Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЗАҢНАН ХАБАРЫҢЫЗ БАР МА?

ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЗАҢНАН ХАБАРЫҢЫЗ БАР МА?

Қазақ елі үшін ауыл шаруашылығы саласының маңызы өте зор. Себебі, жерді жыртып, сол алқапта маңдай терін төгіп өнім алу – қазақ халқының тыныс-тіршілігінің ажырамас бір бөлігі. Оның ішінде, ауыл шаруашылығына ден қойған өңірлердің бірі де, бірегейі – Түркістан облысы екенін біз айтпасақ та білетін боларсыздар. Сондықтан, табиғаты, климаты мен жері де егіске қолайлы күнгей өлкенің әрбір тұрғыны бұл саладан бейхабар деп айта алмаспыз. Дегенмен, көптеген шаруалар кей жағдайларда өз құқығын толық білмей, соның зардабын көріп жатады. Біз осы орайда көзі қарақты оқырман назарына аталған саланы реттейтін Заңды ұсынып, өз құқықтарымен таныстырып қоюды жөн санадық.

Мақаламызды қуаттау үшін сөз басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласына қатысты ойларын тілге тиек еткеніміз дұрыс болар. Өйткені, Президент бұл саланың болашағын жарқын етуді ғана емес, бүгінгі шаруаларды шаршатып жүрген проблемаларды да көтеріп келеді. Мәселен, президент өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар күрмеулі мәселені атап өтіп, өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындауды тапсырған еді. Сонымен қатар, өнімді сату мәселесін де елеусіз қалдырмай: «Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын», – деген болатын. Оған қоса, «шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек» – деп, мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашатынын айтқан.

Ал, биылғы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін  бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет», – деп айтты.

Демек, бұл салаға бейімделудің де, аталған бағытқа қатысты Заң нормаларын білудің де маңызы өте зор. Сондықтан, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңға тоқталып, біршама түсінік алғанымыз абзал.

Аталған Заңда аграрлық азық-түлік нарығы, агрометеорологиялық мониторинг, агроөнеркәсіптік кешен, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган, агроөнеркәсіптік кешеннің ақпараттық-маркетингтік жүйесі, азық-түлік тауарлары, азық-түлік тауарларына нақты қолжетімділік, азық-түлік тауарларына экономикалық қолжетімділік, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры, азық-түлік тәуелсіздігі, ауыл шаруашылығы өнiмi, ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы санағы, ауылды оңтайлы қоныстандыру, ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкілеттік орган, ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, ғарыштық мониторинг, мелиорацияланған жерлер, мемлекеттік техникалық инспекция, сарапшылық кеңес, сервистік-дайындау орталығы, субсидиялау, тұтынудың физиологиялық нормалары, фитосанитариялық қауіпсіздік, ішкі азық-түлік ресурстары, электрондық алаң деген сынды негізгі ұғымдар қолданылады.

Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен дегеніміз – ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы өнімдерін өндіруді, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді және өткізуді, сондай-ақ тамақ өнеркәсібін, оларды қазіргі заманғы техникамен, технологиялық жабдықпен, ақшамен, ақпараттық және басқа да ресурстармен қамтамасыз ететін ілеспе өндірістер мен қызмет салаларын, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті, ғылыми қамтамасыз ету мен кадрлар даярлауды қамтитын экономика салаларының жиынтығы болса, агроөнеркәсіптік кешенде қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар агроөнеркәсіптік кешен субъектілері болып саналады.

Жалпы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады. Eгep Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

Ендігі кезекте «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Аталған Заң нормасында белігленгендей, мұндағы мақсат – ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамыту және ауыл халқын қолайлы тұрмыс жағдайларымен қамтамасыз ету; мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды тұрақты экономикалық және әлеуметтiк дамытуды қамтамасыз ету; бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнiмiн және оның қайта өңдеу өнiмдерiн өндiрудің экономикалық жағдайларын жасау және органикалық өнім өндіруді дамытуды қамтамасыз ету болып саналады.

Осы ретте, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретін деп атап өтейік. Бұл тұрғыда ҚР Үкiметiнiң құзыретiне:

агроөнеркәсіптік кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негізгi бағыттарын әзiрлеу;

азық-түлік қауіпсіздігі саласында бірыңғай мемлекеттік саясаттың жүргізілуін қамтамасыз ету;

азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу тәртібін бекіту;

мамандандырылған ұйымдарды құру және олардың қатысуымен агроөнеркәсiптiк кешендi қолдау тәртiбiн айқындау;

Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың Бас схемасына сәйкес ауылды оңтайлы қоныстандыру схемасын бекіту кіреді.

Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу ҚР заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Сондықтан, қай салада жұмыс істеп жүрсеңіз де, алдымен сол ісіңізге қатысты Ата Заңымыздың талаптарын біліп жүргеніңіз дұрыс. Ол біліміңіз сізді жайсыз жағдайлардан сақтап қана қоймай, өз құқығыңыздың тапталмауына, агроөнеркәсіп саласын дамытуға ықпал етеді.

Айта кету керек, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңмен мына (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z050000066_) сілтеме арқылы кіріп, толығымен таныса аласыз.