Домой Дін ШЫН ЖИҺАД ӘР ЕЛДІҢ ӨЗІНДЕ ЖАСАЛАДЫ

ШЫН ЖИҺАД ӘР ЕЛДІҢ ӨЗІНДЕ ЖАСАЛАДЫ

Бүгінде жер кеңісітігінде белігілі бір шекаралар болғанымен, ақпарат кеңістігінде ешбір шек-қиыр жоқ. Кез келген адамның қалаған уақытында қалаған ақпаратын табуына барлық жағдай жасалған. Қазір қалың жұрттың көпшілігі, әсіресе, жастар көп уақытын ғаламторда, әлеуметтік желілерде өткізетіні анық. Әлеуметтік желілер адамдардың санасында жүріп-тұрудың бейнесін, алгоритмін қалыптастыруда теңдессіз құрал болып саналады. Сөз сөйлеу, ас ішу, киім кию, кино көру, музыка тыңдау, өзге де тіршіліктерді жасау барысында санасында қалыптасқан бейненің әсері бар екенін жай адам байқамай қалуы да мүмкін. Қазіргі таңда әлемде тек қана контент жасаумен, ақпарат таратумен айналысатын небір үлкен киберорталықтар пайда болғаны белгілі. Олардың соншалықты жылдамдықпен таратқан ақпараттары бір сәтте миллиондаған адамның санасына әсер етеді. Ондай орталықарда ақпараттарды жасаумен, талдаумен және таратумен арнайы шығарылған киберботтар (робот) айналысады. Олардың ғаламтор бетіндегі әрекеттерін адамның істерінен айырып-ажырату мүмкін емес. Олай болса, жаңа өсіп келе жатқан жас өспірімдерге бүгінгі ақпараттық ағымдардың әкелетін қауіп-қатері шашетектен екені айтпаса да түсінікті. Сөздер, сөйлесулер, жазулар, суреттер, бейнеөнімдер – бәрі де ашық көрсетіледі. Ешбір ақпаратты жасырып қалу мүмкін емес. Күн өткен сайын ақпарат алмасудың жаңа-жаңа жолдары шығуда. Ерекше қарқынмен дамып жатқан бұл үдерісті енді бақылап отырудың да, мүлдем тоқтатудың жолы жоқ десе, артық айтқандық емес. Ақпараттық кеңістікті не себепті «ашық» деп сипаттаймыз. Өйткені мұнда ақпараттық алмасу иесінің рұқсатынсыз да жүре береді. Мысалы, бір адам әлеуметтік желіге өзінің суретін салып қойса, оны қанша адам көргенін, бөліскенін немесе талдау нысанына алғанын білмеуі де мүмкін. Міне, осындай бақылаусыз, қадағалаусыз бір ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Әрине, бұл қоғамның әлеуметтік заңдары да ерекше болуы заңды. Ақпарат қалай таратылады, қалай, не үшін және кімдер тарапынан жинақталады деген сауалдар туындайды. Бірақ бүгін бұл сұрақтың жауабына ілуде біреулер ғана үңіліп жатады. Мысалы, «фэйсбук», «уатсап» немесе «В контакте» желілерінде жарияланған барлық ақпараттың жариялану мақсатын түсініп білу мүмкін емес. Тіпті жақсылыққа шақырғандай болып отырып, қиянатқа, қылмысқа жетелейтін топтар бар екені жасырын емес. Міне, ашық ақпараттық қоғамның осындай заңын ата-аналар немесе өзгеде тиісті органдар ескеруге тиіс. Қазір ешбір ақпаратқа шектеу қоюдың жолы жоқ Газет-журналдар, кітаптар, кітапшалар болсын, аудио, видео өнімдер болсын яки ғаламтор бетіндегі мәліметтер болсын, тоқтаусыз көбейіп, қарқынмен тарауда. Бұл ақиқатпен санаспауға болмайды. Заманың түлкі болса, тазы болып шал деп атамыз қазақ айтқандай, осы жағдайда қайтсек ұтылмаймыз деген мәселені қарауымыз керек. Ағып жатқан ақпаратқа шектеу қоя алмағанымызбен, жастардың таңдау еркіне әсер етуге болатытын да есепке алғанымыз жөн. Ол үшін әр ата-ана баласымен жеке-жеке жұмыс істеуі қажет. Баласының не көріп, не біліп, қандай ақпараттар алмасып жүргенін қатаң қадағалауға алуы тиіс. Шетел асып жатқан лаңкестердің көпшілігі осындай ақпараттық кеңістікте «тәрбиеленіп, жетілгенін» байқау қиын емес. Қазақ халқында «Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай айтады» деген сөз бар. Міне, дәл осы пікірдің дәурені бүгін туып отырғандай. Өйткені түбінде шындығы жоқ, тек ел арасына бүлік салу үшін ғана таратылатын ақпараттар бар. Ақпарат кеңістігінде адам жүрегін жаулап алудың, сөйтіп оған сөзін өткізіп билік