Домой Білім ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА 1704 ТҮЛЕК «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ АТАНДЫ

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА 1704 ТҮЛЕК «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ АТАНДЫ

«Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек», — деді Мемлекет басшысы 2023 жылы 5 ақпанда өткен Республикалық Педагогтертің І сьезінде сөйлеген сөзінде.

Президент Қ. Тоқаев өзінің қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сапалы білім беру мәселесіне ерекше назар аударды. Педагогтердің материалдық уәждемесі мен кәсіби біліктілігін арттыру, дарынды балаларды қолдау, жаңа мектептер салу, отандық ғылымды дамыту – Қазақстанда сапалы білім берудің мықты іргетасын қалау үшін пысықтау қажет нәрселердің бірі деп санайды.

Өз кезегінде облыс басшысы Дархан Сатыбалды да:

– Президент тапсырмасымен «Қауіпсіз мектеп» жобасы іске асты. 6 млрд. теңге бөлініп, білім ұялары қоршаулары реттеліп, күзет мәселесі шешілді. 200 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтылды. Өңірде 121 білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның 22-сі күрделі жөндеуден өтсе, 63-і ағымдағы жөндеу арқылы реттелетін болды. Жалпы, бір жылда 108 білім нысаны жөнделеді. Бұл – облыс тарихында болмаған жағдай. Осы мәселенің көбін салаға бөлінген қаржыны үнемдеу арқылы шешіп жатырмыз, деген болатын «Қазинформ кз» тілшісіне берген сұхбатында.

Иә, білім саласына құйылған инвестиция қашанда өз жемісін береді. Жас ұрпақты, болашақ Қазақстанды білімді азаматтар қатарымен ьтолықтыруды көздейтін болсақ, білімге құйылған қаржы әманда ақталады, тіпті еселеп қайтады деп санау керек. Осы ретте облыстағы білім саласының биылғы көрсеткіщтерінің өзі-ақ бұл салада ілгерілеушілік жоқ емес екенін айғақтайды.

2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 1704 түлек «Алтын белгі» иесі атанды. Сондай-ақ 2400 оқушы «Үздік аттестат» алды. Ал,Түркістан облысы, Жетісай ауданы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясында мектеп түлектеріне арналған аттестаттарды тапсыру салтанаты өткізілді. Биылғы оқу жылында мұнда 88 оқушы аяқтаған. Оның ішінде 27  түлекке – «Алтын белгі» және 14 түлекке – «Үздік аттестат» тапсырылды.

– Бүгінгі күн баршамыз үшін жүрек тебірентіп, көңіл толқытатын сәт. Олай дейтініміз мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиесін алып, білім нәрімен сусындап өскен ұл-қыздарымыз жаңа өмір әлеміне нық сеніммен қадам басқалы тұр. Сапарларың оң болсын, жас түлектер! – деді мектеп-гимназия директоры Шохан Нұрбеков.

Ал, Түркістандағы Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектепті бітірген  Дарын Сұлтанбек ҰБТ жоғары балл жинап, мектепті «Алтын белгімен» бітіріп отыр.

«Ұлым Дарын мектепті үздік бітіріп, тәмамдап отыр. Дарын қатарының алды болып, мектепті үздік аяқтады. Түрлі жарыстарға да қатысып, мектебінің, облыстың мерейін асқақтатты.Ұлымның ендігі арманы – инженер-құрылысшы мамандығына ие болу. Дарынның таңдауына еш қарсылық білдірмедік. Себебі, құрылысшы мамандығы – маңыздылығы жағынан мұғалім мен дәрігер мамандығынан кем емес. Ел экономикасының негізгі тірегі – құрылыс саласы.

Ғылым мен техниканың шарықтап дамыған заманында өмір сүріп отырмыз. Осындай кезеңде инженерлік еңбек экономикадан бастап, ақпарат, білім, мәдениет, өнер, тұрмыс, т.б. салаларды тұтас қамтиды деуге болады. Яғни бүгінгі қоғамды инженерлік еңбектен бөлек қарастыру мүмкін емес. Инженер еңбегі – өндіруші, өнім шығарушы, ол материалдық және рухани құндылық жасайды. Осы тұрғыдан келгенде ұлымыз Дарынның таңдауына шын жүректен қуандық, дейді үздік бітірушінің ата-анасы, Қанатбек Абдрасилов.