Домой Білім ТҮРКІСТАН: МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМІМ – 2

ТҮРКІСТАН: МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМІМ – 2

Түркістан облысының тұрғындарына Насыр Фазыловтың ойтолғауын ұсынып отырмыз. Бұған дейін өзінің алғашқы мұғалімі туралы тебірене жазылған эссенің жалғасын оқи отырыңыздар!

Мен мұғалімнің табиғат туралы  әңгімелерін жан тәніммен тыңдайтын едім. Мұғалімім сияқты білгір, абыройлы адам болуды  қатты армандайтын едім.

Қадірлі оқырманым,  оқиғадан алыстап кеткенім  үшін мені сөге көрмеңіздер. Бұл жайлы айтпасам болмайды. Себебі, мұғалімімнің сабақ  барысынан  басқа кездерде айтқан  ғибратты сөздері, жануарлардың мінез-құлықтары жайында айтып берген  қызықты әңгімелері  кейін менің әңгіме  жаза бастаған кездерімде септігін тигізді. Сөзімнің  басында  адам табиғаттың перзенті, ол табиғаттан бөлек өмір сүре алмайтындығы туралы айтқан едім. Қазір қандай шығарма жазсам да, мейлі ол  әңгіме болсын, мейлі қисса болсын табиғат пен адамның ұқсастығы, үйлесімділігі  туралы міндетті түрде  жазамын.  Мұғаліміме табиғат туралы естіген  осыншама қызықты оқиғалар үшін әлі күнге дейін рақмет айтамын.  Себебі ол маған табиғаттың жасыл кітабын оқуды үйреткен мұғалімімнің бірі, әрі бірегейі  болатын.

…Бір жағымсыз оқиға себепті ауылдан кетуге мәжбүр болдым. Халық арасында  «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген сөз бар. Екінші сыныптан бастап жаңа мектепте оқи бастадық. Тәмен ағайымыз айтқандай , екінші сыныпты өзі, бірінші сыныпты Паччахан мұғалім  оқыта бастады. Таза әрі кең, аппақ бөлмеде, бояуының иісі кетіп үлгермеген жаңа парталарда отырып, оқуды бастадық. Тәмен мұғалім өте салмақты, ауылымызға бейтаныс  сарында  сөйлейтін еді. Кейін  ойлап қарасам , сол кезде ол кісі таза өзбек әдеби тілінде сөйлеген екен ғой. Екінші сыныптан   бастап  орыс тілін де оқыта бастады. Біз үшін бұл үлкен жаңалық еді. «Мы» дегені біз дегені, «ты» дегені сен дегені, «спасибо» дегені рақмет дегені, «хорошо» дегені жақсы дегені деп қайта-қайта түсіндірді. Біз болсақ мұғалімнің сөзін қайталап, сыныпты басымызға көтеріп жатырмыз. Бір кезде сыныпта тыныштық орнады, менімен жасты Аззамхон  деген бала сабақта отырғаны есінен шығып қалды ма, бірден бар даусымен «мы», «мы», «мы» деп қайталай берді. Мұғалім оның қасына  жаймен барды да, қолындағы мұқабасы қатты, қалың  түгелдеу дәптерімен «міне саған мы»  деп басына қатты ұрғаны сонша, біз отырған орнымызда қорыққанымыздан қатып қалдық. Сол оқиғаның ертесіне мектепке киетін киімімді киіп, анам тігіп берген қара сөмкені мойныма іліп, мектепке кетіп бара жатқан сыңай танытып, үлкендердің көзіне көрінбей ошақтың қасына бардым. Үстіндегі қазанды  бір шетке ысырып, лып етіп ошақтың  ішіне түстім де, қолыммен қазанды қайтадан орнына қойып қойдым.  Сол күйі үндемей отыра бердім.

Бір кезде ұйқым келіп есіней бастадым. Енді көзім іліне  бастағаны сол еді біреудің жүріп келе жатқаны естілді. Ол тандырдың қасына келіп бір бау қозапаяны тастады да, кетіп қалды. Сәл өтпей бір шелек су алып келді. Мен барлығын ошақтың аузынан көріп отырмын. Бұл Ұмыш апа болатын. Ұмыш апа дегеніміз кәрі, еркекшора, бала  күтуші әйел болатын. Балаларға түскі ас әзірлемек болса керек. Қорқыныш пен үрейден  жүрегім кеудемнен шығып  кетердей дүрс-дүрс соғады. Бір кезде ол «Біссіміллә!» деп қазанды көтеріп қалғанда, ішінен  ақ көйлегім қап-қара болып, желкеме асылған қара сөмкеммен атып шықтым да, арқа-алдыма қарамай тайып тұрдым. Ұмыш апа:

-Ойбааай, сайтан,-деп бар даусымен айқайлап өзі алып келген бір бау қозапаяның үстіне  гүрс  етіп құлап түсті.

Бұл жайсыз  оқиға демде бүкіл ауылға жайылды. Сол оқиғаның ертесіне де, одан кейін де мектепке барған жоқпын. «Бармаймын дедім, бармаймын!»- деп аяқ тіреп тұрып алдым. Бұл жағдайды Кәріздегі Йолдаш ақсақал деген  үлкен атам естіген күні-ақ есегіне мініп ап жетіп келді. Келе сала әй жоқ, шәй жоқ әкем мен шешемді ұрса жөнелді:

-Баланы тастап кетіңдер. Кәрізде , өзімнің  алдымда оқысын деп құдайдың зарын қылдым, көнбедіңдер. Болды, жетер, киіндіріңдер, Насырды дәл қазір алып кетемін.

