Домой Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ МЕН ӨНЕР БИІГІНДЕГІ ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҰЛҒАЛАР

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ МЕН ӨНЕР БИІГІНДЕГІ ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҰЛҒАЛАР

Түркістан – тарих пен мәдениеттің қайнаған ортасы, көне мен жаңаның үйлесім тапқан мекені. Қай уақытта да рухани шаһардың жаны жомарт, еңбегі елеулі азаматтары туған елдің қамын ойлап, Отанға адал қызмет етіп келеді. Бүгінде олардың еңбектері ел назарында, халқымыздың алғысына бөленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен лайықты марапаттарға ие болды. Бұл марапаттар – қажырлы еңбектің, адал қызметтің, ұлт мүддесі үшін аянбай тер төгудің символы. Мемлекеттік және қоғамдық қызметте танылған әрбір түркістандық маман өз ісіне деген адалдығымен, тапқырлығымен, еңбекқорлығымен елге сыйлы болып, қоғамның рухани тірегіне айналды. Олар – Түркістанның асқақ болашағына жол салған, оны ілгерілетуге үлес қосқан, жаңа жетістіктерге жетелеген тұлғалар. Ендеше, осы мақтаныш иелерінің өмірбаянына көз жүгіртіп, еңбектерімен таныс болайық.

ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК: ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНА ЖОЛ САЛҒАН ҚАЙРАТКЕР

Құлбек Ергөбек – қазақ әдебиеті мен руханият әлеміне ерекше еңбегімен танылған көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол рухани құндылықтарға мән беріп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өмірінің көп бөлігін арнады. Ұлт қайраткерінің өлшеусіз еңбегі бағаланып, Республика күні қарсаңында Мемлекеттік наградамен марапатталған болатын. Рухани шаһар төрінде абыройлы қызмет етіп, қазақ руханиятына елеулі үлес қосқан қайраткердің еңбегі көпке үлгі. Ол Қазақ Мемлекеттік университетін 1975 жылы тәмамдаған сәттен бастап, қазіргі таңда әдебиет сыны саласында жемісті еңбек етіп келеді. Құлбек Ергөбектің әдебиетке, рухани дамуға қосқан үлесі оны тек қазақ оқырмандары үшін ғана емес, жалпы түркі әлемі үшін де танымал тұлғаға айналдырды. Оның зерттеу еңбектері мен жазған мақалалары – әдебиетке жаңаша көзқарас беретін, ғылыми тұрғыда маңызды құнды шығармалар. Ол өз ісіне деген шынайы адалдығы мен қажырлы еңбегінің арқасында қазақ әдеби сынына жаңа серпін беріп, жас ұрпаққа бағыт-бағдар көрсетті. Құлбек Ергөбек қазақ руханиятының, әдебиетінің жанашыры ғана емес, оның жаршысы да болып келеді. Ұрпақ жадында сақталатын бұл еңбектері ғалымның қазақ әдебиетіне, руханиятына қосқан ұшан-теңіз үлесін айқындап, кейінгі буынға мәңгілік өнеге болары сөзсіз. Түркістан жұрты артында осынша із қалдырып үлгерген ұлт қайраткерін қашанда мақтан тұтатыны сөзсіз.

ҰЛЖАЛҒАС МҰСТАФАЕВА: ӨНЕРГЕ, МӘДЕНИЕТКЕ, ТҮРКІСТАНҒА АДАЛ ЖАН

Түркістан қаласының рухани өмірінде елеулі із қалдырған азаматтар аз емес, алайда, олардың арасында мәдениет саласының ардагері, күні кеше ғана, «Құрмет» орденімен марапатталған Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаеваның орны бөлек. Әрбір қадамы туған елінің мәдени дамуына үлес қосу жолында жасалған Ұлжалғас Әбенқызы бүгінде қалалық әйелдер алқасының төрайымы, Түркістанның «Құрметті азаматы». Оның өнер мен мәдениетке деген ерекше ықыласы, жанкешті еңбегі ел құрметіне бөленіп, ұлт рухани-ятының биіктеуіне зор үлес бо-лып қосылды. Өмір жолын өнер-ге арнаған Ұлжалғас Әбенқызы-ның шығармашылық белесі сонау 1973 жылы Шымкент қаласын-дағы Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтында білім алу кезінен басталған. Молдавиядағы концерттерде, «Достық», «Первокурсник» ансамблдерінің сахналарында жарқыраған оның таланты шекара асып, кеңінен танылды.

Тұрмыс құрғаннан кейін Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы мәдениет үйін басқарған Ұлжалғас Әбенқызы өнердің қайнаған ортасында жүрумен қатар Мәскеу сахналарында, одан әрі Португалия, Африка, Ирландия, Канада елдерінде өнер көрсетті. Одан кейін, Түркістанға қайта оралып, мәдениеттің отын лаулатқан Ұлжалғас Әбенқызы 1980 жылы қала жастарының басын қосып, «Яссы» фольклорлық ансамблін құрды. Оның 39 жыл өмірі Есім хан алаңында өткен. Мыңға жуық бишіні дайындап, әрқайсысының бойына өнерге деген махаббатты сіңіре білді. Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық кол-леджде 20 жыл қызмет атқарып, «Ритмика» пәнін енгізіп, шәкірттеріне хореографияның қыр-сырын үйретті. Еңбегінің нәтижесінде «Би падишасы» атанып, көптеген марапаттарға ие болды. Бүгінгі күні Түркістанның өнері мен мәдениетінде көрініс тапқан әрбір жетістік – Ұлжалғас Әбенқызының жылдар бойы жасаған қажырлы еңбегінің жемісі. Ол өнерге адал, халқына сүйіспеншілікпен қызмет етудің үлгісі, түркістандықтар мақтан тұтар мәдениет қайраткері болып қала бермек.

