Түркістан облысы білім беру саласындағы тың өзгерістер мен маңызды бастамалардың орталығына айналып келеді. Жаңа мектептердің құрылысы, заманауи технологияларды оқу процесіне енгізу және мұғалімдердің біліктілігін арттыру – аймақтағы білім сапасын жақсартуға бағытталған негізгі қадамдар. Бұдан өзге аймақтың қандай жаңалықтары бар?
Бақытжан Төлімбет — ҚР Президентінің «Болашақ» бағдарламасының UCL түлегі. Білім басқармасындағы директорлық қызметінен бөлек, жастар үшін жаңа жобаларға қолдау білдіріп, жарқын болашақтың жанашырына айналған жан. Ол облыстағы білім саласына қатысты маңызды жайттар жайлы баяндап берді.
— Бақытжан Нұрмаханбетұлы, қазір мұғалімдер арасында қызығушылық танытып, кең таралып отырған ерекше KitapХАН кітап оқыту әдісі жайлы айта кетсеңіз. Бұл қандай жоба?
— Президенттің Ұлттық Құрылтайда жариялаған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» және «Балалар кітапханасы» ұлттық бағдарламасы аясында Түркістан облысында педагогтар мен оқушыларға арналған KitapХАН әдісі қолданылып, кітап оқу мәдениеті кең тарап, бұқаралық сипат алып келеді. Әр мектепті оқуға жұмылдыра отырып, сыни және креативті ойлануды дамыту, күнделікті оқу дағдысын әдеттендіру, оқуға құштар ұлт жасауға қадам қалыптастыруға зор серпін береді.
Әдіс бес бағыттан тұрады.
- Бастауыш сынып оқушылары
- Жоғары сынып оқушылары
- Педагогтар мен тәрбиешілер
- Білім беру ұйымдарының басшылары
- Ата-аналар бағыты
Сонымен қатар, оқушының оқу сауаттылығы бағаланатын PISA, PIRLS сияқты халықаралық зерттеулерде жоғары нәтиже көрсетуге де аталған әдістің тікелей ықпалы болатыны айтады сарапшылар. Ал, математика, биология сияқты жаратылыстану пәндерінде қиналмай түсініп оқуына жанама эффектісі де болары анық.
2021 жылдан бері осы әдіске облыста жалпы саны шамамен 10 мыңға жуық педагог пен оқушылар жұмылдырылды.
KitapХАН атауы туралы айтар болсам, кітап оқудағы бірінші адам, кітаптың Ханы, лидері деген ойға саяды. Мысалы, ағылшындар «big reader», «book lover» деп жатады. Сол сияқты кітап оқуды да сәнге, бұқаралық мәнге айналдыра отырып, нағыз KitapХАНдарды анықтау, дәріптеу. Оған қоса, кітапхана сөзімен де ассоцияциаланады.
KitapХАН кітап оқыту әдісі Әділет министрлігінде тіркелген, енді Оқу-ағарту минситрлігінің №514 бұйрығына енгізіліп, басқа облыстарға тәжірибе таратылып, республикадағы әріптестерімізде де қатысу мүмкіндігі болады.
— Ауыл мен қала білімін қалай бағалар едіңіз?
— Ауыл мен қаладағы білім беру ұйымдарының білім сапасы айырмашылығын болдырмау жұмыстары облыстың жұмыс күн тәртібінен түскен емес. Себебі, облыстағы 1000 жуық мектептің 80% ауылда.
Осы мақсатта «Ауыл мектебін сапалы басқару» жобасы апробациядан өтіп, биыл Сауран ауданының бастауыш сыныптары толықтай «бір пәнге – бір мұғалім» бағытымен оқытылып жатыр. Ол дегеніміз – бастауышта әдеттегідей барлық пәннен бір мұғалім сабақ бермейді. Жоғары сыныптардағыдай әр пен бойынша жеке-жеке мұғалім сабақ өтетін болады. Мәселен, 3А, 3Ә, 3Б, 3Г параллель сыныптарға математикадан бір мұғалім ғана сабақ береді. Осы сияқты қазақ тілі, дүниетану, басқа да пәндерден әр пән мұғалімі сабақ өтеді. Облыстың білім сапасына оң ықпал беріп, жақсы нәтижеге жеткізеді деп сенеміз.