Әкем мен шешем бір шетте мұңайып тұр, қайдан пайда болғаны белгісіз бірінші мұғалімім де үн қатпай тұрып қапты. Не десін? Жаңа мұғалім қатал екен, балаларды ұрады екен десін бе? Олай деп айтуға ешқайсысының батылы жетпейді. Себебі олар үшін мұғалім деген ұлы тұлға еді. Ескі медреседе оқып, молданың таяғының дәмін татқан  олар үшін жаңа мұғалімнің көрсеткен қылығында тұрған ештеңе жоқ сияқты көрінген.

Сөйтіп, атаммен бірге есекке мінгесіп алып сол күні-ақ Жайылмадан кеттім. Ертеңіне  атам мені есегіне мінгестіріп  Кәріз ауылының орталығындағы бастауыш мектепке алып барды. Бұл мектеп пен мен оқыған мектепті салыстыру мүмкін емес еді. Бұл мектепте бес мұғалімнің үшеуі әйел екен. Олар сондай мейірімді еді…

Жаңа кластастарыммен танысып, оқуды жалғастыра бастадым. Бір күні үлкен қоңырауға шыққанымызда қарсы алдымда  күлімсіреп тұрған  алғашқы ұстазым Паччахан көкемді көрдім. Әкемді көргендей қуанып, жүгіргенше құшағына ұмтылдым. Ол мені құшақтап, бетімнен сүйіп:

-Көз жасыңды сүрт, жігіт адам да жылай ма екен?-деді.

…Содан бері қанша жылдар өтті. Мен төртінші сыныпты бітірген соң  Түркістан қаласындағы өзбек халық жазушысы Айбектің  қайнатасы Насырбайдың  ауласында орналасқан алғашқы толық орта мектепте (қазіргі Хамза мектебі) оқып жүрген кездерімде де, Ташкентке келіп, Орта Азия мемлекеттік институтының филология факультетінде оқып жүрген кездерімде де  алғашқы ұстазым үнемі менен хабар алып тұрды. Оқуды бітірген соң, институттың ауласындағы жазғы театрға ұқсаған жерде салтанатты  түрде диплом  тапсырылатын болды. Барлық түлектердің ата-аналары, достары, туған-туыстары жиналған. Сахнада институт ректоры мен  бізге  сабақ берген оқытушылар  отыр. Салтанатты жиын басталды. Ректор орнынан тұрып, қысқаша кіріспе сөз сөйледі. Содан соң сол жағындағы үстелде рет-ретімен тұрған көгілдір қаптамалы дипломдар мен медальдарға бір қарап алды да:

-Бастайық, -деді. Жаймен жүріп сахнаның алдына шықты.

Үстелдің қасында тұрған қыз еппен, тез-тез дипломдарды ретімен  қолына алып, дауыстап бітіруші түлектерді шақыра бастады. Аты-жөні аталған жігіттер мен қыздар бір-бірлеп сахнаға көтеріледі. Ректор әлгі пысық қыздың қолынан алған дипломды иесіне тапсырып жатып: «Құттықтаймыз, құттықтаймыз!», деп қолын алып жатыр. Дипломын алған қыз, жігіттер сахнадан төмен түсулерімен жақындары оларды қоршап алып, құттықтап, құшағын гүлге толтырып жатты.  Менің фамилиям тізімнің соң жағында болғандықтан, кезегімді күтіп бір шетте салғырт қарап  тұра бердім. Менен хабар алатын мейірімді атам әлдеқашан о дүниелік болып кеткен, әке-шешем қартайған, келе алмайды, туған-туыстарым мұндай нәрселерді түсіне бермейді.  Осылайша терең ойға шомып, дипломын қолына  алған достарыма қызығып әрі қызғанып қарап тұрғанымда жамбасымнан бір группаласым түртіп:

-Бар, сені шақырып жатыр,- деді.

Сахнаға шықтым, ректордың қолынан диплом мен медаль алдым. Сосын ол бірнәрсе деді, бірақ не дегені құлағыма кірмеді. Сахнадан түсіп бара жатып, жығылып қала жаздадым. Сол кезде біреу мені құшағына қысып:

-Көз жасыңды сүрт, тентек,- деді.

Қарасам, сол баяғы  өзімнің мейірімді алғашқы мұғалімім  Паччахан көкем қарсы алдымда тұр. Тұрмыс қиыншылығын көргенде де, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қолынан жарақат алғанда да, ауылдағы әділетсіздіктерге куә болғанда да жыламаған мұғалімім  қазір куанғаннан көз жасын тоқтата алмай тұр…

Өмірімде талай-талай  үлкен-кіші ұстаздарды көрдім. Қысқа уақыт оқытқан, ұзақ уақыт бойы білім берген  мұғалімдерден де дәріс алдым. Мен үшін олардың әр бірі бір әлем, олардың бәрі қадірлі. Дегенмен, көз ашып көрген мұғалімім мен үшін бірінші. Бірінші бәрібір бірінші ғой! Ол  маған әріп танытты,  әріпті әріпке қоссаң  сөз болады,  сөзді сөзге қоссаң  сөйлем болады, сөйлемді сөйлемге  мағынасын ұйқастырып біріктірсең,  әңгіме болады деп үйретті.

Ақыретіңіз жеңіл, жаныңыз жаннатта болсын!

Бүгінгі  менің сізді  еске алып  жазған  әңгімелерімді  рухыңыз бен жарқын  бейнеңізге  жасаған  дұғам деп қабылдаңыз.

Барлығы үшін үлкен алғыс.

Насыр Фазылов

Қазақ тіліне аударған Рухсара Кудретова