Қазағым, қақтықпа, қамалма!
Ел болар қамыңды амалда!
Кетті түн, атып таң, шығып күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!
ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ.
XX ғасырдың басында алмасқан қоғамдық кұбылыстар мен жіктелеген екі дәуірдің шекарасында өмір сүріп, сол бір аласапыран заманның шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі — Жүсіпбек Аймауытов. Ол қазақ халқының отаршылдық пен ішкі ауқатты топтың екі жақты езгісіне қарсы тәуелсіздік үшін күрес идеясымен сусындап, әдеби шығармашылығын төңкеріс тұсында бастады да, оны 20-жылдары айрықша дамытып жетілдірді.
Ақын, драматург, прозашы, публицист, сыншы, аудармашы Жүсіпбек бұл кезде әдебиеттің көптеген жанрларында өнімді жұмыс істей жүріп, осы жанрлардың ұлттық әдебиетімізде орнығуына, шеберлік жағынан жетілуіне аса зор еңбек сіңірді. Қоғамдық дамудың бағыт-бағдары мен заманның қайшылықты сипаты жайлы кең толғанып жазды. Сөйтіп, ол азаттық, бостандық ұраны астында туған жаңа әдебиеттің көш бастаушыларының легінде болды.
Жүсіпбектің туып-өскен жері- қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Жазушы өзі: «Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде Дәндебай ауылында туса керек. Руы — Сүйіндік, оның ішінде Күлік. Айдабол. Сүлтанмахмұт — Айдаболдан. Екеуі сегізінші атадан косыламыз. Мәшһүр-Жүсіппен жетінші атадан қосылады» — дейді. Бұл жер бұрын Семей губерниясы, Павлодар уезі, Қызылтау болысының бірінші ауылы саналған. Қазір онда жазушы атында ауыл (бұрынғы «Қызылтау» совхозы) бар. Жүсіпбек осы жерде 1889 жылы сиыр жылында туылған.
Жүсіпбектің әкесі Аймауыт, шын аты – Оймауыт бес ағайынды болған. Дәндебайдың бәйбішесінен Аймауыт пен Иса, тоқалынан Оспан, Абайылда, Әбдраман туған. Бәйбіше балалары кедей, тоқал балалары ауқатты болған. Оның үстіне Оспан орысша оқып, фельдшер мамандығын алған, әуелде мал дәрігері, кейін тілмаш, болыс болған адам. «Исаның балалары Оспанның жылқысын бақты. Біз (Аймауыт балалары) тоқал тұқымының уақ балаларын оқытып, кебеже, шкафтарын істеп, апаларымыз алаша, бауларын тоқып, орамалдарын, жастық тыстарын кестелеп, керегіне жарадық», — дейді Жүсіпбек.
Кедейліктің, жоқшылыктың зардабын тартқан Аймауыт балаларын «мал табуға» дайындаған. Ол оқу-білім қууды, қолөнер кәсібіне үйренуді «мал табудың» негізгі жолы деп ұққан. 15 жасқа дейінгі өмірін Жүсіпбек ауыл молдасынан оқуға арнаған.
Өстіп жүргенде Баянауылда орыс мектебі ашылып, Жүсіпбек 1907 жылдан бастап сонда барып оқиды. «Оспанның Серебрянников дейтін тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жатты. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық (сельхоз) школіне барып, емтихан тапсырды. Бірақ ауыл шаруашылық метебінде ұзақ оқи алмайды. Бір айдай ауыл шаруашылық жұмысына қатысып, одан кейін екі ай ғана оқуға мүмкіндік алған Жүсіпбек мектеп режимі мен әділетсіздікке қарсы бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады.
Осыдан кейінгі біраз уақытын ол ауылда бала оқытумен өткізеді. Баяндағы мектептің үшінші класында оқуын жалғастырады. Содан 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс-қазақ мектебіне орналасады. Әуелі сол мектепте, кейін интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1919 жылы бітіреді. Семинараяда Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады, бірге оқиды.
Жасынан өлең-сөзге құмар Жүсіпбек шығармашылық жолын өлеңнен бастаған. 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде оның «Сарыарқаның сәлемі» деген өлеңі шығады. Сол жылы «Алаш» газетінде «Жазушыларға», «Отағасы», «Үршық», «Ах-ха-ха-хау» атты өлеңдері жарық кореді. 1918 жылы «Абай» журналында «Көшу», «Ұран», «Әскер марсельезасы» жарияланады. Одан кейінгі жылдары «Жәмила» (1920), «Тұңғиықтүпсіз аспанда», «Ленинге» (1924), «Қазақстанның 6 жасқа толған күніне арналған ұран-өлең» (1926) деген жырлары мен «Нұр күйі» (1929) атты поэмасы басылады.
Жүсіпбек өлеңдері жас ақынның өнерге деген алғашқы талабын, өмір сырын, оның қуанышы мен қиындығын өзінше танып бейнелеуге ұмтылысын көрсетеді. Ол ойды көркем суретке айналдыруға, лирикалық сезім күйін бейнелеп тануға тырысады. «Ұршық» өлеңінде Жүсіпбек жіп иіруге арналған осы бір халықтық аспаптың зырылдаған жүгірісін бейнелей отырып, оны иіріп отырған кеімпірдің монологы арқылы әлеуметтік мәселелерге ауысады. Кемпірдің жалғыз баласы алыста, жолда. Анасы соның аман оралуын тілейді, соған жаңа шекпен тігер жіп иіріп қоюды армандайды, бірақ кедей тұрмыс («Кәрі шешең сықсиып, толтыра алмай ұршығын, отыр жылап бүкшиіп, көзінің сүртіп былшығын») қарысып, ісі өнбейді. Кемпірдің баласының қайда екенін ашық айтпайды, бірақ:
Жеңіліп қашан жаман жау,
Мереке болар, Құдайым.
