Қоғамда әрбір бала дамуы үшін балабақша қажет деген пікір кең таралған. Шынымен де балабақша балаға не бере алады? Балабақшаға келген балада өзіне жақын ортамен салыстырғанда басқа нормалар үстемдік ететін жаңа әлеуметтік қатынастар туралы түсініктер қалыптасады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» — деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай тәрбие тал бесіктен басталуы тиіс. Тек отбасыда ғана емес, балабақшада да тіл үйреніп, халқымыздың салт-дәстүрін біліп, құнарлы бай әдебиетімізден нәр алып өскен баланың болашағы қашан да жарқын болмақ.
Балабақшаның тарихы және аталуы қалай пайда болғаны ой толғандырады. Неміс педагогы Ф.Фребель балаларды өмірдің гүліне теңеп, ол гүлді тек қана бағбан өсіруі керек деген ұғыммен 1837 жылы «Бала-бақша» атауын ойлап тапты. Ол балаларды еркін іс-әрекетке жан-жақты дамыту мақсатында оқытушыларды мектепке дейінгі жастағы балаларды оқытуға шақырған алғашқы адам болды. Дидактикаға, ойын мен ақыл-ойдың дамуына көп көңіл бөлген. Сонымен қатар, М.В Ломоносовтың, К.Ушинский, Н.Н.Новиковтың, А.И.Герценнің, Л.Н.Толстойдың, Н.И.Пиорговтың т.б. мектепке дейінгі педагогикаға қосқан үлестері зор. Ал, Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие негізін салушылардың бірі А.Меңжанова, Б.Баймұратова, Н.Құлжанова, М.Жұмабаевтардың да бала тәрбиесіне қосқан өз үлестері жетерлік.
Бүгінде Түркістан қаласында 110 балабақша бар. Оның 87-сі жекеменшік балабақшалар, 18-і мемлекеттік балабақша болса, 2 санаторлық, 1 мектеп балабақша, 2 мектеп жанынан ашылған шағын орталық бар. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың бүгінгі таңда жан басына қаржыландыру мәселесі Түркістан бойынша ең төменгі мөлшері 50065 теңгені құрайды екен. Қазірде түркістандық балабақшаларда 15235 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік балабақшаларда – 4077, шағын орталықта — 239, жеке балабақшаларда — 10919 бала білім алып, тәрбиеленуде. Ал, жекеменшік және мемлекеттік балабақшаларда 2888 мың адам тұрғылықты жұмыспен қамтылған. Олардың 835-і тәрбиеші мамандығы, 1246-сы педагогтардан тұрады. «Үйренер нәрсең-білім мен мейірімділік»- деп, Жүсіп Баласағұн айтқандай, жас ұрпақты болашақта ата-анасының мақтанышы, адамгершілігі мол азамат етіп өсіру жолында Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің МКҚК «Балдырған» бөбекжай- балабақшасы өз жұмысын атқарып келеді. Балабақша 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Тұран мөлтек ауданында «Балапан» бағдарламасы аясында іске қосылып, өз жұмысын бастаған. Жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып отырған балабақша меңгерушісі Есетова Салтанат Махамбетқызы алдымен балабақша жұмысына толығымен тоқталып өтті.
«Балабақша 2 блокты 1 корпустан тұрады. Балабақшаның жобалық сыйымдылығы 280 орын, 12 топ жұмыс жасайды. Топ бөлмелері мен балабақша ауласы нормативтік стандартқа сай жабдықталған. Әр топ білім мен тәрбие беруге арналған дамытушы ортамен қамтамасыз етілген. Балабақша қазіргі заман талабына сай. Атап айтатын болсақ, балаларға арналған ойын бөлмесі, асхана, балалардың ән шырқап, би билеуіне арналған музыка залы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі, балалардың психологиялық ерекешіліктерін қадағалайтын психолог, тәрбиеленушілердің дамудағы сөйлеу кемшілігін, сөйлеу қызметінің бұзылуын түзету үшін логопед пункті мен ұстаздарға арналған бөлмелер бар», — деді балабақша меңгерушісі.
