Домой Білім ТҮРКІСТАН: ОЛ ЖАСТАРМЕН ЖАРЫСЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

ТҮРКІСТАН: ОЛ ЖАСТАРМЕН ЖАРЫСЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, 40 жылға жуық бала оқытқан, зейнеткерлікке шықса да белсенділігінен бір танбаған ұлағатты ұстаз, волонтер, хат тасушы Зарифа Тасқұлованы қазығұрттықтар  зор құрмет тұтады, есімін орынды мақтаныш етеді.

Ол 1993 жылы АҚШ-тан келген волонтерлермен бірігіп, әдіскер-мұғалім, аудармашы, үйлестіруші болып жұмыс істеді. 

– Олар «USAID» және «Counterpart Consortium» компанияларының жобаларын қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, елді шағын бизнес ашуға үйретті. Біз солардың айтқандарын тұрғындарға жеткіздік. Америкалықтар Шыршық қаласында екі жыл жұмыс істеп, халықпен тығыз байланыс орнатты. Волонтерлер ағылшын тілінен сабақ беруге мектептерге жіберілді, – дейді Зарифа Тасқұлова сол кезеңдерді еске алып.

Шыршықтағы М.Әуезов атындағы мектепте жетінші сыныпта оқып жүрген еді. Бірде ұжымшар клубына халық әртісі Роза Бағланова келіп, концерт берді. Концерт аяқталған соң дәстүрге сай, өнер иелерін саяжайда күтті. 

– Ол кезде ауыл адамдары күнұзақ жұмыста. Маған еттің қамырын жайып, үлкен кісілердің алдына  ас кіргізу бақыты бұйырды.  Сөйтіп, біртуар өнер иесінің ақ батасын алдым, – деп Зәкең жастық шағындағы естелігімен бөлісті. 

Ол Ташкент мемлекеттік шет тілдер педагогикалық институтында оқып, ағылшын және неміс тілі мұғалімі  мамандығын меңгеріп шығады.

Еңбек жолын 1981 жылы Шыршықтағы С.Көбеев атындағы мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Осы мектепте он сегіз жыл жұмыс істеп, сосын Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің шет тілі факультетінде студенттерге ағылшын тілінен дәріс берді. Осында аға оқытушы, доцент болып қызмет атқарды. Бүгінде «Шет тілін оқытудың жолдары» атты ғылыми еңбек жазып жүр.

Мұнан соң ол отбасылық жағдайымен еңбек жолын Қазығұрт ауданындағы «Болашақ» мектеп-гимназиясында жалғастырады.  

Зарифа апай 2012 жылы жекеменшік «Заңғар» оқу орталығын ашты. Мұнда оқушылардың ағылшын тілінен тереңдете білім алуына мүмкіндік жеткілікті. Бұл орталықтың атауы кейін «Өркен» оқу орталығы болып өзгертілді. Қазір мұнда 25-30 бала білім алады. Ол жас ұрпақтың жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқанын көріп, көңілі марқаяды. Көп жылғы еңбегі лайықты бағаланды. Марапаттарға ие болды. Іс-тәжірибесі аудан мектептеріне таратылды.

Зарифа апай зейнеткерлікке шықса да, өзінің сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Бүгінде аудан орталығындағы «Архимед» зияткерлік бастауыш мектебінде жұмыс істеп жүр. Ол баланың қалыптасу кезеңінде ағылшын тілін меңгеруге талаптанғанын дұрыс деп санайды. Әріптестерімен тәжірибесін бөлісіп, білгенін ортаға салады. Оқушының ой-өрісі мен дүние танымын кеңейтетін түрлі әдістерді кеңінен қолданады.  

Зарифа Тасқұлова АҚШ-тан келген волонтерлерден және Шымкенттегі педагогикалық оқу-шеберлігі орталығынан «Мұғалім-тренер» сертификатын алған. 

Бірде «Ернұр-пресс» ЖШС Қазығұрт бөлімшесінің менеджері сырқаттанып, ауруханаға түседі де ол еріктілерден газет-журнал таратуға көмек сұрапты. Сол кезде екі ерікті газет-журналдарды уақтылы иелеріне жеткізіп беріп отырды. Осыдан кейін Зарифа Тасқұлованың волонтерлікке қызығушылығы оянып, қазір үш жылдан бері қосымша хат тасушы болып еңбек етуде. Бөлімшедегі бірінші және сегізінші участоктегі 747 газет-журналды оқырмандардың қолына дер кезінде табыстайды. Тынымсыз еңбегінің арқасында бұл саланың да қыр-сырын меңгеріп алды. 

– Рас, бастапқыда едәуір қиыншылықтар болды. Көшедегі иттерден қорқып, алға басқан қадамымыз артқа кетіп жататын. Бұған сол кездегі Қазығұрт көшелеріндегі ретсіздіктер қосылып, жұмысымызға кәдімгідей қолбайлау болды. Мәселен, бір көшенің екі атауы бар. Бір беті Ахмет Жұбанов,  екінші беті Шоқан Уәлиханов көшесі деп аталады. Сол сияқты Кенен Әзірбаев көшесінде де түрлі келеңсіздіктер кездеседі. Яғни ұшы-қиыры жоқ, ұзыннан-ұзын көше. Айталық, №23 үйдің реттік саны екі рет кездеседі. Ауыл әкімінің қабылдауында болып, мән-жайды түсіндірдік. Алайда, өкінішке қарай, проблема әлі күнге дейін шешімін таппай келеді, – дейді  З.Тасқұлова. 

Жүзінен мейірім нұры төгіліп тұратын ұстаз, волонтер, хат тасушы Зарифа Қайымқызының еңбекқорлығы мен адамгершілігі көпке үлгі.                                    

Ажар БЕРМҰХАНОВА,

«Оңтүстік Қазақстан».