Домой Білім ТҮРКІСТАН: КІТАП ОҚУ – ТҰЛҒА БИІГІНЕ БАСПАЛДАҚ!

ТҮРКІСТАН: КІТАП ОҚУ – ТҰЛҒА БИІГІНЕ БАСПАЛДАҚ!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі.

Мәселен, Президент Түркіс­танда өткен Ұлттық құрылтайда «Жас ұрпақтың кітапқа құштар­лығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Ба­ла­лар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тап­сыра­мын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деген болатын. Сондай-ақ Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдаған кезде де қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талабына сай, іздеп жүріп оқитын қызықты туындылар жазылуы керек екеніне айрықша назар аударды. Оқушылардың рухани дамуы үшін олардың театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтты.

Бұдан бөлек, бұған қоса Мем­лекет бас­шысының Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінде берген тапсырма­сы негізінде Оқу-ағарту министр­лігі «Оқуға құштар мектеп» рес­публикалық жобасын қолға алға­нын білеміз. Бәріне бірдей то­пырақ шашуға болмас, десек те мектептердің көбінде бұл жобаның жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Мектептер оқу бұрышын ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмаса екен дейміз. Мұғалімдер, сынып жетекшілері, ата-аналар бірлесіп, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында нақты да жүйелі жұмыс жүргізіп отырса, құба-құп. Айталық, оқырмандар конференциясы, «Мені қызықтырған кітап» тақырыбына эссе, «Кітап оқуға құштар сынып» байқауы сынды іс-шаралар өткізу жақсы дәстүрге айналса, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру анағұрлым нәтижелі болмақ.

Сондай-ақ оқушыларды елге танымал тұлғалардың оқуға деген сүйіспеншілігі туралы мәліметтер де қызықтырары анық. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатындағы мына бір сөздерін келтірейік: «Мерзімді баспасөзді үзбей оқимын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қа­тысты тапсырма беремін. Әлеу­меттік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал теле­ди­дардан жаңалықтар мен сарап­тамалық бағдарламаларды көре­мін. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнде­лік жазатыным бар. Мүмкін бола­шақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын». Осындай үлгілі үрдістерді де барынша насихаттау маңызды.

Иә, оқуды әдетке айналдырған жанның ұтары көп. Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, құндылыққа жақын болу, оған сүйіспеншілік таныту, кітапты тұрақты серік ету – адами қасиеттің бір қырына айналғаны абзал. Неге десеңіз, оқу сауаттылығы – тұлға қалыптастырудағы маңыз­ды көрсеткіштің бірі. Мек­тепте рухани-адамгер­шілік­ке, патриотизмге, ең­бек­ке баулу сияқ­ты, кітап оқу мәде­ние­тін қалып­тастыру да тәрбие жұмы­сының басым бағыттарының бірі­не айналса дейсің. Бұл мектеп оқушы­сының оқу іс-әрекетін дамы­туға, кітап мәртебесін көте­руге, кітап оқуды әдетке айнал­дыру­ға зор ықпалын тигізері хақ.

Оқу не үшін керек? Өзін-өзі жетілдіру, білімін толықтыру үшін. Оқи отырып, ондағы оқиғаны көңілге түйесің, кейіпкердің іс-әре­кетін саралайсың, жақсы жақ­тарын өнеге тұтып, жаман қылық­тарынан жиренесің. Көп оқысаң, көп білесің. Жан-жақты білімді адам түрлі тақырыптардан хабар­дар болып, пікір таластыра алады, білгенімен бөліседі. Қазақ «Бі­лімді мыңды жығады» деп бе­кер айтпаса керек. Білімі ағыл-тегіл азаматқа өзгелердің құрметі ерекше. Кітапты тек оқып қана қой­май, оның таңдаған саламызға, қызме­тімізге қатысты тұстарын көшіріп алып, алдағы жұмысыңа пайдаланып жүру де жемісін береді. Білімге ұмтылыс, оқып-үйренуге құштарлық ізсіз кетпейді. Тұрақты түрде оқитын адамның бәсі биік. Қашанда қай ортада болсын айтары бар, білімі терең, көңілге түйгені мол адамның бі­ліктілігі, бәсекеге қабілеттілігі ба­сым болады.

Сөзімізді ұлт өнерінің саң­лағы Серке Қожамқұловтың «Кі­тап – өмір ұстазы. Сондықтан жас­тар кітап оқуды күнделікті әдет қылуға тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген сөзімен түйіндегіміз келеді.

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру саласының құрметті қызметкері