аталған дара кәсіпкерлердің қызметіне тыйым салынады.
2-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды:
1) төлем көзінен салық салынатын;
2) мүлік табыстарын;
3) өзге де табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.
3. Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз беріледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу үшін:
1) тіркеу органы белгілеген нысан бойынша өтінішін;
2) дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алым сомасын бюджетке төлегенін растайтын құжатын;
3) түпнұсқасы ұсыныла отырып, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
4) 3,5 х 4,5 сантиметр көлемдегі фотосуретін;
5) дара кәсіпкердің орналасқан жерін растау құжатын тіркеу органына ұсынады.
Азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке жекеменшік немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат дара кәсіпкердің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.
Егер өтініш беруші кәмелет жасына толмаса, жоғарыда аталған құжаттарға ата-анасының, асырап алушының немесе қамқоршының келісімі, ал мұндай келісу болмаса, кәмелет жасына толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы сот шешімі қоса беріледі.
Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
Осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар болған кезде тіркеу органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, құжаттарды ұсынған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуден өткізеді.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
6. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беруге өтініште көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер өзгерістер туралы осы орган белгілеген нысан бойынша тіркеу органына он жұмыс күнінің ішінде хабарлауға міндетті. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер қайта тіркеуді жүзеге асыруға және жаңа куәлік алуға міндетті.
7. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті жоғалтқан жағдайда, оның өтініші бойынша оған мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасы беріледі.
Мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін дара кәсіпкерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен алым алынады.
8. Бірлескен дара кәсіпкерлікті тіркеу кезінде өтінішті үшінші тұлғалармен және мемлекеттік органдармен қатынастарда мүдделерін білдіретін уәкілетті тұлға береді.
Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік уәкілетті тұлғаға жазылады. Куәлікке тіркеу органының басшысы куәландырған бірлескен дара кәсіпкер мүшелерінің тізімі қоса беріледі.
9.2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен алып тасталсын

28-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің банкроттығы,
оларды қайта ұйымдастыру және тарату
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі борышқордың сотқа өтініші немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өзге адамдардың сотқа өтініші негізінде сот шешімімен банкрот деп жарияланады.
Дара кәсіпкердің банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кезектілігі бөлігіндегі ерекшеліктермен заңды тұлғалар үшін белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлға болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектісін қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке кәсіпкерліктің нақты ұйымдық-құқықтық нысаны үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Дара кәсіпкердің қызметі ерікті немесе мәжбүрлеу тәртібімен, сондай-ақ осы Заңда көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Дара кәсіпкердің қызметі өзіндік кәсіпкерлік кезінде — дара кәсіпкер өз бетімен, бірлескен кәсіпкерлік кезінде — барлық қатысушылар бірлесіп қабылдаған шешім негізінде кез келген уақытта ерікті түрде тоқтатылады.
Дара кәсіпкер қызметін ерікті түрде тоқтату үшін тіркейтін органға кәсіпкерлік қызметін тоқтату туралы өтініш береді.
Бірлескен кәсіпкерлікті тоқтату туралы шешім, егер ол үшін оған қатысушылардың жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.
4. Жеке кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) ол банкрот деп танылған;
2) тіркеу кезінде жіберілген жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға байланысты дара кәсіпкерді тіркеу жарамсыз деп танылған;
3) қызметін күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;
4) ол қайтыс болды деп жарияланған;
5) ол хабар-ошарсыз кетті деп танылған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.
5. Осы бапта көзделген негіздемелерден басқа, дара кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) өзіндік кәсіпкерлік — дара кәсіпкер әрекетке қабілетсіз деп танылған, қайтыс болды деп жарияланған немесе ол қайтыс болған жағдайда;
2) отбасылық кәсіпкерлік және жай серіктестік — егер осы тармақтың 1-тармақшасында аталған мән-жайлар болуы салдарынан бірлескен кәсіпкерлік қатысушысының біреуі қалған немесе бір де бірі қалмаған жағдайда, сондай-ақ некені бұзуға байланысты мүлікті бөлу кезінде тоқтатылады.
6. Дара кәсіпкердің қызметі оның өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі.
Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығару дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркеуші органға тапсырғаннан кейін және кәсіпкерлік қызметпен байланысты салық міндеттемелерін орындағаннан кейін жүргізіледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің күші жалған кәсіпкерліктің жасалу фактісін анықтаған, заңды күшіне енген сот үкімінің немесе қаулысының не қылмыстық қудалау органының күші жойылмаған қаулысының негізінде жойылуға жатады.
7. Белгіленген жағдайларда тіркеусіз дара кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде оны тоқтату ерікті сипатта болса — нақты тоқтатылған кезден бастап, мәжбүрлеп тоқтату кезінде тиісінше соттың шешімі заңды күшіне енген кезден бастап ол тоқтатылды деп есептеледі.
8. Орындалмаған мiндеттемелерi жоқ және мемлекеттік органдар төмен немесе орташа дәрежедегі тәуекел санатына жатқызған жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен қайта ұйымдастырудың және ерiктi таратудың оңайлатылған тәртiбi белгіленеді.