жүргізудің арандатушы (манипуляция) жолдары бар. Мәселен, нысандағы адамды ғаламтордағы күнделікті әрекеттеріне қарай бақылауға алу, сосын оның қоршаған ортасын өзгерту, кейін түрлі ақпараттар арқылы ішкі әлеміне әсер етіп, жан дүниесін баурап алу… Діни сауаты төмен, діни көзқарасы қалыптаспаған біреуді теріс діни ағымға тарту үшін арандатудың көп жолдарының бірі, міне, осы. Бұл тек Қазақстанда емес, ғаламдық деңгейде жүріп жатқан үдеріс. Өкінішке қарай, қазіргі теріс діни идеология жүргізіп жүрген ағымдар мен топтар осындай технологияларды жетік меңгерген де, ал дәстүрлі діннің насихаттаушылары бұл жағынан әлдеқайда төмен деңгейде. Алайда психолог мамандардың айтуынша, лаңкестік актілерде құрбан болған жандар барлық уақытта лаңкестердің негізгі нысаны бола бермейді. Олар осы әрекеттерімен қоғамды үздіксіз үрей ішінде ұстау арқылы өздеріне қарсы адамдарға сес көрсетуді мақсат етеді. Басқаша айтқанда, террористік актілерде қырылып жатқан адамдар, бар болғаны, тиісті нысанға жетуі тиіс ақпараттың дәнекерлері ғана. Мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, лаңкестік әрекетті тікелей жасаушылар қоғамның әлеуметтік деңгейі мен тұрмысы төмен қабатынан (жалдамалы лаңкестер), ал оған тапсырыс берушілердің белгілі бір саяси-әлеуметтік, экономикалық күштің өкілдерінен шығып жатқаны да назар аудартады. Ешбір адам өздігінен экстремист немесе қанқұмар содыр болып кетпейді. Олар әлем билігін қолына алғысы келген белгілі бір саяси топтың ұзақ мерзімге құрылған стратегиясы бойынша «торға» түсіп, «қармаққа» ілінеді. Сөзбен сомдалған тәтті қиял мен асқақ арманның жетегінде жүріп қолына қалай қару алып қалғанын білмейтіндер көп. Аллаға емес, әлгіндей зымиян пиғылды саяси топтың жетекшілеріне құл болып жүріп, «еркіндіктің» елесіне қалай елітіп қалғандарын да сезбей қалады. Байлар тірнектеп жинаған дәулетін, күштілер қажыр-қайратын, қыз балалар өзінің тәнін, тіпті біреулер шыбын жанын осындай теріс жолға пида етіп жіберетінін де сезбей қалады. Сонымен осы процесс қалай жүреді? Қармақтың ілмегіне аят пен хадис түйреледі. Аллаға иланған мұсылман үшін қасиетті Құран мен Пайғамбар хадисінен құнды еш нәрсе жоқ. Соны жақсы білетін «арбаушылар» негізгі құрал ретінде осы екі құндылықты қолданады. Алайда ешбір аят пен хадис адам баласын қылмыс пен күнәға, адамды қойдай қыруға шақырмайтыны мәлім. Сондықтан аяттар мен хадистер саяси мүддеге қарай теріс тәпсірленіп, монтаждалып түсіндіріледі. Мысалы, «Алла жолында лайықты түрде жиһад жасаңдар» деген аят бар («Хаж» сүресі, 78-аят). Міне, бұл аятта жиһад сөзі анық айтылып тұр. Алайда «жиһад жасаңдар» деген бұйрықтың аясы, ауқымы қандай дегенде теріс пиғылдылар оның бір ғана мәнін алға тартады. Рас, «жиһадтың» — Алла жолында күресу деген мағынасы бар. Көптеген тілдерге осылай аударылып, сіңіп те кеткені шындық. Бірақ жиһадттың толық мағынасы бұл ғана емес. «Дін жолында күресу» — жиһад ұғымының кішкентай бір тармағы ғана. Бұл сөздің астарына тереңірек үңілсек, жиһад – күш-қайрат жұмсау, тырысу, тырмысу, бір істі толық жүзеге асыру үшін бүкіл мүмкіндіктерді қолдану, қал-қадірі келгенше әрекет ету, қиыншылықтарға мойымай, қарсы тұру, бір істі жасап жүріп шаршау, машақат тарту деген көптеген мәндердің жиынтығы екенін байқаймыз. Семантика ілімін терең игергендер бұл тізімді одан әрі ұзартып, тереңдетуі де мүмкін. Ал діни терминология бойынша жиһад — ислами бұйрықтарды дұрыс ұғынып, соған қарай өмір сүру, өзге адамдарды да жақсылық пен ізгілікке, тазалыққа үндеп, жамандықтан, азғындықтан, күнә мен қылмыстан тыюға тырысу, ішкі нәпсі мен сыртқы дұшпандарға қарсы күрес, Ислам