Жалғызым қайтып есен-ау, )
Қашан туар күн, айым -дегеніне қарап, солдатқа алынған болар сірә, деп ойлайсың.
Кедей семьяда туып-өсіп, жоқшылық астында үзіп-жұлып оқыған Жүсіпбектің есейген шағында білім алуы да оңайға түспеген. «Үйінен келетін көмек жоқ, өз еңбегімен күн көретін, — дейді оның бірге оқыған бір замандасы. — Қалада тұратын ауқатты адамдардың малын күтетін, қорасын тазалайтын, суын әкеліп, отын жағатын. Оған ол намыстанбайтын да, ерінбейтін де. Қолынан келмейтін өнері жоқ оқушы болды. Ағаштан түйін түйетін шебер еді десе, бір өтірігі жоқ. Біз сияқты жаз елге бармайтын. Қалада қалып қазақтың екі аяқты ағаш арбасын, киіз сүйегін (уық, кереге, шаңырақ) жасайтын, ер шабатын, домбыра жасайтын, етік тігетін. Өзі домбыра тартып ән салатын, ойынан өлең шығаратын, ол өзі шығарған өлеңді әнге косатын».
Жоқшылық қолын байлап, есейіп барып, қиыншылықпен оқыған Қартқожаның бейнесінде де Жүсіпбектің өз өмірінің көп фактылары камтылған. Жүсіпбектің шығармашылықпен әуестенуі Семейде оқып жүрген кезінен басталады. Ол кезде жас қаламгер өлендер, газетке арнап шағын мақалалар, көркем өнер үйірмелеріне бір актылы пьесалар жазумен шұғылданады. Оның Алашордашылар ісіне тілектестік білдіруі, «Абай» атты журнал шығарысып, «Сарыарқа» газетімен қызметтес болуы да семинариядағы окыған жылдарымен тұстас келеді. Осы басылымдар бетінде ол алғашқы әдеби туындыларын жариялайды.
Жүсіпбектің өз айтуынша, оның туып өскен ортасы өнерге жақын болған. Оның болашақ жазушыға әсері де мол болған түрі бар. «Ақат ағам екеуміз де әрі молда, әрі етікші, ағашшы, әрі шимайшы, әрі домбырашы, әнші болып өстік. Әкем домбыра тартушы еді. Ақатты бес жасынан алдына алып отырып, домбыра тартып үйреткен еді. Бізден үлкен домбыра тартушы еді, хат танушы еді. Бізге өлең, ән үйреткен екі апамыз еді. Қадыкеш деген үлкен апамыз өлең де шығарушы еді, ұзатылған қыз жолдастарына шығарған өлеңдерін ұрлап алып оқи беруші едік. Байы өлген катындарға шешем (Батима) жыр шығарып, үйретіп отырғаньш жас кезімде кұлағым шалушы еді», — дейді ол.
Осындай ортада Жүсіпбектің әдебиетке құмарлығы ерте оянады. Ол алғаш өлең жазуын 13 жастағы кезінен санайды. «Дұғалық жазатын кішкене кара шолак кітапшама тіленші шалға есігін ашпаған бір кемпірді, кішкене байталға мінбеймін деп әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соңғы өлең жазғаным 19-20 жастар кезі болса керек. Бір бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерім ескі дәптерімде әлі сақтаулы: Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім — 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсатардың болыс болам деп, елге бір мәсте шай апарып, елдің кулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазып едім. Бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды. 1916 жылы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым.
Жүсіпбектің творчествоға беріле жұмыс істеуі төңкерістен кейін басталады. Бұл кезде жаңа өкіметтің коғамдық қызметтеріне араласады. Семинарияны бітірген соң (1919- 1920 жылдар) Семей Губерниялық Атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» атты газеттің редакторы болып істейді. 1920 жылы Коммунистік партияның катарына кіреді (1922 жылы шығып қалған). Сол жылы күзде Қазақстан Советтерінің Құрылтай съезіне делегат боп катысып, Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады, Қазак АССР Оқу халық комиссарының орынбасары болып тағайындалады. Алайда бұл жұмыста Жүсіпбек ұзақ істемеген. 1921 жылы кезекті демалысынан кейін Орынборға кайтпай, Семей губерниялык оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруға қалады, кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып ауысады. Сол кездегі саяси жағдайдың ауырлығы Жүсіпбектің басшы қызметтер атқаруына, бір жерде тұрақтап жұмыс істеуіне мүмкіндіктер бермеген. 1922 жылдан ол мұғалімдікке ауыскан. 1922-1923 жылдары Қарқаралыда қалалық мектепте, 1923-1924 жылдары Орынборда халық ағарту институтында, 1924-1925 жылдары Ташкент халық ағарту институтында, 1925-1926 жылдары Орынбор әскери мектебінде сабақ берген. Осы жылдардың ішінде газет-журнал редакцияларында қосымша кызметтер атқарған, 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында директор болған. 1929 жылы сол кездегі Қазақстан астанасы — Қызылордаға ауысып, «Еңбекші қазақ» газетіне қызмет істеуге барған. Бірақ кешікпей жалаға ұшырап, Қызылорда қаласында мамырдың 14 күні (1929) ұсталған. «Революцияға қарсы жасырын ұйымның мүшесі» деген жалған айып тағылып, 1931 жылы 21 сәуірде ату жазасына кесілген.
Ұраным, қорғаным, сен Алаш!
Жолына кұрмалдық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару ат.
Аллалап алға бас, ал Алаш!
Нәлтаева Пернекүл Сейтбекқызы
ҚР мәдениет саласының үздігі, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі.