Түркістан қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы жалпы №11 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қатира Шалаевамен ұстаздық жол, қоғамдағы мұғалім беделі, оқушының әлемі туралы сыр-сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қатира Шалаева 1988 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, кейін жоғары біліктілік алған тәжірибелі ұстаз. Оқушылары Республикалық, Ұлттық зияткерлік олимпиадаларының жүлделерін иеленген үздік балалар. Қала деңгейіндегі семинарларда озат тәжірибесімен бөлісіп, үлгілі ашық сабақтарын өткізіп жүрген тәжірибелі мұғалім.
«Соңғы жылдары мұғалім беделі түсіп кеткен болатын. Көп жылдар әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын қоғамдық жиындарды өткізуге мұғалімдер тартылатын. Көше кезіп, үй аралау, тұрғындардың есебін алу, сайлау қағаздарын тарату сынды бейнеттен арылмадық. Қалаға келетін лауазымды тұлғаларды күтіп алуға күннің суығында, аптап ыстықтарда да көше бойына балаларды алып шығып шаршап жүретін де мұғалім. Әріптесіміз, «QAZBILIM» білім орталығының жетекшісі, Астана қаласында Қ.Мұхамедханов атындағы №71 мектеп директоры, танымал педагог Аятжан Ахметжанның «Қазіргі мұғалім жалтақ, ойын ашық айта алмайды, принципшіл емес. Мұғалімді әкімдіктер қол баласындай жұмсайды. Мұғалім көше кезіп жүрсе, көше сыпырып жүрсе, онда қандай бедел болмақ? Мұғалім білім берумен ғана айналысуы тиіс. Өзін озық педагог ретінде ұдайы жетілдіріп, әр сабағына зор дайындықпен барып, шығармашылық ізденіспен дәрісін өтетін болса, білім саласында ілгерілеу болады» деген болатын. Әріптесіміз бүгінгі қоғамның көрінісін тамыршыдай тап басып айтқан деп ойлаймын.
…Шүкір делік, әрине. Кейінгі кезде жағдайымыз жақсарып келеді. мәселені шешіп келеді. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заңы қабылданып мәртебеміз айқындалды. Соған сай, жалақымызды көтерді. Бұрынғыдай бей-берекет қоғамдық жұмысқа тартылып, көше аралау, әкімдіктің іс-шаралары мен саясатын насихаттау т.б. жұмыстардан арылып келеміз», -дейді ол.
–Ал, білім сапасы ше? Кәсіпкер тауар өндіріп тұтынушының сұранысын қанағаттандырады. Ал мұғалімнің өнімі – алдындағы шәкірттері емес пе? Сондықтан мұғалімнің басты көрсеткіші – оның категориясы, атағы мен марапаты да емес, меніңше дайындаған білімді шәкірттері деп ойлаймын. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? — деген сауалымызды қойған едік.
–Әлбетте, білім сапасы басты көрсеткіш. Білімді оқушыны дайындау, білім сапасын көтеру мектептің басты міндеті болуы керек. Білім негізі бастауышта қаланады. Сол себепті, бастауыш сыныпта баламен көп жұмыс істейміз. Баланың дені сау болу басты мәселе. Басқаны білмедім, бастауыш сыныпта балаға ата-ана тарапынан да қатты қадағалау қажет. Ата-ананың өзі де «жартылай мұғалім» болып екі жақты қадағалау болса игі еді. Ата-ана мен ұстаз тығыз байланыста жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Қазір мектеп бағдарламасы өте күрделі. Сондықтан да, мұғалімге артып қоймай, екі жақтан балаға көңіл бөлсек, нәтиже болады. Отыз бес жылдық ұстаздық тәжірибемде бір байқағаным: анемия анадан туған балалардың есте сақтау қабілеті, зердесі төмен болады екен. Арамызда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар аз емес. Сондай отбасының балаларында йод тапшылығы, темір тапшылығы, қан аздығы байқалып тұрады. Ол балалар тез шаршап қалады, қабылдау деңгейі де төмен болады. Бұл жағдайды жас ата-аналарға көп ескертемін: балаңыздың дені сау болсын ең бастысы деймін. Дені сау баладан қай жағынан болсын нәтиже күтуге болады. Мұнымды оң қабылдап, келісетіндері, дер кезінде дәрігерге қарататындары да, өзіңе дау айтып, қарсы шығатын ата-аналар да кездеседі», — дейді Қатира Нұрхатқызы бізбен әңгімесінде.
