Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді.
«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек» — деді Президент.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда Сауран ауданына қарасты ауылдық округтердің тазалық жұмыстары туралы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Байжанов, көктемгі дала жұмыстарының барысы және су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев, Иассы ауылдық округі әкімінің 2024 жылға атқарылатын жұмыстары туралы ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов баяндама жасады.
Ұйымдастыру инспекторлық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Байжановтың мәлімдеуінше аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық округтердегі елді мекендердің санитарлық-тазалық жұмыстарын тексеру барысында көптеген кемшіліктер анықталған. Барлық ауылдық округтердегі тазалық жұмыстары бойынша айтылған кемшіліктері слайд арқылы суреттерімен көрсетілді. Барлық айтылған кемшіліктерді баяндай келе, оларды жоюға бір апта уақыт беруі жөнінде ұсыныс білдірді.
Көктемгі дала жұмыстарының барысы және су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың айтуынша аудан бойынша 2024 жылға 43000 гектар егістік жерді игеру жоспарланған. 2024 жылдың өнімі үшін 3661 гектар күздік бидай егілген. Ауыл әкімдерінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге 20776 гектар жер айдалған. 445 шаруа 1581,8 тонна арзандатылған дизель отынын алуға өтінім тапсырған.
Бүгінгі күнге шаруалар электронды цифрлық қолтаңба арқылы жанармай таратушы операторларды таңдау жұмыстарын жүргізуде. Аудандағы 2096 ауыл шаруашылығы техникасының 2015 көктемгі дала жұмыстарына дайын екендігін жеткізді. Сонымен бірге, «Агро бизнес», «Кең дала», «Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу» бағдарла-масы аясында 25 шаруа қожалығы 248,33 млн. теңге несие алған.
Ауданда 2839 гектар жерге су үнемдеу технологиясы жұмыс істеуде. Ол жалпы егіс көлемінің 6,4 пайызын құрайды. Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешен саласында 2024-2028 жылдарға жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жол картасына сәйкес, биылғы жылы қосымша 4839 гектар жерге су үнемдеу технологияларын орнатуға тапсырма берілгендігін атап өтті.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарын дер кезінде жоюға нақты тапсырма беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді. Осы орайда аудан тұрғындарының назарына егістік жерлерді игеруге байланысты маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз. Елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі және болашақтағы ең өзекті мәселенің бірі – халықты күнделікті тұтынатын азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ету. Өкінішке қарай әлі де шетелдің өсімдік өндірісіне (импортқа) тәуелдіміз. Мақтаулы өнімді сырттан тасуға мәжбүрміз. Осы қордаланған аса маңызды мәселелерді шешу үшін өңірдегі өсімдік және егіншілік шаруашылығын қарқынды дамыту қажет-ақ. Ал өңірдегі климат жағдайының өте құбылмалылығы, топырақ құнарының әртүрлі болуы, дақылдардың әр алуан түрін өсіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы тауар өндірісінде экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алар еді.
Қазір ауыл шаруашылығы өндірісі нарықтық қатынастарға көшу нәтижесінде аграрлық саланың тиімді даму бағыттарын анықтау қажеттілігі туындап отыр. Кез келген егіншілік саласының негізгі буыны ауыспалы егіс болып табылады. Кейінгі жылдары өңделген егістік жерлердің құрылымы ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін тиімді пайдаланудың нәтижесі көрсеткендей, өңірдің әртүрлі топырақ-климаттық аймақтарында өсетін алуан түрлі ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыруды қолдану арқылы оны одан әрі жақсартуға мүмкіндік бар екендігі байқалды.
Ауыспалы егістегі ауыл шаруашылығы дақылдарының дұрыс орналасуын пайдаланғанда ғана өңделген жерлерді жақсартуға бағытталған барлық агротехникалық шараның тиімділігі артады. Дақылдардың биологиялық қажеттіліктері толығымен қанағаттандырылады. Технологияны біркелкі ыңғайлы қолдануға қол жеткізіледі және өндіріс шығындары азаяды.
