Домой Білім ТҮРКІСТАН: ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОЛЫ

ТҮРКІСТАН: ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОЛЫ

 «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінде қандай да бір жетістікке жету үшін әлбетте білім керек екені белгілі. Ал білімді жастары бар елдің экономикасы берік, тәуелсіздігі мәңгі болатыны сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған мемлекет және қоғам қайраткері. Төккен тері мен жазған еңбектерінің барлығынан өз халқының тағдырына жанашырлықтан туған жанкештіліктің, отаншылдықтың, биік парасат пен пайымның болмысы көрінеді. Біз Ахаңның тағылымға толы еңбектерінен ғылым, педагогика және экономикаға арналған пайымдарына ерекше назар аудармақпыз.

Ғылыми пайымдары

Ахмет Байтұрсынұлы ұлтының бол­мысын терең таныған ғалым. Яғни барша мұң-қайғысының, арман-тіле­гі­нің, жарқын болашағының қайдан екенін терең зерделеген және оған же­ту­дің жолдарын да жақсы білген. Біздіңше, Ахаңның ғалымдығын екі түрлі ерекшелік бойынша бағалауымыз керек: біріншіден, ұлт қажеттілігін өтеу­ге арналған көркем шығармаларын жинақтап, жүйелеуде де ғылыми ойлау әлеуетінің кейбір қырлары көрі­ніс береді. Халықтың сол тұстағы эко­но­­микалық, әлеуметтік-тұрмыстық, қо­ғам­дық-психологиялық ахуалын терең зерделеп, соған лайық тақырыптардағы шығармаларды ұсынады. Екіншіден, қазақ ғылымының алтын бастаулары ретінде ғылыми-теориялық еңбектерінің маңызы аса жоғары.

Қазақтың арғы-бергі тарихынан терең сауатты болғандықтан, оның басындағы ахуалдың себеп-салдарын да жақсы тү­сін­ген. Қиындықтан құтқарудың жол­дары ең бірінші халықты ояту мен білімге жетелеуде деп білді. «Халыққа не керек?» деген сұрақтың жауабын іздейді. Бодандықта тұрған жұрттың баршасына ортақ қиындық пен қазақ халқының басындағы ерекше тағдырдың арасында үлкен айырмашылық бар. Отарлаушы ел мен бодандықтағы халқының тұрмысы да, салты да, өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымы да бір-біріне ұқсамайтын. Мұндай жағдайдағы қайшылықтың салдары бодан елге аса ауыр соққы бола­тыны белгілі. Тұрмысы, дәстүрі, тілі, жалпы алғанда, барша мәдениеті мен ұлттық психологиясы дағдарысқа ұшы­­рай­ды. Ғасырлар бойы санасына сіңген дәс­түрлері қолданыстан ығысып, жа­рам­­сыз күйге түскенде халық үлкен ты­­ғы­рыққа тіреледі екен. Тегі бөтен шаруа­шылыққа адамның бірден икемделе кетуі қиын, ақыл мен денеге тосын салмақ түскен соң қиналады, жасиды, оның ақыры бойкүйездікке алып келеді. Осылайша, қазақ халқының үстінен зіл қара күш басты, «қараңғылық» міні та­ғыл­ды. Бүгінде «қазақ неден осындай болды?» деп, біз іздеп жүрген көптеген сұрақтардың жауабын Ахаң сол тұста терең түсінген еді.

Не істеу керек? Халықты ояту керек! Тың серпіліс керек! Қазаққа ең бірін­ші қандай әдіс қолданған жөн? Сөзбен әсер ету! Өйткені ұлы даланың батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін тұтастырып, бір ұлт ретінде сақтап келген сөз құдіреті болатын. Қазақ сөзге тоқтаған халық еді, сол қасиеті ешқандай заманауи техника мен технологиясыз-ақ халықты бір рухани орталыққа топтастырып отырған. Өзге жұрттың дәстүріне негізделген уақыт талаптарының құшағында жұтылып кетпес үшін өз дәстүрін, өз құндылығын жаңа заманға бейімдеу тәсілін қолға алды. Қазақ «қараңғылығы» неде? Қазақ тумысынан сауатсыз, өркениетке бейім­ді­лігі төмен емес, керісінше табиғи мә­де­ниетке негізделген дүниетанымында адамзаттық деңгейдегі құндылықтар ұялаған, терең білімді игерген халық болатын. Батыстың материалдық құнды­лық­тарға негізделген мәдениеті мен оның артындағы өз өктемдігін орнатуға құ­рылған қарулы күштердің алдында дәрменсіз күй кешкен халықтың ен­ді­гі үміті жаңа заманға бейімделуде ғана тұрған еді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қараңғылық бұлтын сейілту немесе ояну» деп жүргеніміздің өзі жаңа за­ман­ға бейімделу болатын, бізге басқа жол жоқ еді.

