Домой Білім ТҮРКІСТАН: ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР

ТҮРКІСТАН: ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР

Сарыағаш қаласындағы М.Әуезов атындағы №1 мектеп-гимназиясы   1924 жылы төртжылдық мектеп болып ашылған екен. 1929 жылы жетіжылдыққа айналып, 1937 жылы орыс-қазақ мектебі болып жұмысын жалғастырады. 1961 жылы мектепке заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілген. 1968 жылы білім ошағы жаңа ғимаратқа кіреді. Осы жылдар аралығында бұл мектептен қаншама түлек ұшып шықты десеңізші. Олар халық шаруашылығының әр саласында өздерінің жарқын қолтаңбаларын қалдыра білді. Ал, ұжымның жеткен жетістіктері бір төбе. Мәселен,  1997–1998 оқу жылынан бастап халықтық педагогика бойынша аудандағы «Тірек мектебі» атанып,  2000–2001 оқу жылында облыстық «Таңдаулы мектеп» сайысында І орын иеленді.  2001 жылы «Көпсалалы мектеп-гимназия» статусын алды.

Мектептің алғашқы уығы қадалғанда оны Т.Рысқұлов есімді азамат басқарған екен. Бұдан кейін  Ж.Тобағабылов, С.Темірғалиева, В.Н.Цой, Л.Рысбекова,  А.Бейсембаев, Ә.Шораев, Т.Уманов, Б.Оспанов, Б.Жүнісбеков, У.Бекболатов, Р.Оспанов, А.Рысбекова сынды кісілер басшылық жасады. Сонымен қатар, қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергенов 1962-1964 жылдары осындағы кешкі мектептің директоры қызметін атқарды. Ол кезде кешкі жастар мектебі аталған білім ошағының ғимаратында болатын.

Қазір мектеп-гимназияны Дана Оспанова басқарады. Ол аудандық мәслихаттың депутаты. Жас та болса іскерлігімен танылған жан. Білім ордасында  1700 оқушы білім алуда. Мұнда 171 педагог еңбек етеді. Олардың 11-і шебер, 39-ы зерттеуші, 32-сі сарапшы, 34-і педагог-модератор санатына ие.

Мектептің қабырғасы қаланған күннен бастап мұнда көптеген мықты мұғалімдер жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хасан Тоқмағанбетов, Біләл Қайсарбеков,  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері  Рабиға Далиева  мен Камила Қамысбаева, математика пәнінің мұғалімдері Таймырза Уманов, сондай-ақ Құрал Дүйсебаев, Бабаш Оспанов, Нұрмахан Сыздықов, Мыңжасар  Жолдасов, Орынбасар Бүрлібаев, Әбдіғаппар Сейілбеков, Арша Келдебеков, Балқия Исмаилова, Әлима Әубәкірова, Жанымкүл Жүсіпназарова, Пасан Балғұланов, Райхан Нұржанова, Ислам Жұматаев, Ләйла Оспанова, Мәуленкүл Абдуалиеваның ерен еңбектері қазіргі буын мұғалімдерге де үлгі. Қазір түрлі пән кабинеттері осы ұлағатты ұстаздардың  есімдерімен аталады. 

Мектепті Ләзиза Тағайқызы басқарған жылдары бір топ оқушыны өзі жетекшілік жасап, әлемнің бірнеше еліне халықаралық олимпиадаға алып барғаны ұмытылмақ емес. Париж, София, Будапешт, Женева, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында математика пәнінен өткен жарыстарда Ләзиза Тағайқызы дайындаған шәкірттер жүлделермен оралып жүрді.

