Түркістан облысы Жетісай ауданында жастайынан ауыл шаруашылығы
саласындағы еңбекке етене араласып жүрген жастар аз емес. Солардың бірі
— «Аботя» шаруа қожалығының басшысы Сұлтан Жолдасбаев. Аталған қожалық
2014 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып, 20 гектар алқапқа жүзім
мен алма көшеттерін отырғызған болатын. Оның 7 гектары Италияның
«Гренни-Смит», «Гала» және «Голден Дилешес» сортты алмасы болса,
13 гектары «Султанина», «Мускат-Александриский» сортты жүзімдері.
Италияндық «Витафрут» компаниясымен келісім-шарт жасасқан қожалық
мамандары көшеттерді күтіп-баптаудың қыр-сырын сол жақтан үйреніп
келген. Израиль еліне арнайы барып тәжірибе жинақтап келген шаруа
қожалық иесі Сұлтан Жолдасбаев енді өз білгендерін аудан диқандарымен
бөлісуде.
«Италияндық көшеттер отырғызылған күннен бастап
есептегенде 1 жылдан кейін-ақ өнім бере бастайды. Алма мен жүзімнен
шілденің ортасынан бастап қарашаға дейін өнім аламыз. Аудандағы баумен
айналысқысы келетін шаруа-диқандар тарапынан негізінен көшеттерді
отырғызу, оны күтіп-баптау, суғару сынды табысы мол өнімге қол жеткізу
жолындағы мақсатты жұмыстардың реті жайындағы сұрақтар көп қойылады.
Еңбек етіп, дұрыс күтіп-баптай білсек кез-келген дақыл жақсы өнім
береді» дейді «Аботя» шаруа қожалығының басшысы Сұлтан Ерболұлы.
Қожалықтың тағы бір ерекшелігі – ағын су тапшылығының алдын алу,
үнемдеу мақсатында 20 гектар жерге түгелдей тамшылатып суғару әдісін
енгізген. Алдағы уақытта шикізатты өңдеп, алма, жүзім шырынын жасап,
алма қақтарды сауда нарығына шығару жоспары бар. Қожалық алма мен көп
жылдық жүзімнен бөлек, 185 гектар жерге мақта дақылын, 200 гектарға
қауын-қарбыз егіп отыр.
Айта кетейік, жас та болса толағай
табыстарға жетіп жүрген Сұлтан Жолдасбаев жыл басында «Нұр-Сұлтан»
қаласында өткен «2019-жыл – Жастар жылының» салтанатты ашылуына Жетісай
ауданының атынан қатысып, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш
Президенті Н.Ә.Назарбаевпен жүзбе-жүз кездесіп те қайтқан.
Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан бау-бақша егудің тиімділігі, оларға
мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемі мен қолдаулар жайында,
өндірілген бау-бақша өнімдерін сақтау, сату жолдарын кеңінен түсіндіру
мақсатында да жұмыстар аз атқарылып жатқан жоқ. Өйткені,
әртараптандыруды жолға қою өз кезегінде мол табыс көзі ғана емес егістік
жердің құнарын сақтаудың да тиімді жолы.