өркениетінің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу, қысқаша айтқанда, жақсылықтың жайылуы үшін аянбай еңбек ету деген мағыналарды береді. Сонда жиһадтың негізгі мағынасы – Алла берген физикалық және рухани қуатты Алла жолында жұмсау болып шығады. Бұл тұрғыдан алғанда, жиһад ұғымы халықты қолына қару алып, қан төгуге, біреулердің басын кесуге, оны видеоға түсіріп халыққа таратуға, ұлты басқа қыздар күң деп санап, ал өзге қыздарды уақытша неке деген желеумен қорлап жүре беруге шақыру деген сөз емес екені анық. Бүгінгі араб елдерінде болып жатқан бассыз, хайуани істер жиһад ұғымының төңірегін де маңайлап жатқан жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, дәл осындай істер бүгінде жиһад деген қасиетті ұғымның көлеңкесінде жасалып жатыр. Біреудің басын кескеніне «Аллаһу акбар!» деп мәз болып, қуанып жүргендерді де ғаламтордан кездестіреміз. Мұның бәрі, әрине, адасқан, теріс түсініктер. Негізінде, шын жиһад әр елдің өзінде жасалады. Мысалы, араққа салынып немесе есірткіге отырып, өзін өзі тірідей өлтіріп жүрген жастардың көзін ашуға жиһад жасалуы керек. СПИД секілді жаһанды жалмап бара жатқан аурудың емін табуға, оған жастарды жібермеудің жолдарын ойлап табу – жиһад. Елімізде шайқалып жатқан шаңырақтар, ойран болып жатқан отбасылардың береке-бірлігі үшін қажыр-қайрат жұмсау да жиһад. Ата-анаңның алғысын алып, ризашылығына бөлену – жиһад. Заманауи ғылым мен техниканы терең меңгеріп, мұсылман жұртшылығының сауаты мен мәдениетін көтеруге тырысу да осы сөздің ауқымына енеді. Әлеуметтік желілер кеңінен пайдаланылады. Бүгінде ғаламды тоздырып, жер бетін мекендеген халықты аздырудың бір жолы – әлеуметтік желілер. Осы желілерде «жиһадқа» шақыратын неше алуан үндеулер жазылады. Соған кейбір эмоциясы басым адамдар имандай сеніп, солардың «улы» уағыздарын тұрақты түрде оқып, тыңдап, көре бастайды. Ондай қармаққа ілінген адамдармен арнайы жеке жұмыстар жүргізіледі. Күн сайын құлағына пиғылы теріс уағыздар құйыла береді. Ақыр соңында «солардың» айдағанына жүріп, айтқанына көнетін «бойұсынғыш» адам болып шыға келеді. Ғаламдық торды қылмыстық топтар ел ішіне бүлік салу, зорлық-зомбылыққа баулу, содырларды даярлау, ақпарат алмасы, жоспарлау, үйлестіру, т.б. мақсаттарда шебер қолданады. Қарулы жиһадқа шақыратын бір видеоның өзін миллиондаған адамдар әлеуметтік желілерден көруі мүмкін. Ютюбтағы видеолардың да әсері үлкен. Мысалы, бірнеше адам тауда ма, орманда ма жиналып отырады да сол жерден уағыз айтып, үндеу тастайды. «Біз мұнда Алланың бұйрығын орындау үшін жиналдық, Ал сендер басқа жақта жүрсіңдер. Біз білеміз сендердің жүректерің тыныш емес. Уайымдайсыңдар, қайғырасыңдар. Ал мына жаққа келіп бізге қосылсаңдар, сол уайымның бәрінен құтылып, жүректерің тынышталып, жеңілдейсіңдер. Өйткені Алланың бұйрығын орындан артық рахат жоқ» деген секілді мазмұнда ұрандар, шақырулар тасталады. Өзіндік ойы мен жеткілікті ислами білімі жоқ адамдар сондай сөздерге оңай иланып қалуы ғажап емес. Тек еркектерді ғана емес, қыз балаларды да сол жақта отырып арбау тәсілдері бар. Ғаламтор желісінде қыз балалардың қалай киім-кешектерін жинап өз еріктерімен содырларға әйел болуға жолға шыққандары көрсетілген. Ол үшін қыз балаларды алдымен ниқабқа, содан соң һижратқа, содан әрі жиһад пен өзін-өзі жаратын шейіттікке дайындайды. Қорыта айтқанда, қазіргі таңда дін үйренгісі келгендерге мұсылмандық құндылықтарды дұрыс түсіндіріп, оларға дұрыс бағыт берудің маңызы үлкен. Осы бағытты жұмыс жүргізудің өзі Алла жолындағы жиһадтың нақ өзі. Оңтүстік Қазақстан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Асылбек Әуезханұлы Ноғаев Сурет интернет желісінен алынды.