Өмір бір орында тұрмайды. Бүгінде жоғарыда аттары аталған ұстаздардың ізбасарларының өздері зейнеткерлікке шығып, немере, шөбере тәрбиелеп отыр. Олардың қатарында Әуезхан Сәбденбеков, Сәулен Қожанбеков, Орынбасар Имашев,  Гүлбараш Батталова, Бибіажар Бекмұратова, Нүрида Райымбекова, Нүрида Өскенова, Ира Ақылбаева, Александра Андреева, Светлана Бессекерская, Күлшат Мәуленова, Рахима Сұлтанова, Айткүл Мирахметова, Тәттігүл Тамабаева, Гүлжамал Шегебаева, Клара Тұрсынқұлова, Лазиза Рысбекова, Мырзадәулет Едігеев бар. 

Осы ретте Рахымберді Оспановтың еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Ол  мектепті ширек ғасыр басқарып, білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен  дараланды. Ұжымның ауызбіршілігін арттырып, биік белестерді бағындыру жолында көп тер төкті. Ол мектепте алғаш «Ата-аналар университетін»  құрды. Пән кабинеттеріне ардагер ұстаздардың есімін беруді Р.Оспанов бастады. Мұнан соң «Мектеп күні» мерекесін атап өтуді қолға алды. Рахымберді ағай бастап кеткен осы игілікті бастамалар қазір де жалғасын тауып келеді. Сол сияқты директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін ширек ғасыр атқарған Клара Тұрсынқұловамен директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары Ләйла Оспанованың еңбектері өлшеусіз. 

 «Біртұтас тәрбие бағдарламасы»  аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар мектеп-гимназия ұжымы мен ата-аналар арасындағы байланысты нығайта түсуде. Осы тұста ата-аналар комитетінің төрайымы Жанат Нұрходжаеваның, Қамқоршылық кеңестің төрайымы Күлшат Мәуленованың, «Әкелер мектебінің» төрағасы Бекназар Жиенбаевтың  еңбектерін ерекше атап өту керек.  

Шығармашылықпен жұмыс істеп, мектепті өрге сүйреп келе жатқан Гүлжан Байзақова, Зүлфия Ибатова, Айбарша Әшірова, Гүлнар Ақпанова,  Уазипа Қалықұлова, Ұлжан Керімқұлова, Замира Қайсарбекова, Табиғат Алиев, Анар Бимұратова, Жанар Ермекбаева, Гүлмира Касалиева, Айгүл Әубәкір, Гүлдар Салқынбекова, Қайрат Өстеміров, Айжамал Рахманова,  Пернекүл Мәмбеталиева, Ұлсара Болатова, Лола Мережепова, Ләйла Ильясова, Жарқынбек Жанықұл, Асқар Сейілбековтің ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектері өлшеусіз. 

Міне, осындай білікті ұстаздардың еселі еңбектерінің арқасында  мектеп-гимназиядан 50-ге жуық «Алтын белгі» иегері шыққан. Аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың, түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің көптеп шығуы да осы ұстаздар жұмысының нәтижесі.

 Жүз жылдық тарихы бар мектептен Социалистік Еңбек Ері Әбдіхан Асубаев,  ауданның құрметті азаматтары Мұстапа Сүлейменов, Төребай Усманов, Сейітназар Жиенбетов, Әкімбай Тастанбеков, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ханбибі Есенқарақызы, заң ғылымдарының докторы, профессор  Есберген Алауханов, танымал театр және кино актері Мейірғат Амангелдин шыққанын ұжым мүшелері орынды мақтаныш етеді.

Жыл сайын мектеп бітіргендеріне 20,30,40 жыл толған шәкірттер келіп,  ұстаздар мен ұжымға алғыс білдіріп жатады, мектепке  демеушілік жасайды. Мектеп ғимаратының жаңаруына үлес қосады. Мысалы, 1988 жылғы түлектер мектеп ауласына кірер жерге арка орнатып, жол төседі. 2000 жылғы түлектер Мұхтар Әуезовтің бюстін қойды. 2003 жылғы түлектер концерттік залға заманауи үлгідегі орындықтар сыйға тартты.

Ұстаздар қауымы биыл мектептің 100 жылдығын 22 мамыр күні кең көлемде атап өтпек. 

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА,

«Оңтүстік Қазақстан».