Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: АУДАН АКТИВІНІҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫНДА АДАЛДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ОРТАҒА САЛЫНДЫ

ТҮРКІСТАН: АУДАН АКТИВІНІҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫНДА АДАЛДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ОРТАҒА САЛЫНДЫ

Сайрам ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай аудан активімен кездесу өткізді.

Келелі жиынға Сайрам ауданы әкім аппаратының басшысы Берік Тұрғынбеков, аудан әкімінің кеңесшісі Бақыт Хасанов, 14 дербес бөлімнің басшылары, сондай-ақ бейнеконференция арқылы 11 ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Парақорлыққа емес, парасаттылыққа бағытталған басқосуда Мирас Асқарбайұлы сөз алып, өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оның алдын алу — әрбір ел азаматтарына жүктелген ортақ міндет екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен Агенттіктің тың бастамаларына айрықша тоқталып өтті.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында әділдіктен айнымау қажеттігін және бұл ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажетті қасиет деп атап өткенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, қол астындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қаралатынын атап өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу тәртібі мен түрлерін түсіндірді.

Жиын соңында Департамент басшысының бірінші орынбасары 2019-2020 жылдары Сайрам аудандық әкімдік қызметкерлеріне қатысты анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын атап өтіп, жиынға қатысушыларды адал қызмет етуге шақырды.

Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында барлық қала/аудандардың активі мен өңір жұртшылығына ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыратын болады.