Сондықтан ауыспалы егіс жүйесі табиғи климаттық ресурстар мен өсімдіктің әлеуеттік мүмкіндігіне қарай дақылдардың биологиялық топтарын ұтымды пайдалану жолына бағытталуы керек. Бұл әсіресе әртүрлі аймақта өте маңызды. Одан қалды ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін қазіргі заманғы ресурс-қорды үнемдеу технологияларына және өнімді ауыспалы егістерге көшіру маңызды шара болып қала береді. Егістік құрылымында ағымдағы жағдай, жүргізілген талдау нәтижесі мен өңірдегі топырақ-климаттық аймақтағы деректер осыны көрсетті және оны одан әрі қарай жетілдірудің мол мүмкіндіктері бар екенін анықтады.
А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында (АШҒӨО) орналасқан ауыспалы егіс зертханасының көпжылдық стационарлық учаскесіндегі ұзақ мерзімде жүргізілген ғылыми жұмыстардан алынған деректер бойынша ауыспалы егіс танаптарында әртүрлі дақылдарды биологиялық ерекшеліктеріне қарай тиімді орналастыру арқылы өсіру шаруа қожалықтарына орасан зор пайда әкелетіндігін көрсетті.
Ұсынылатын дақылдар мен ауыспалы егіс кестелері Ақмола және басқа да облыстар жағдайында ауыспалы егістерді игеру кезінде мынадай негізгі ұсынымдарды сақтау қажет:
— ауыспалы егістегі дақылдардың кезектесуі негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары жаздық жұмсақ бидай үшін ең жақсы алғы дақылдарды таңдауды ескере отырып жүзеге асырылады;
— ауыспалы егістің пайдалану әлеуеті агротехникалық іс-шаралардың сақталуы мен орындалу сапасына байланысты
болады;
— егіс алқаптарының көлемдік құрылымын құру және қалыптастыру кезінде егістік танаптар ауыспалы егістерде бір биологиялық топтың дақылдарын алмастыруға жол береді.
Мысалы, ауыспалы егіс кестесі бойынша асбұршақ дақылы орналасуы қажет болса, оны қалыптасқан жағдайларға байланысты (әдетте қуаңшылықтың болуы) ноқат дақылымен ауыстыруға болады. Бұл жағдай бидай, арпа және т.б. дақылдар үшін де жарамды. Ең бастысы, дақылдарды өз орнына қайтып келу мерзімін қатаң сақтау қажет. Танаптарға кейбір дақылдарды келесі жылы өз орнына қайта себуге болмайтын бірқатар дақылдар (бұршақ, жасымық, майлы зығыр, күнбағыс, көктемгі рапс) бар. Сол дақылдар белгілі бір жылдардан кейін өз орнына қайтадан оралуы керек. Майлы және бұршақты дақылдар үшін бұрынғы өз орнына оралу уақыты 3-4 жыл, ал майлы зығыр және күнбағыс дақылдары өз орнына 4-5 жылда орналасуы керек. Жаздық бидай, арпа, жүгері сияқты дақылдардың өнімділігі айтарлықтай төмендемейді. Сондықтан бір танапта бірнеше жыл бойы қайта-қайта өсіруге болады.
— бұдан басқа, дақылдардың кезектесуі және оларды бұрынғы орнына қайтару ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табиғи жағдаймен, нарық конъюнктурасымен, техникалық, қаржылық мүмкіндігімен, шаруашылықтың қай салаға мамандандырылуы мен айқындалады.
— әртүрлі пар танабы түрлерін, көпжылдық шөптерді, бұршақ және біржылдық мал азығы дақылдарын жасыл балаусаға немесе сүрлемге қолданатын және ерте жиналатын өнімдерден кейін орналастыру ұсынылмайды.
