Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында 11 басым бағытты атап көрсетті. Жолдауда Ел Президенті жаңа жағдайдағы экономикалық дамуға ерекше мән берген. Яғни әлемді жайлаған пандемия әлем мемлекеттерінің экономикасына кері ықпалын тигізді. Осыны ескерсек, бізге нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда, Қазақстан Президенті ел экономикасын қалыпты ұстауға және оны дамытуға нақты шараларды атап көрсетті. Бұл ретте, өндіріс өнеркәсіптерін өркендетіп, шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейту қажет.

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу екенін айтты.
«Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты келешегі зор бағыттарға басымдық беру керегін жеткізді.
«Өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президенті ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән берді. Өңіріміздің аграрлы аймақ екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар өңір үшін аса маңызды екені сөзсіз. Негізінде, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Сондықтан жыл сайын аграрлық секторда дәстүрлі қолдаулар көлемі артып келеді. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аударылатын болады. Осының барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек.

Осы тақырып аясында Түркістанда Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен еліміздегі көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болашағы, суармалы егіншілік мәселелері талқыланды. Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Сауда және интеграция министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты тұлғалары, Табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті органдардың жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ салалық қоғамдық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

– Бүгінгі жиынымыз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, оның ішінде халықты жергілікті көкөніс және жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету, көкөніс бағасын қолжетімді ету, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының шарықтауын болғызбау, суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелеріне арналады. Ең бастысы, көкөніс шаруашылығының өнімдерін өндіруден тұтынуға дейінгі толыққанды циклін қалыптастырудың, жіктеп айтқанда – өндіру, сақтау, өткізу мен өңдеудің оңтайлы жолдарып қарап, нақты шешу жолдарын ұсыну көзделіп отыр. Көшпелі отырысты Түркістан облысында өткізуге бірнеше фактор негіз болды. Біріншіден, Түркістан облысы республика бойынша жүзімнің – 76 %-ын, бақша өнімдерінің – 64 %-ын, жеміс-жидектің – 40%-ын және көкөністің 25 %-ын өндіреді. Екіншіден, республикадағы суармалы жерлердің 25 %-ы облысқа тиеселі. Сонымен қатар республика халқының 2 миллионнан астамы осы өңірде тұрады. Кеше біз облыс аумағындағы шаруашылық нысандарында болып, олардың жұмысымен таныстық. Халқымызды жергілікті көкөніс өнімдерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін шешімін таппай отырған бірқатар проблемалар бар екенін аңғардық. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – заң шығарушы, атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен шаруалар бірлесе отырып, осы проблемалардың шешу жолдары мен әдістерін талқылау, – деді Серік Егізбаев.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға, жоспарларға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеуде, өңірдің 1 миллионға жуық тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауларында ауыл шаруашылығына баса назар аударып, елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өтуде. Осы тұрғыда, Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өздеріңіз кеше танысып өткендей, мемлекет тарапынан «Ауыл аманты» жобасы аясында биылға 19,8 млрд. теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы жобаларын жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру жұмыстары басталды. Бұл ауыл тұрғындарының әл- ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты серпіліс беретіндігі сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Отырыста көкөніс саласын дамытудағы проблемалар мен тежеуші факторлар атап өтілді. Мысалы, көкөніс қоймалары көлемінің болмауы және жеткіліксіздігі, өндірісті дамытуға және кеңейтуге субсидиялар алу мәселелері, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, қайта өңдеудің төмен үлесі, өндірістің жоғары шығындары және баға мен сапа бойынша көкөніс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі қозғалды. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуі инфляцияға теріс әсер ететіні және көкөністер мен жемістердің жекелеген санаттары бойынша импорт үлесінің ұлғаюына әкелетіні атап өтілді. Ағын су тапшылығын шешудің резервтік барлық мүмкіндіктерін пайдалану, жаңа құрылыстар, тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру мәселелері де айтылды. Жиынға қатысушылардың барлық сындарлы ұсыныстары мен тілектері алдағы Үкімет сағатының ұсынымдар жобасына енгізіледі.

Айта кетейік, Түркістан облысына сапары барысында депутаттар бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарына барды. Көкөніс өсіру бойынша “Аделя” жылыжай кешені, алма және басқа да жемістерді өсіру, сақтау және өңдеу бойынша “Dala Fruit” компаниясы, сүт өнімдерін өндіру бойынша “Бөрте Милка” кешені, ірі қара мал өсіру бойынша “Nurym Group” кәсіпорны және өзге де нысандарды аралады.