Ауыл білімі дегенде мысалы, Шардараның құмы мен Созақтың түкпіріндегі алаңсыз қазақ балалары көз алдыңа келеді. Баланың киім киісінде, тұтынатын заттарында, ата-анасының дүниесінде айырмашылықтардың болуы түсінікті, әрине. Ол экономикалық- әлеуметтік саланың сұрағы. Ал, білімде жүрген біздің әріптестердің міндеті сол ауыл мен қала баласының біліміндегі теңсіздікке жол бермеу! Ешқандай сылтау жарамайды. Дүниесінде айырмашылық болса да, білім алуында тең болуы аса маңызды. Сонда ғана баланың көзіне тіке қарауға болады. Оқу-білім арқылы даңғыл жолға салып, үлкен өмірінде жарқын болашағын қамтамасыз ету облыстағы басшылықтың да, ауылдағы педагогтың да үнемі назарында тұрады.
Оған қоса, өңірде білім сапасын жақсартуды мақсат тұтқан «Фараб» геометриялық олимпиадасы, «Академиялық адалдық марафоны», «Жас көшбасшы директорлар ассоциациясы», «Өскенде кім боласың?!» кәсіби бағдар беру жобасы, «Үздік ІТ Ұстаз» цифрлы сауаттылық бағдарламасы, «Intellectum DD2» директорлар дебаты, «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылуы сапасын арттыру» бағдарламасы және «Ыбырай» оқу-ағарту журналы тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
— Сіз «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алдыңыз. Елге келген соң осы халықаралық тәжірибеңізге сүйеніп, шетелмен білім байланысын орната алдыңыз ба?
— Түркістан облысының әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, білім көкжиегін кеңейту бағытында халықаралық байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылды. Былтыр өңірдің 15 әдіскері Lesson study әдәсін терең меңгеру мақсатында Жапония елінде тәжірибе жинақтап қайтты. Қазір 17 ауданнан 2 мектептен алынып, осы әдісті қолдану жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, өткен айда 12 педагог Сингапур мен Малайзияда оқу семинарынан келді. Осы сапарда облыстың көп балалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларына Малайзияда тегін оқу, яғни грант бөлуіне келісімнің алғышарты жасалды.
Англиядағы өзім оқыған Лондон университетімен және Жапониядағы эксперт Тошия Чичибумен тұрақты байланыс орнатылған. Облыс педагогтарының республика және халықаралық деңгейде тәжірибе арттыру жұмыстары жалғасын табады. Қазір әкім тапсырмасымен әр аудан орталығынан ағылшын тілі клубын жасақтау жоспарланды.
— Түркістан облысында мектептерді цифрландыру деңгейі қандай?
— Облыста 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған.
Атап айтсақ, 585 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 мбит/с аралығындағы интернет желісімен қамтылған. Аталған мектептер Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында интернет желісіне және жергілікті желі жылдамдығына ұсынылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы» 2023 жылдың 17 сәуірдегі бекітілген 153/нқ бұйрығына сәйкес жеткілікті деңгейде интернет желісіне қосылған. Осыған байланысты бұл мектептерде интернет желісін жоғарылатуды қажет етпейді.
330 мектеп «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет желісіне қосылды.
Сонымен қатар, Қазығұрт аудандық білім бөліміне қарасты Сырлысай елді мекенінде орналасқан №2 жалпы білім беретін мектепте интернет желісі жоқ. Мектепті Старлинг желісіне қосу үшін, техникалық құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
— «Цифрлық мұғалім» немесе басқа қолжетімді бағдарламалар қалай жүзеге асырылып жатыр?
— Түркістан облысы бойынша цифрлық ұстаз жобасына жалпы 250 мектептен 1067 оқушы қосымша сабақ өтіп жатыр. Оның ішінде: алгебра 691, геометрия 17, химия 285, физика 310, биология 311, қазақстан тарихы 397.
18 қыркүйек күні ZOOM-платформасы арқылы қосымша сабақ өтетін педагогтерге «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру тақырыбында семинар-кеңес жұмыстары жүргізілді. Семинар-кеңеске 200-ге жуық пән мұғалімдері мен ауданның цифрлы ұстазға жауапты координаторлары қатысты. Семинар-кеңесте қойылған сұрақтарға жауап беріліп, әдістемелік көмек көрсетілді. «Цифрлық ұстаз» жобасына жауапты облыстың, аудан/қала әдіскерлердің тізімі бекітіліп, қосымша сабақ беретін пән мұғалімдерінің де тізімі анықталды.