— жаздық бидай көбіне ерте болатын аязға дейін пісіп үлгермейтін таулы-қыратты аудандарда орташа ерте және ерте пісетін дән сұрыптарының үлесін арттыру қажет. Немесе жаздық жұмсақ бидай дақылының үлесін азайту арқылы арпа дақылының көлемін ұлғайтуға болады.
— қысқа айналмалы дәнді дақылдардың ауыспалы егістерін ұзақ уақыт пайдаланғанда және оларды өнімді ауыспалы егістермен салыстырғанда топырақтың құнарлылығы біршама төмендейтіні байқалады және егістік жерлерді пайдалану тиімділігін төмендететінін әр уақытта есте сақтаған жөн;
— қара топырақты және қара қоңыр топырақтың рельефі бойынша жазық немесе сәл ғана толқынды танаптар ауыспалы егістің кез келген түріне (астық-парлы, майлы өнімді, отамалы дақылдарды, т.б.) пайдаланып жаратуға болады.
— су эрозиясының пайда болу қаупіне байланысты көлбеу бірлігі 0,5О-дан асатын танаптарды таза сүрі жерге қалдыру ұсынылмайды. Себебі топырақтың беткі қабаты көктемгі ағынды су мен шайылып қарашірік мөлшері біршама азаяды. Мұндай танаптар ауыспалы егіс айналымы кезінде үнемі өсімдік жамылғысының астында жабық болуы қажет.
Тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа механизміне көшудің негізгі мақсаты ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне көктемде тұқым сатып алу, уақытылы сортты ауысулар мен сорты жаңартуларын алу үшін айналым қаражатының жоқтығы мәселесін шешеді. Сондай-ақ, бөлінген бюджеттік қаражаттарды тиімді пайдалану және тұқым шаруашылығы субсидиялаудың бағдарламасымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді 100% қамтамасыз етеді.
Облыстық әкімдіктердің мәліметтері бойынша, 1 сәуірдегі көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы 91%, себу кешендерінің дайындығы 100%, тұқым сепкіштердің дайындығы 91%, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 93%.
Машина-трактор паркін жаңарту проблемаларын шешу үшін қолда бар ресурстарды (субсидиялардың тиімсіз түрлерін азайту арқылы) қайта бөлу жоспарланып отыр, бұл өндіруші елге байланусыз АШТӨ сапалы және заманауи техникаларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Осылайша, отандық және шетелдік өндірістің техникасы инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламасы шеңберінде (теңгерімнің мөлшері ауылшаруашылық техникасының құнынан 25% -ды құрайды) бірдей шарттармен субсидияланатын болады. Сонымен бірге жергілікті бюджет қаражаты есебінен субсидиялау стандарты аймақтық әкімдіктермен (35% -ға дейін) дербес түрде көбейтілуі мүмкін.
Бұдан басқа, АШТӨ үшін ауыл шаруашылығы техникасы лизингін қаржылық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, кредиторға аванстық төлем, сатып алған техникалар бойынша алғашқы жарнасы ретінде, инвестициялық субсидияны аудару мүмкіндігі қарастырылған.
Қорыта айтқанда, ауылшаруашылық өндірісі жағдайында тауар өндірушілер (фермерлер) осы аталған және басқа көрсеткіштердің барлығын ескеріп, жоғары өнім алу үшін топырақтағы қарашірінді мөлшерін сақтап қалуға күш салуы керек. Өңірдегі диқан қауымы өздерінің егістік көлемінің құрылымында маргиналды (өте жоғары табыс әкелетін өсімдіктер) дақылдарды өсіруге аса көп көңіл бөлуді қажет етеді. Осы дақылдармен қатар басқа өсімдіктердің егіншілік мәдениетін жоғары көтеру және барынша экологиялық қауіпсіз мол сапалы өнім алу ел тұтынатын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге негізгі себепкер бола алады.