Домой Білім ТҮРКІСТАН: ҮЛГІЛІ ҰСТАЗДЫҢ ҰЛАҒАТЫ

ТҮРКІСТАН: ҮЛГІЛІ ҰСТАЗДЫҢ ҰЛАҒАТЫ

Ұстаз деген ұлағатты есім барлығымыз үшін қадірлі де қасиетті болып саналады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей ұстаздықтың өзіндік қиыншылықтарымен қатар көңіл қуантарлық сәттері жиі болады. Ұстаздай ұлағатты тұлға шәкіртін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, тәлім-тәрбиені қатар беріп, үлкен өмір жолына дайындай білуі қажет. Ұстаз өз саласының білгірі, сегіз қырлы, бір сырлы, құзіреттілігі мен педагогикалық шеберлігі жоғары адам болғаны абзал.

«Тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз айтқандай, ең алдымен педагог ұстаз деген атқа лайықты болу үшін білім, білік, ептілігімен қатар адмгершілігі, мәдениеті, таным-түйсігі жоғары дәрежеде болып, парасаты мен иманы күшті болғаны дұрыс. «Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт болатыны сөзсіз» демекші ұстаздың ерен еңбегі шәкірттерінің жетістіктері арқылы көрініс тауып отыратыны ақиқат. Осындай ұлағатты да өз ісіне адал, еңбекқор, өз-өзіне сенімді, жауапкершілігі мол ұстаздардың бірі Түркістан қаласы Ж.Ташенов атындағы №23 ІТ – лицей мектебінің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Ербол Жандаркулов.

Кейіпкеріміз 1989 жылы тамыз айының 14-і күні Түркістан облысы Отырар ауданында дүние есігін ашқан. 1998 жылы Түркістан қаласына қоныс аударып, Жамбыл мектебінде білім алған. Жоғары білім бойынша 2006-2010 жылдары Нұр-сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тарих» факультетінде базалық білім алса, ал 2010-2012 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білімін жалғастыра жүріп, 2010 жылдан бастап Түркістан қаласы Ж.Ташенов атындағы №23 ІТ – лицей мектебінің тарих пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Содан бері он екі жыл бойы білім саласында табан ет, маңдай терін төгіп келеді.

Әуелі тынымсыз еңбегі арқылы жеткен жетістіктеріне тоқталып өтейік. Он екі жылғы барша жетістігін тізбектеп, әрбіріне жеке-жеке тоқталар болсақ, бір кітапқа жүк болары даусыз. Сол ұшан-теңіз еңбектерін айтпағанда соңғы жылдардағы асқан асулары мен бағындырған белестерінің өзі неге татиды. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей былтырғы жылы ағайдың шәкірті республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде үшінші орыннан көрінді. Осы жылғы қыркүйек айында өткен «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» атты тамыз педагогикалық оқуларында оза шауып, жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Өнегелі ұстаз бәсекелестік жарыстарда қазылық та жасап, өзгелерге үлгі болып та жүр. Сонымен қатар, облыстық «Дарынды балаларды қолдау және анықтау» орталығы өткізген «Менің кіші Отанымның тарихы» атты облыстық сайысқа төрелік еткен.

Сондай-ақ, көптеген игі істерге бастамашы болып, кейбірін өзі бас болып ұйымдастырып жүргенінде айта кеткен жөн. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, облыстық Дарын орталығының директоры Эльмира Асқарованың қолдауымен мұғалімдер арасында арнаулы интеллектуалдық сайыс ұйымдастырды. Қорытындылай келгенде, қала мектептерінің арасында іріктеуден Хамза мектебі, ал 16 ауданнан 4 аудан іріктеліп, финалдық сайысқа жолдама алған. Сайысқа қатысқан 5 команда қатты белсенді болып, сайыс өте қызықты өткізілген. Көрермендер дән риза болып, ыстық ықыластарын да жеткізген. Нәтижесінде Мақтараал ауданы жеңімпаз атанып, жүлделі орынға ие болды. Сайысқа қатысушылардың жігерін жанып, қайратын шыңдап ынталандыру мақсатында Ербол ағай қолының ашықтығының арқасында жомарттық танытып, өз қалтасынан қаржылай сыйлық табыстады. Осылайша, бірінші орынға 70000 теңге, екінші орынға 50000 теңге, үшінші орынға 30000 теңге, «Үздік ойыншы» аталымы бойынша 20000 теңге табыстаған. Дәулеті тасыған атақты бай болмаса да өнерге, білімге, шын дарындыларға деген құрметін осылай көрсетіп-ақ жүр. Сонымен қатар, осы жылы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру – ұлттық өрлеудің ұлы күші» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға сарапшылық жасады. Еңбек еткен жылдар ішінде өзі дайындап баптаған көптеген шәкірттері додаларда топ жарып, жүлделі орындардан көрінуде. Мәселен, биыл «Алтын ұрпақ» республикалық зияткерлік олимпиадасында шәкірті Исматулла Ерболұлы топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Басқа да шәкірттері жүлдегерлер қатарынан көрінді. Келесі бір жетістік 5-9-сынып оқушылары арасындағы республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиадасынан 5-сынып оқушылары И.Ерболұлы екінші орынды, Дауленбек Нәзік бірінші орынды жеңіп алды.

Жалпы, білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіндегі оқушыларға төрелік етуге шақырту алып, Шымкент қаласы М.Тасов атындағы мамандандырылған Дарын мектеп-интернатында облысымыздың ең дарынды балаларын анықтауға үлес қосты. «Ерінбей еңбек етпегеннің, жеңіске жетпегенін көрмедім» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай Ербол Айтжанұлы алдына мақсат қоя білетін, сол мақсатына жету жолында талмай еңбектеніп, қажырлы еңбегімен биік белестерден көріне білетін, шәкірттеріне «Өмірі — өнеге, ісі — үлгі»  бола білген ұстаз.

Айжан МҰҚИЯТ.