ИНДИРА ИКАПОВА: ТҮРКІСТАН БІЛІМІНІҢ БИІК БЕЛЕСТЕРІН БАҒЫНДЫРҒАН БАСШЫ

Түркістаннан тағы да «Ерлігі үшін» медалімен Икапова Индира Сарқытқызы марапатталды. Ол қазіргі таңда, Түркістан қаласындағы білім мен тәрбие ісінің жүрегі «Оқушылар сарайының» директоры. Алматы облысында дүниеге келіп, бүгінгі таңда Түркістанның рухани орталығында қызмет етіп жүрген Индира Сарқытқызы өз еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, білім саласындағы басшылық деңгейге дейін көтерілді. Ол білім беру саласында өзіндік қолтаңба қалдырған, заманауи жаңашылдықтарды енгізуге ұмтылған, кәсіби шеберлігі жоғары педагог ретінде танылды. Әрбір жетістігі – білімге, жас ұрпаққа деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Индира Сарқытқызының марапаттары мен жетістіктері ұстаздың еңбегінің бағаланғанының айқын айғағы. 2024 жылы қосымша білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Балалық шақ досы» ҚРОАМРҚББОӘБ медалімен марапатталған. Оған қоса, «Жоғары кәсібилігі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Еңбегі жанған арулар», «Гауһар ана», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгілері де оның кәсіби шеберлігі мен еңбегінің құрметке лайық екендігін дәлелдейді. Түркістан өңірінде білім мен ғылымның дамуына ерекше үлес қосқан Индира Сарқытқызы Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясының «Отандық білімнің алтын қоры» бағдарламасы бойынша «Білім берудегі озық жұмысы» үшін алтын төсбелгісіне ие болған. Бұл марапат оның ұлттық деңгейдегі білім жетістіктерінің айғағы, еңбекқорлығы мен жаңашылдығының тағы бір көрсеткіші. Сонымен қатар, ол Түркістан өңірінде UniSat HUB-тың ашылуына себепкер болып, жас жеткіншектердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру жолында үлкен еңбек сіңірді. Осы қажырлы еңбегі үшін Халықаралық ғалымдар қауымдастығының «Халықтық білім беру саласына еңбек сіңірген қызметкер» ресейлік білім дәрежесінің иегері атанды. Индира Сарқытқызының жетістіктері – тек жеке жеңіс емес, бүкіл Түркістан өңірінің білім беру саласына қосылған үлкен үлес. Кешегі Президент Жарлығымен тағайындалған марапат та оның еңбегіне берілген әділ баға.

БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ: БІЛІМ МЕН МӘДЕНИЕТТЕ ЕРЕКШЕ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛҒАН ТҰЛҒА

«Ерлігі үшін» медалімен тағы да Түркістанға еңбегі сіңген ерекше тұлға Бекжігіт Сердәлі марапатталды. Ол Қазақстанның мәдениеті мен ғылымына сүбелі үлес қосып жүрген көпқырлы талант иесі. Түркістан мен Кентау қалаларының құрметті азаматы атанған Бекжігіт Сердәлі өз ісіне шынайы берілген қайраткер ретінде халық сүйіспеншілігіне ие. Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы ретінде танылған ол 2010 жылы еліміздің үздік оқытушысы атанды. Сонымен бірге, халықаралық ақпараттандыру академиясының, аймақтық менеджмент академиясының академигі, Ресей жаратылыстану академиясының және халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі болып табылады. Оның ғылыми дәрежелері мен атақтары ғылыми және педагогикалық қызметтегі адалдығы мен ізденісін айқындайды. Ғылымда да, өнерде де өз қолтаңбасын қалдырған Бекжігіт Сердәлі 100-ден астам ғылыми мақала мен 20-дан астам оқу құралының авторы. Оның еңбектері жас ғалымдарға үлгі болса, шығармалары мәдениет саласына жаңашылдық пен дәстүрді үйлестіре қосқан. Бекжігіт Сердәлінің композиторлық туындылары да халық арасында кеңінен танымал. Бекжігіт Сердәлі – өз заманында білім, ғылым, өнер және мәдениет саласында ерекше еңбегімен танылған тұлға. Оның өмірлік жолы, жан-жақты шығармашылығы мен еңбектері кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Қазақстанның әлеуметтік-мәдени, ғылыми және білім беру салаларына айрықша үлес қосып, өз ісінің үздігі атанған азаматтарды марапаттау – қоғамға қызмет етудің жоғары бағаланатындығының айқын көрінісі. Құлбек Ергөбек, Ұлжалғас Әбенқызы, Индира Сарқытқызы, Бекжігіт Кенжебекұлы сынды еліміздің белді тұлғалары еңбегімен елге танылып, ұрпаққа өнеге боларлық жол салды. Олардың әрқайсысы өз саласында ғана емес, жалпы қоғамның дамуына үлес қосты, руханият пен білімді, өнер мен мәдениетті бір арнада тоғыстыра білді. Біз үшін бұл марапат иелерінің әрқайсысы – ерлік пен рухтың, ізгілік пен табандылықтың үлгісі. Өзінің өмір жолында талмай еңбек етіп, қоғамға қызмет етуді өз міндеті деп білген түркістандықтар енді алғы шепте. Бұл марапаттар олардың ерең еңбектерінің жемісі мен адалдықтың айқын көрінісі. Түркістанда туған әрбір азамат өз елінің мақтанышы болуға лайықты, ал бұл марапаттар сол лайықты еңбектің құрметі екені сөзсіз.

Ғалия БИСЕЙІТ.