Қазақ әліпбиінің атасы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде «Мұғалім қандай болса, мектебі hәм сондай-ақ болмақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген екен. Оқу-тәрбие үрдісін дұрыс жолға қою – мектеп басшысының ғана емес, директор орынбасарларының да кәсіби міндеті.
Арыс қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №11 орта мектебінің директоры Серікбек Дәуренбеков жақында ғана «Мектепті басқарудағы инновациялық менеджмент» тақырыбындағы алты айлық курстан өтіп келді. Курс барысында он модульдің тиімділігін меңгеріп, әлемдік білім беру кеңістігінде пайда болған заманауи үрдістер мен сын-тегеуріндерді талдау негізінде мектеп миссиясы мен табысты мектеп мәдениетінің көрсеткіштерін әзірлеуді үйреніп шықты. Дәл қазіргі таңда ұжыммен бірлесе отырып, білім беру трендтері -– «Геймификация», «Цифрлық сауаттылық», «АКТ қолдану», «STEAM» – әлемдік білім берудегі халықаралық үдерістер, «Лессон Стади» зерттеу сабақтарын басшылыққа алып, жұмыс атқарып келеді.
Таңдаған жолымыздың, ұстанған стратегиямыз бен қолданып келе жатқан педагогикалық әдіс-тәсілдеріміздің дұрыстығы шәкірттеріміздің түрлі деңгейдегі олимпиадалар, ғылыми жобалар сайыстарындағы жеңістері арқылы дәлелденіп келеді. Осы жолда қабілетсіз бала болмайтындығын, ал, нағыз ұстаздың мақсаты шәкіртінің өзіне ғана тән қайталанбас қабілеттерін аша білуі екендігін ұмытпауымыз керек.
Кейінгі оқу жылдарында шәкірттеріміз талай рет білім шыңын бағындырып, толағай табыстарға жете білді. Атап айтқанда, республикалық «Тарих ата» зияткерлік олимпиадасында екі оқушымыз І дәрежелі дипломмен, бір оқушымыз ІІ дәрежелі дипломмен (пән мұғалімі Ғани Жүніс), бір оқушымыз ІІІ дәрежелі дипломмен (пән мұғалімі Қаламқас Қалқабекова) марапатталды.
Облыстық Мәшһүр-Жүсіп оқуларында 11-сынып оқушысы Жанұзақ Қалдарбек бас жүлдені жеңіп алды. Облыстық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында 6-сынып оқушылары Ниязбек Кәусар жүлделі ІІ орынға (пән мұғалімі Жазира Елтаева) және Тұрсынбай Рамазан жүлделі ІІІ орынға (пән мұғалімі Қаламқас Қалқабекова) ие болды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6-сыныптар олимпиадасының облыстық кезеңінде 5-сынып оқушысы Аянат Маян жүлделі ІІ орынды (пән мұғалімі Қарлығаш Дүйсенбаева), 6-сынып оқушысы Несібелі Жорабек жүлделі ІІ орынды (пән мұғалімі Жазира Елтаева) жеңіп алды.
Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған облыстық «Балалар оқуларынан» 6-сынып оқушысы Несібелі Жорабек жүлделі ІІІ орынмен (пән мұғалімі Елтаева Жазира) оралды.
Өткен оқу жылын осындай табыстармен аяқтаған мектеп ұжымының биылғы оқу жылындағы жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, облыстық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында 6-сынып оқушысы Нұрәділ Асанхан жүлделі ІІ орынға (пән мұғалімі Зүлфия Асанханова), 7-сынып оқушысы Сардана Алтынбекова жүлделі ІІІ орынға (пән мұғалімі Жазира Елтаева) және бастауыш сынып оқушысы Мұрат Ұлан жүлделі ІІІ орынға (пән мұғалімі Әсем Асылбекова) ие болды.
Облыстық пән олимпиадасында география пәні бойынша 10-сынып оқушысы Аяулым Тілеухан жүлделі ІІ орынмен (пән мұғалімі Қарлығаш Дүйсенбаева), орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 9-сынып оқушысы Нұрила Мергенбай жүлделі ІІ орынмен (пән мұғалімі Ботакөз Тоқабаева) марапатталды.
Осындай тынымсыз ізденіс, үнемі жетістікке, жаңалыққа ұмтылу және білімді жетілдіріп отыру тек өз біліктілігіңді ғана арттырып қоймай, сонымен бірге әріптестеріңе бағыт-бағдар беруге және ұжым жұмысының жемісті болуына әрқашан да септігін тигізеді. Тағы да бір ауыз толтырып айтарлық жетістігіміз, осы оқу жылында мектебімізде «Педагогикалық дизайн» тақырыбында облыстық оқу-
әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
Оқыту мен оқу процестерін табысты жоспарлаудағы педагогтердің жеке дамуын зерттеу, педагогтердің кәсіби дамуын арттыруды оңтайландыру, өзгерістерді мониторингілеу, талдау мақсатындағы бұл оқу-әдістемелік семинар «Өрлеу» БАҰО АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ҚДИ» филиалының қолдауымен өтті.
Семинарда бастауыш сыныптар бойынша Ғазиза Әлібек коучинг, география пәнінен Ләйла Алтаева мен Ұлбосын Қалдыбекова ашық сабақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Ұлмекен Жақыпова мен Жанар Мадиярова коучинг, информатика пәнінің мұғалімі Мақсұт Рысбаев пен химия пәнінің мұғалімі Асқар Меңгелбеков шеберлік сағаттарын өтіп, әріптестері тарапынан жоғары бағаға ие болды. Сонымен бірге, облыстық семинарда оқушылардың да ғылыми жұмыстары қорғалды.
Облыстық оқу-әдістемелік семинарға Түркістан облысы бойынша әр ауданның педагогтері, директордың бейіндік оқыту жұмыстары бойынша орынбасарлары мен оқу жұмыстары бойынша орынбасарлары қатысып, кейбір әріптестеріміз өз тәжірибелерін ортаға салып, шеберлік сағаттарын өтті.
Жазира ЕЛТАЕВА,
Б.Момышұлы атындағы №11 жалпы орта
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Арыс қаласы.