Осының бәрін ой елегінен өткізе келе Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысал», «Маса» атты еңбектерін жариялады. Мұнда түрлі тақырыптағы мәселелер қамтылды. Мысалы, ынтымақ-бірлік туралы «Аққу, шортан һәм шаян», ойсыз мақтаншақтық туралы «Шымшық пен көгершін», «Емен мен қамыс», күн­шіл­дік туралы «Өгіз бен бақа» секіл­ді аудармалар қазақ қоғамының сол кез­де­гі жағдайына сай таңдалып алын­ған мысалдар болатын. Сол секіл­ді маса болып ызыңдап, халықты ояту мақ­са­тында жазылған «Маса» жи­на­ғын­да да халықты оятып, жаңа заман ұйықтап жатқанды кешірмейтінін және келер ұрпақтың қамы үшін жаңаша түлемесе болмайтынын ескертеді. «Сөз иесінен» атты өлеңінде:

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?! – деп, тоқтаусыз насихат, үндеу, шақы­ру­лар жүргізе беру керектігін ескертеді.

Ахмет Байтұрсынұлының өткен ға­сыр басында қолға алған басты қар­уы сөз өнері еді. Сөз өнерін ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негіздерін қалады, қолданбалық тұрғыдан халықты жарқын болашаққа шақыру құралына айналдырды. Тіл білімінің негізін қалады, тілді теориялық тұрғыдан жүйелеп, бі­лім мазмұнына енгізді. Қазақ тілінің таза­лы­ғын сақтау үшін орасан зор еңбек етті. Ол өзінің «Өмірбаянында»:
«…Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жо­лында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақ­тың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртін­шіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген екен. Осы сөздердің бәрі де адал көңілден шыққан, шын ғалымның қалың бұқара алдындағы есебі іспетті.

Ұлт ұстазы қазақ әліпбиінің тамаша үлгісін жасап ұсынды және оны алмағайып заманда барша қазақ баласы өзінің тарихи төл жазуы ретінде қабылдады. Кирилл үлгісіне негізделген қазақ әліпбиі ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап ұсыныла бастаған болатын. Осы қауіптің алдын алу үшін Ахаң араб әліпбиіне негізделген өз үлгісін ұсынды. Өйткені араб әліпбиінде қазақтың тарихы, бір­не­ше жүзжылдықтарға созылған жазу мәдениеті, діні мен ділі тұр еді. Соны қор­ғау үшін бар мүмкіндігін жұм­сап, жан­кештілікпен еңбек етті. Өкі­ніш­ке қарай, бұл жазуды біз сақтап қала алмадық, қазіргі кезде тек Қытай, Иран, Ауғанстан жерін мекендейтін қазақтар арасында қолданылып жүр.

Оның тілдік ұғымдарға берген анық­тамаларының ғылыми тереңдігі, дәл­ді­гі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Сонымен қатар зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз т.б. ол жасаған жүздеген терминдер бүгінгі қазақ тіл білімі және басқа да пәндерге ұлттық сипат беріп тұрған баға жетпес құндылық. Ғалым ретіндегі басқа да ғылыми әлеуетін айтпағанда, осындай ұлы құндылықтарды дүниеге келтіру үшін аса үлкен жүрек және терең па­йым мен парасаттың керек екенін ойша сезі­неміз.

Педагогикалық пайымдары

Халықты ояту мен жаңа заманға бейімдеу ісінің маңызды бөлігі – оқыту ісі. Қазақтың оқусыз көсегесі көгер­мей­тінін өткен ғасыр басындағы барша қазақ зиялылары айтса да, мәселеге кешенді түрде қарап, нақты жүзеге асыру үшін бел шешіп кіріскен Ахмет Байтұрсынұлы екенін ешкім жоққа шы­ғар­майды және де біз бұл еңбегін айрықша бағалауымыз керек. «Ұлт ұстазы» деген атағының өзі атқарған жұмысына сол кезде берілген баға. Ол ұлт болашағын оқудан іздеді. «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін тү­зе­ту­ден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… Қазақ ішіндегі неше түр­лі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі», деп атап көрсетеді.

Оқу ісі туралы мына ойлары бүгінгі күн үшін де аса маңызды: «Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде школада: қазақ балаларының бір парасы орысша оқып жүр, бір парасы ескі молдадан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандарды оқыту һәм тәрбиелеу ғылымы оқыған адамдардың қолында. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет…» екенін айтады.