— Балаларды елін сүюге, отбасын құрметтеуге тәрбиелеу және денсаулық мәселесіне назар аудару бойынша және оларға жаңа технологияларды үйрету қазіргі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының алдына қойылған үлкен міндет болып табылады. Бұл бағытта жұмыстарыңыз қалай?
— Бізде баланың өмірін сақтау және денсаулығын нығайту, толыққанды дене бітімін дамыту, салауатты өмір салты құндылығын қалыптастыру, толық кеңістікті құру және мектеп жасына дейінгі баланың жеке дамуын кешенді сүйемелдеу қамтамасыз етілген. Баланың сөйлеуін және ана тілін, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, сауат ашу негіздерін меңгертуге толық жағдай жасалған. Бөбекжай-балабақшамызда үш тілді тиімді меңгертудің үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелі оқу құралдары бар. Соның ішінде «Әуенді кесте» кешенін, Фребель технологиясын, «Құм терапиясы» ҰОҚ-де пайдаланылады. Сонымен қатар, «STEM» цифрлық білім беру ресурстары балабақшада белсене даму үстінде. «STEM» — балаларды сыни тұрғыдан ойлауды белсенді қарым-қатынас құру командамен жұмыс жасау жаңашыл көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін әдіс. Балабақшаның білім мен тәрбие беру процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалану арқылы «флепчарт» сабақтары ұйымдастырылуда. Балабақшада білім мазмұнына оқыту әдістемесі мен технологиясына, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруға және басқару жүйесіне жаңалықтар енгізіліп жатыр.
— Тәрбиешілер күнделікті балалармен жұмыс жасайды, сондықтан олар үнемі ізденісте жүреді. Тәрбиешілер мен педагогтар шығармашылығы турасында не айтар едіңіз?
— Бөбекжай-балабақшада педагогтар мен тәрбиешілердің ізденіп жұмыс жасауына мол жағдай жасалған. Тәрбие-шілер шығармашылық тақырыптарымен жұмыс жасайды. Яғни, оқу жылының басында тақырыптар бекітіледі. Қазіргі ақпараттық технологияның дамыған заманында тәрбиешілердің ізденуіне еш қиындық жоқ. Ғылым мен техника жетістіктерінен хабардар, білікті, парасатты ұрпақты қалыптастырып өсіру – отбасы, балабақшадан басталатын үзіліссіз тәрбиелеумен, оқытумен жүзеге асырылатын ұзақ үрдіс екенін ескере келе балабақша педагог кадрлары мектепке даярлық топ тәрбиеленушілерін ғылыми жоба сайысына қатыстырып, балалардың негізгі құзыреттіліктерінің қалыптасуы-на ықпал ететін «Денсаулық», «Коммуни-кация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» секілді білім беру салалары бойынша тақырыптар алып ғылыми жобаларын қорғатуда, яғни тәрбиеленушілерді ғылымға баулуда. МКҚК «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі ретінде «Оқу ісінің үздігі медалімен» марапатталдым. Сонымен қатар, балабақша әдіскері Жанат Дайрабайқызы да «Үздік педагог» ретінде танылды. Бұдан да басқа марапатқа ие болып жүрген мамандарымыз аз емес. Жалпы балабақша ұжымы креативті, қала, облыс көлемінде белсенділік танытып жүр.
— Балабақшада індетке байланысты қандай жұмыстар жасалды?
— Қазіргі кезде кеселді індетке байланысты балабақша мейірбикелері арнайы жұмыс режимінде жұмыс істейді, яғни, барлық балаларды күнделікті дене температурасын өлшеу жұмыстарын жүргізуде. Күніне екі рет балабақшада дымқыл тазалау, кварц және ауа ағымы жасалады. Ойыншықтарды және ыдыстарды дезинфекциялау құралдарымен өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы балабақша іші мен ауланы дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр.
«Тәрбие-тал бесіктен» деген халқымыздың дана сөзінде. Бала тәрбиелеу- тәрбиешілердің басты міндеті болмақ. Олардың қызметі мен өмірі бала өмірімен тығыз байланысты. Барлық тәрбиешілер қауымына балалардың бағбаны қызметіндегі еңбектеріңіз табысты бола берсін дейміз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Cұхбаттасқан:
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.