Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым – қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Тәрбиеші балабақшаны бақша деп алып, келген бала гүл болса, онда ол сол гүлді баптап, күтіп, барлық жәндіктер мен құстардан қорғайтын бағбан.
Гүліміз – бала, бағбанымыз – тәрбиеші. Балаға бағыт – бағдар, тәлім – тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы. Балаларға әрқашан қамқор болып, ешқашан жұмыс істеуден шаршамайтын жандардың бірі «Ғажайып» бөбекжай балабақшасының басшысы Есенова Перизат апай, әдіскері Талғатқызы Алтын және тәрбиешісі Құрбекова Айсұлу.
Кез келген адам ұстаз бола алмайды, ол үшін адамда шыдамдылық, мейірімділік, балаларға деген сүйіспеншілік, өмір бойы жаңа нәрсені білуге ықтияры болуы керек деп ойлаймын. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын, ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Тәрбиешілер елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеуші. Өйткені, жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін анасынан кейінгі сіңірушісі, үйретушісі. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдар дариды. Қазіргі таңда «Ғажайып» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Құрбекова Айсұлу апайдың тәрбиеленушілері түрлі байқауларға қатысып жүлделі орындармен марапатталып келеді. Республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында мәнерлеп оқу аталымы бойынша қатысып, І орынмен Қамбарбек Аянат пен Насен Әлихан марапатталса, Республика көлемінде «Zeyindi bala» балалар журналының ұйымдастыруымен «Мақатаев оқулары» атты конкурсына қатысып жүлделі ІІ дәрежелі дипломмен, «Білім айнасы» республикалық ғылыми – танымдық басылымының редакциясы ұйымдастырған қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатындағы республикалық «Абай оқулары» конкурсында ІІ орынмен Насен Әлихан марапатталды. ХХІ ғасыр балалары қиялға жүйрік, білімге құштар болуы керек деп ойлаймын.
Осындай бүлдіршіндері барда «Ғажайып» бөбекжай балабақшаның жұлдызы биікте жарқырай берсін! Бұл тәрбиешілер қауымы рухы биік, білімді ұрпақ өсіруде, еліміздің ертеңі нұрлы болуына бар күш жігерін салады деген сенімдеміз.
Ұстаз — таудан сарқырап аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз — Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз — ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттерді сіңірген адам ол ұстаз. Менің мамандығым — тәрбиеші. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу — игілікті істердің бастамасы екенін сезгендеймін.
Ендігі алға қойған мақсатым — білікті тәрбиешілердің қатарынан көріну, білімді балалар тәрбиелеу. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» деп М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу тәрбиешінің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын — болашақта ұлағатты тәрбиеші болу басты арманым. Тәрбиеші — балабақша жүрегі болса, оның беделі балабақшаның беделі. Ал, балабақша — мемлекеттің басты тірегі деп айтсақта болады. Олай болса, қазіргі таңда тәрбиеші білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз ісін жетік меңгерген болуы керек. Тәрбиешілер қатарын толықтырып отыратын мен сияқты жас мамандар да талмай үнемі ізденіс үстінде болып, әр баланы мектепке ақылды, тәртіпті, білімді бала қылып балабақшадан жақсы түлектер ұшырса шығар асуымыз алыс емес. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры тәрбиешілер мен мектеп ұстаздарының қолында. Сондықтан әрбір ұстаз бұл жауапкершілікті сезінсе, біздің мемлекетіміздің қорғаны нығая түспек. К.Ушинский: «Ұстаз — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана ұстаз, ал оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның ұстаздығы жойылады» деген ойымен келіспеу мүмкін емес. Күнделікті таңертең балабақша ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Балабақшаға кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, кішкентай бүлдіршіндеріміздің тәтті қылықтары мен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар» деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Алдымызға келген балалар — біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі — жан дегенде жалғызы, бірі — ерке, бірі — қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын таңшолпандай жарқыратып, жан дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Ең алдымен өзіме осы екі асыл қасиетті серік етемін. «Білімді болуға — оқу керек. Бай болуға — кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек» деген А.Байтұрсынов саралаған әдемі жолдардың ізімен жүріп өтсек бірлігіміз бен кәсібіміз одан әрі жандана түсетініне сенемін. Балабақша — балалардың екінші үйі болса, ал тәрбиешілер екінші анасы екенін әрдайым санамда ұстаймын. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі мен үшін үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату тәрбиеші деген ұлы тұлғаның парызы.
Ұстаз болып жұмыс істей отыра, әр бала жеке дара тұлға екенін сезініп және сен ұстаз ретінде әр баланың жүрегіне кілт таба білуін керек. Тек қана балаларға емес, оның ата – анасынада.
Тәрбиеші – екінші ата-ана. Біздің мамандықта ең бастысы – балаларды жақсы көру әрқайсысы әр түрлі мінезде, әр үйдің кенжесі,еркесі және оларды жай ғана жақсы көріп қана қоймай жүрегінді берердей жақсы көру керек деп ойлаймын.
Мен неге тәрбиеші мамандығын таңдадым? Жауабы өте оңай. Себебі мен балаларды жақсы көремін. Әркім өмірлік жолын өзі таңдайды. Басты сұрақ: «Менің өз таңдауым дұрыспа?» 20 жыл өтседе мен нық жауап бере аламын:
Мен тәрбиешімін!
Мен оған мақтанамын.
Балалардың күлкісіне шаттанамын – дей келе отырып, «тәрбиеші болу – бір бақыт» деймін.
Ерлан ИБРАГИМОВ,
М.Балақаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі.