Домой Білім ТҮРКІСТАН: АТЫНА ЗАТЫ САЙ БІЛІМ ОШАҒЫ

ТҮРКІСТАН: АТЫНА ЗАТЫ САЙ БІЛІМ ОШАҒЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу, білім саласына зор көңіл бөліп келеді. Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды», — деген болатын.

Ұстаздарға мемлекеттік тұрғыда үлкен қолдау көрсету олардың ел алдындағы жауапкершілігін де күшейте түседі. Егемендік алған Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден бір дара жолы – білім жүйесі. Оранғай ауылдық округінде 3 жалпы білім беретін мектеп орналасқан.

Солардың бірі ауылдың орталығында орналасқан М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп болып құрылып, бүгінгі таңда жалпы орта мектепте Қазақстанның дарынды ұрпақтарына жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқанына 90 жылдан аса уақыт болып отыр. Алдымен мектептің құрылу тарихына тоқталайық. 1300 жылдық тарихы бар ауылда 1918 жылы араб тілінде, 1928 жылы латын тілінде жеке үй жайларда сауат ашып оқытуды бастаған.

Ең алғаш мектеп болып асармен қаланып ашылған білімнің қарашаңырағы 1931 жылы оқытылатын бастауыш мектеп деп аталды, латын тілінде 4 жылдық мектепті Байметов Ғаныш ағай басшылық жасаған және Абыт, Балтақожа, Балташ атты ұстаздар дәріс берген.

1937 жылы қазақ және өзбек тілінде кирилицада оқытылатын білім ұясына айналса, 1956 жылдан бастап білім ошағы «Оранғай» орта мектеп болып аталды.

Мектеп тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі- 1967 жылы қазақтың заңғар жазушысы – Мұхтар Әуезовтың 70 жылдық мерей тойына орай мектепке есімі берілді. Бұл мектеп тарихында алтын әріппен жазылатын оқиғалардың бірі.

Мектеп тарихында өшпес із қалдырған дара әрі дархан тұлғалар, мектептің дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан азаматтар аз емес.

Мектеп әкімшілігінде басқарушылық қызмет атқаратын мектеп директоры Н.Кадиров, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары: А.Нуржанбаева, А.Жусупов, Л.Мухиддинова, Б.Дуйсенбаев, А.Саянова, тәрбие орынбасарлары П.Джакенова, А.Ахметов, кітапхана меңгеруші Ш.Нұсқабаева, шаруашылық жөніндегі орынбасары М.Джаппаровтар ұстаздық етуден еш жалықпайды.

Қазір мұнда мұғалімдер саны 174, штаттық қызметкерлер 30, жобалық қуаты 640, оқушы саны 1376, сынып комплектісі 70, екі ауысымда оқиды. Бірінші ауысымда 726, екінші ауысымда 650 бала оқиды.

Мектепің жұмыс тақырыбы қашанда оқушылардың ой- өрісін дамыта отырып, танымдық қабілетін қалыптастыру.

Басты мақсаты Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық өміріне белсенді қатысуға даяр, бәсекеге қабілетті және білікті тұлғаны даярлау.

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе- білім» деп заңғар жазушы М.Әуезов айтқандай. «Тәуелсіздік туын тіккен еліміздің өркениетке бастар жолдың бастауы-мектеп». Мектептің алтын діңгегі — тәжірибелі ұстаз.

Шәкірт- ұстаз үшін алыстан жанған үміт оты болса, ұстаз өзі шәкірт үшін келешек бағдаршам дейтін болсақ, шәкіртінің ыстық ықылысына бөленіп, үлкен шығармашылық ізденіс пен жетістікке жеткен КСРО оқу ісінің үздігі атағы А. Байметовке, «Еңбек қызыл Ту» орденді Ә.Саховқа, Қазақ ССР оқу ісінің үздіктері Р.Баетова, А.Аженова, Сулайманова, А.Пахриддинов, Б.Бекназаровқа берілді.

Осы ұстаздардың жолын қуған «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Н. Кадиров, «Білім беру ісінің үздігі» медалінің иегері А.Мамбетов, ҚР алғыс хатымен марапатталған А.Нуржанбаева, дойбыдан Қазақстан республикасының спорт шебері Қ.Айтілеуов, Қазақстан республикасының еркін күрестен спорт шебері Н.Утепбергеновтер бүгінгі таңда мектеп мақтаныштары.

 «Мектеп шәкіртімен даңқты» деп тегін айтпаған. Оқушы еңбегі мен ізденісінің, қабілет-дарынының ең жоғарғы деңгейінің көрсеткіш бағасы болған. 2020-2021 оқу жылында 57 оқушының 19- і мемлекеттік грант иегері атанса, 2021-2022 оқу жылында 67 оқушының 21-і, 2023-2024 оқу жылында 69 оқушының 30-ы мемлекеттік грантты жеңіп алды.

Мектептің сапасының негізгі көрсеткіші — ұлттық бірыңғай тестілеу. 2011 жылдан бері 79,9 балл көрсетіп, бүгінгі таңда алғашқы ондықтың қатарында.

Әлемдік елдерде чемпион атанып, дойбыдан үздік атанған оқушыларыз А.Әділхан, М.Мырзахан, Ж.Әділхан, Н.Мырзахан ұлағатты ұстаз Халықаралық еркін күрес жеңімпазы Н.Утепбергенов ағайымен мектеп ұжымы мақтанады. Сонымен қатар білім ордасында бес асық, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелерінің шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда жүлделі орындардың иегерлері атанып келеді.

2016 жылдан бері ашылған «Домбыра» үйірмесі жұмыс істейді. Жетекшісі Аббасов Анарбек ұстаз елеулі еңбек етіп, қызмет атқарды. Оркестр өнеріне облыс, қала аумағындағы бірнеше сайыста жүлделі орын иеленді.

 «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келіп білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударып, туған жердің тарихын ұғынуда мектепте мұражай ашылған. Мұражайда көне ғасырдан қалған жәдігерлермен қатар кейінгі дәуір заттарымен толыққан. Мұражай жетекшісі тарихшы Ахметжан Ахметов. Бұл мұражай ауыл тарихынан сыр шертеді.

Оқушылардың терең білім алу мен қатар шығармашылығын арттыру, дарындылығы мен қабілеттерін шыңдау мақсатында мектепте республикалық, облыстық, қалалық семинар, спорттық шаралар, кездесу кештерімен қатар сахналық қойылымдар әзірленіп, кейіпкерлерді оқушылар өздері сомдап шығатын. Бұл іс шаралар баланың өмірге шыңдалуына жасалған жұмыстардың негізі. Бір-біріне көмектесіп, өз-өзіңді бағалауға, өз бойына жақсы қасиет жинақтап, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға үйретеді.

2016 жылғы «М.Балақаев оқулары-3» атты республикалық семинар өткізілді. 2019-2020 оқу жылында өткен қалалық қазақ тілді емес сыныптардағы қазақ тілінің оқытылуы туралы семинар өткізілді. Бүгінгі таңдағы мектептің материалдық-техникалық жағдайы заман талабына сай. 35 сынып кабинеті, мәжіліс залына 150 орындық, 130 асхана орындығы, 1 мультимедия кабинеті, 1 физика кабинеті бар. Мектеп дәлізі мен сынып кабинеттері талапқа сай безендірілген.

2021-2022 оқу жылы қараша айында мектептің қара шаңырағының 90 жылдық мерей тойы атап өтілді. Мектептің алдынан демеушілердің қолдауымен М.Әуезов аллеясы, Мұғалімдер аллеясы, көне тарихтан жинақтап, мұра болатын мұражайдың қабырғасы қаланып мұражай ашылды.  «Ұстаз бақыты» — әр мұғалімнің қызметінің айнасы, столдың оқулығы болды»,- деген. Осы пікірлер мектептегі әрбір жанды шабыттандыратыны сөзсіз.