Қосымша сабақ беретін пән мұғалімдеріне ZOOM-платформасы арқылы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Мектептерде қосымша сабақ кестесі түзілген. Кестеге сәйкес аптасына 2 пәннен онлайн сабақ, айына 1 рет мектепте (оффлайн) сабақ өтілуде. Сабақ кестесіне сәйкес сабақтар өтуде.
2023 жылы желтоқсанда облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен Оқу – ағарту министрі Ғ.Бейсенбаевтің төрағалығымен өткен алқа жиында облыстың мектеп директорларын «Педагогикалық менеджмент» курсынан толық өткізу келісілген болатын. Дәл бір жыл ішінде осы тапсырма сәтті орындалып, республикада бірінші болып Түркістан облысының 762 мектеп директоры көшбасшылық курсынан толық өтті.
— Сабақ беру үлкен жүрек пен қабілетті талап етеді. Осы білім беруді, сабақ процесінің маңызын екі ауыз сөзбен қалай түсіндіруге болады?
— Екі ауыз сөзбен дейсіз бе? Үлкен сұрақ. Мен өзім мұғалім мен дәрігерді көп салыстырамын. Осы нұсқада түсіндіріп көрейін. Сабақ беру де операция сияқты. Мәселен, түрлі дәрігерлер күнделікті жұмысында 20 минуттық, бір сағат немесе сегіз сағаттық және одан да көп күрделі операциялар жасайды. Офтальмолог, ЛОР хирургтардың оперцациясы 25-50 минутқа, ал, күрделі трансплантация операциялары 8-10 сағатқа созылып жататыны белгілі. Дәл осы сияқты, мұғалімдер де күніне 2-4 сағаттан, айына 4-20 сағат (орташа жүктеме 16 сағ) сабақ өтеді. Яғни, операция жасайды. Дәрігер пациенттің көрінетін дене мүшелеріне, ал педагог баланың ойлану, ойлау, моралдық даму, тұлғалық қалыптасу секілді көрінбейтін «денесіне» операция жасап жатқанын сезе ме екен?!
Сабақ процесі педагогқа да, балаға да аса маңызды уақыт.
— «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы қабылданғалы 3 жыл өтті. Осы үш жылда Түркістан облысында жобаның қандай міндеттері қамтылды?
— Түркістан облысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында үш жылда келесі міндеттер қамтылды:
Мектептерді жаңғырту: Заманауи білім беру талаптарына сәйкес келетін жаңа мектептер мен кабинеттер салу, олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру: Педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында түрлі оқыту бағдарламалары мен семинарлар ұйымдастыру, мұғалімдерді жаңа әдістер мен технологияларды қолдануға үйрету.
Оқушылардың білім сапасын жақсарту: Оқу бағдарламаларын жетілдіру, цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті арттыру және оқушылардың оқу нәтижелерін жүйелі түрде мониторинг жасау.
Цифрлық сауаттылықты арттыру: Мектептерде IT құзыреттіліктерін дамытуға арналған бағдарламалар енгізу, оқушылар мен мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру.
Инклюзивті білім беруді дамыту: Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы білім беру ортасын құру, олардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Ата-аналармен жұмыс: Ата-аналарды балалардың оқу процесіне белсенді қатыстыру, олардың білім беру сапасын арттыруда маңызды рөлін насихаттау.
Оқушылардың жалпы дамуы: Оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған қосымша іс-шаралар мен клубтар ұйымдастыру.
— Әлеуметтік осал отбасылардың балаларына қандай көмек түрлері көрсетіледі?
Әлеуметтік осал топтың балаларына берілетін жалпы көмек түрлері
1. Жалпыға міндетті білім қорынан: «Мектепке жол» акция кезінде мектеп формасына мен оқуға қажетті құралдарға қажетті қаржымен қамтамасыз етіледі;
- бір мезгілдік тегін ыстық тамақпен қамтылады;
- жаз айларында демалыс лагерлеріне жолдама беріледі.
2. Президент және әкім шыршасында бағалы сыйлықтар беріледі.
3. Демеушілер есебінен:
- киім-кешектер;
- оқу құралдары;
- азық-түлік;
- экскурсиялар;
- театрларға тегін билеттер т.б. беріледі.
— Сұхбатыңызға рақмет!