«Көп жылдық ұстаздық тәжірибемде баланың психологиясын, жан-дүниесін бес саусақтай біліп алдық, меңгердім деуге болады. Бір бала мақтау сүйеді, бір бала қаталдықты талап етеді, бірін тек алдарқатып қана жұмыс істей аласың. Баланың жан-дүниесі криссталдай таза, мөлдір. Бала оқыту, тәрбиелеу бір жағынан қиын да күрделі.Әрі қызық, ләззатты еңбек. Мұғалім беделі ұзақ жылдар ыждағатты жұмыспен, еңбекпен көтеріледі. Бір жағы үйдегі тәрбиеге де қатысты. «Оқы» деп тек ұстаз ғана емес, ата-ана тарапынан да «оқы, бізді ұятқа қалдырма» деп айтылып отыруы керек. Бүгінде «ет сенікі, сүйегі менікі» деген қағидамен жүретін ата-ана сирек. Керісінше, пәле іздеп, ұстазды жығып беруге әзір ата-аналар көп-ақ. Мұның да өз кезегінде мұғалім беделіне кері әсері бар».
«…Өзім Түркістандағы педагогикалық училищені бітіргенмін. Кеңес кезінде педучилище, пединституттар білікті педагог кадрларды даярлайтын. Училещеден алған білімім әлі күнге азық болып келеді. Педучилищенің берген білімі, (артық айтсам кешіріңіз), бүгінгі университеттердің берген білімінен артық деп айта аламын. Оқыту методикасын да, технологияны да жақсы меңгеріп шыққан екенбіз. Кеңес кезіндегі педучилищелер бастауыш сынып мұғалімдерін өте сапалы дайындап шығарғанын бүгінде тәжірибеден көріп, көзіміз жетіп отыр. Сондай сапалы білім ошағын бітіріп шыққаныма шүкіршілік етемін».
Иә, соңғы кезде Білім министрлігі мұғалімдердің жалақысын көтергесін, мұғалімдік мамандыққа оқуға тапсырушыларға да талапты жоғарылатты. Мұғалім болғысы келетін талапкер, грант емес, ақылы бөлімге түсуі үшін ҰБТ-дан кемі 70 балл жинауы тиіс. Жұмысқа тұруда да талапты күшейтуде. Тест тапсыру арқылы жұмысқа қабылдау жүйесін енгізді. Мектепке жұмысқа орналасуда мейлінше ашықтықты сақтауды үрдіске айналдырсақ деген ниет бар. Бұл, әрине, қуанарлық та құптарлық жайт, жақсы үрдістер.
Ұстаз деген ұлы есім. Біздің бала күнімізде ұстаз деген идеал болушы еді.Ұстаз тұлға еді. Ұстазға қарап бой түзеп, ой түзейтінбіз, сол кісілердей болсақ деп қызығатынбыз. Әрбіріміздің жүрегімізде ұстазға деген зор құрмет жатыр. Өйткені, өмірден өз орнымызды табуда, «дүние кетігіне» кірпіш болып қалануда ұстазымыздың еңбегі зор болды. Ал, бүгінгі ұстаздар туралы осыны айтуға бола ма? Осы сұрақты кейіпкерімізге де қойғанбыз.
«Мектептерде білімді, талапты, жақсы педагогтер жоқ емес. Бар. Бірақ бүгінгі мұғалімнің дені барын балаға беріп «жалықпай ұстаздық етуде» ыждағаттылық жетіспейтіндей. Ерінбей еңбектенетіні де бар ғой арасында, көпке топырақ шашқандай болмайын. Дегенмен, олардың еңбегін бағалау, мотивация жүйелі емес секілді. Бәлкім, қалыптасқан жүйеден де болар. Қарап тұрсаң, жақсы мұғалім де, төмендеу мұғалім де бір жалақыны алады, бірдей марапатталады. Кейбіреулер аса білімді болмаса да өз тірлігіне пысық келеді, жолын тауып категориясын көтеріп алып, жақсы айлық алады. Біз енді, біраз жылда зейнетке кетеміз. Болашақ жастардың қолында. Болашақта білім жүйесі өзгерсе, жетілдірілсе деймін. Жоғары, жақсы айлық баланы жақсы оқытқан ұстазға төленетін болса деймін. Ынталандыру дұрыс болса білім саласында әділ бәсекелестік болар еді. Бәсекелестік болған жерде сапа да болады деп ойлаймын», — дейді Қатира Нұрхатқызы бізбен әңгімесінде.
«Ұстаздық еткен жалықпас» , деп һәкім Абай атқанындай, отыз бес жылдан бері жас балдырғандарға әліппені танытып, білім нәрімен сусындатып келе жатқан Қатира Нұрхатқызына біз де шығармашылық табыс тілеп: «Білімді шәкірттеріңіз көп болсын!» деп сыр-сұхбатымызды тәмамдадық.
Әтіргүл ТӘШІМ.