Домой Экономика ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СЫРТҚЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ ҰЛҒАЙҒАН

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СЫРТҚЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ ҰЛҒАЙҒАН

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен жиын өтті. Мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов алғашқы жартыжылдықты қорытындылап баяндама жасады. Оның айтуынша, «көлеңкелі экономикамен» күресуде нәтижелі жұмыс бар. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айы бойынша мемлекеттік бюджет жоспары 103% орындалып, нақты 151 млрд. теңге өндірілген. Облыстың сыртқы сауда айналымы 1 млрд. 249 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 322 млн. АҚШ долларына немесе 35 пайызға ұлғайған. Жергілікті атқарушы және құзіретті органдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бюджетке қосымша анықталған ішкі резервтер есебінен жалпы 13,2 млрд. теңге өндірілді. Сондай-ақ, департамент басшысы Ә.Тілегенов қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары жүргізілсе, салық салу базасын кеңейтуге мүмкіндіктер бар екендігін нақты дәлелдермен баяндап өтті. Атап айтқанда сауда орындары мен салтанат сарайларының (тойханалар) салықты уақтылы әрі заңға сәйкес төлеуін қадағалаған жөн. Мәселен, салық төлеуден «Алатау», «Сұлтан» және басқа да салтанат сарайларынан кемшіліктер анықталып отыр. Ірі демалыс орындары да заңнан аттап өтіп, небір қулықтарға барып жатыр. Аудан, қалалар аумағында жергілікті бюджет есебінен жаңартылған немесе жаңадан тартылған газ, су желілерінің уақтылы тиісті шаруашылық субъектілерінің баланстарына өткізілмеу салдарынан да мүлік және жер салықтарын жоғалтуда. Осы және өзге де жұмыстарды баяндаған департамент басшысы заңсыздықтармен күресу бағытындағы іс-шаралар жалғасатынын айтты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салық және бюджетке түсетін басқа да төлемдердің мемлекет бюджетіне толық және уақытылы түсуі мемлекетіміздің экономикалық дамуына, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызы жоғары екенін айтты. Салықты уақтылы жинау, «көлеңкелі экономикамен» күрес жүргізу жөнінде тиісті уәкілетті және атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. — Түркістан облысы бюджетінің 80 пайызы дотация арқылы келеді. Біз дотацияны азайту мақсатында салықты уақтылы төлеуіміз керек. Кәсіпкерлер табысын жасырмай, салығын заңға сәйкес төлеп, жанашырлық танытулары тиіс. Мысалы, облыстағы 190 қонақ үйден небәрі 68 млн. теңге салық түссе, 436 кәсіпкер салықты жасырып отыр. Өңір тұрғындарының көлік салығынан қарызы 1 млрд. теңгеге жеткен. Бұл – ойланарлық жағдай. Департамент басшысы көптеген мәселерді атап өті. Олардың бәрін бақылауда ұстап, жұмысты ширатқан жөн , — деді Жансейіт Түймебаев.