Домой Білім ТҮРКІСТАН: КӘСІБИ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКЕМЕЛЕРДІҢ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

ТҮРКІСТАН: КӘСІБИ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКЕМЕЛЕРДІҢ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Облыс орталығындағы «Дарын» колледжінің ашылғанына жиырма жылдан асты. Арада өткен жиырма жылда жүз мыңдаған шәкірттері мектеп бағдарламасындағы білім нәрімен сусындап қана қоймай, қосымша кәсібін де меңгеріп, куәлік алып, өндіріс орындарына қалауын тауып, кірпіші болып қаланды. Осы оқу орнының «Жаңа Қазақстан» құруға қосып жатқан үлесі жөнінде білу мақсатында «Дарын» колледжі директорының міндетін атқарушы Тоғжан Ролланқызын әңгімеге тартып, білім ұясының өткені, қазіргі жайы және болашағы туралы сұхбаттасқан едік.

— Тоғжан Ролланқызы, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы оқу орнын қашаннан бері басқарып келесіз. Алдымен өзіңіздің қандай мамандық иесі екеніңізді білсек.

— Түркістандағы 2002 жылы «Тұран» колледжі деген атаумен ашса, тұңғыш жекеменшік «Дарын» колледжі 2006 жылы тіркелді. Оның негізін қалаған өзімнің әкем Роллан Шаймерденұлы Ризабек. Әкемнің мақсаты -еліміздегі дарынды балалардың талантын ашу болса керек. Бастапқыда төрт мамандық таңдалды. Әкем 2013 жылы марқұм болды. Түркістан қаласында тұңғыш жекеменшік колледжді ашқан менің әкем болып саналады. Қазіргі таңда біздің осы колледжді бітірген түлектеріміз киелі қаламыздағы және іргелес елді мекендерде ел экономикасын дамытуға сүбелі үлестерін қосып жүр деп айтуыма болады. Олар жылма-жыл оқу жылы аяқталғанда мерейтойларын атап өтіп, ұстаздарға алғыстарын жаудырып жатады. Мен өзім Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетінің есеп және аудит мамандығын бітірдім. Оған дейін «Дарын» мектебін аяқтадым. Халықаралық гуманитарлық университетінің магистратурасын тәмәмдаған соң, 2021 жылдан бері осы оқу орнына басшылық қызметке келдім. Студенттердің саны 700-ге жуық. Жеті мамандық бойынша оқытамыз. Оның ішінде атап өтсем, бастауыш білім беру, дене тәрбиесі, құқықтану, есеп және аудит, қаржы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына оқытамыз.

—Университетке дейінгі баспалдақ болғанымен осындай кәсіби колледждерді бітірген мамандық иелерінің күнделікті сабақпен қоса тапсырма алып, ұстазбен күнделікті кері байланыс орнатуының нәтижесінде жоғарғы оқу орнынан да білімді әрі өндірістік жағынан тәжірибелі маман болуына мүмкіндік ашылған деп есептеймін.- Әрине солай. Адамның алғашқы білімінің іргетасы мектебінде қаланады. Мектептен кейін кәсіби білімін жетілдіруіне колледждер көмектеседі. Колледжді бітірген оқушылар алдымен белгілі бір мамандық иесі болып шығады. Осы оқу орнынан үлкен тәжірибе алады. Өмірге алғашқы қадамын біздің колледжден бастайды. Колледжді бітірген маман университетке түскен кезде, жаңадан түскен талапкерлерге қарағанда, басқа деңгейде жұмыс жасайды.

— Бұрын мектептерде жоғары сынып оқушыларына технология сабағында қыздарды тігіншілік, ұлдарды ағаш, темір жонып ұсталық түрлеріне баулитын. Соған әлі де мектептерде шынайы көңіл бөліп, жанашырлықпен үйретуді қажет ететін секілді. Сол кезде мектеп бітіруші де өзінің неге бейім екенін біліп барып, колледжді өзі таңдайды.

 — Дұрыс айтасыз. Мектеп ол алғашқы үйрету баспалдағы болса, біз оны әрі қарай өзінің өмір бойына айналысатын сүйікті кәсібіне айналдыруына мүмкіндік әпереміз. Оның сыртында Түркістандағы және жақын маңдағы өндіріс орындарына, өз саласы бойынша мемлекеттік мекемелерге өндірістік тәжірибе алмасуға жібереміз. Біздің студенттеріміз өндіріс орнындағы нақты жағдаймен танысып, көзімен көреді. Өзіне бекітілген тәлімгерден сабақ алады. Тәжірибесін үйренеді. Колледжді бітірген кезде дайын маман болып шығады. Бірнеше жыл қатарынан бір өндіріс орнында тәжірибеден өткен студенттеріміздің көбі колледжді бітірген бойда, сол мекемеге шақырту алып, жұмысқа, қызметке орналасып кетіп жатқандарының куәсі де болып жүрміз.

— Қазір көптеген колледждерде дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылып жатыр. Сіздердің қаладағы мемлекеттік мекемелермен, Кентаудағы трансформатор зауытымен, теміржол саласымен, құрылыс компанияларымен байланыстарыңыз бар ма?

— Біз өзіміздегі мамандықтар бойынша дуальды оқытуға тиісті мекемелермен келісімдер жасастық. Ең алдымен біздің Бағдарламаны қамтамасыз ету мамандығы бойынша ірі IT компаниясымен келісімге келдік. Студенттеріміз сонда барып, өндірістік тәжірибеден өтеді. Есеп және аудит мамандығы бойынша бухгалтерлік компаниямен келісімге отырдық. Бастауыш білім беру және дене тәрбиесі мамандықтары бойынша №19-шы және Майшай Әбенов атындағы мектеппен келісімдеріміз бар.

— Сіздер өздеріңіз ғылыми негізде болсын, талдамалық сараптама жағдайында болсын, Қазақстан нарығындағы қат мамандықтарды зерделеп көрдіңіздер ме? Түркістан өңіріндегі мемлекеттік мекемелер мен нарық қай мамандық иелеріне зәру?

— Әрине, зерделеп көрдік. Мәселен бұрын жастарымыз заңгер, филолог мамандықтарын көбірек таңдап, тым көбейіп кеткендіктен еліміздегі нарықта оның сұранысқа ие еместігі байқалды. Біз оқытып жатқан жеті мамандық түрлеріне сұраныс жоғары. Әр мекемеге заңгер де, экономист те керек. Соңғы кездегі сұранысқа ең ие мамандық- Бағдарламаны қамтамасыз ету мамандығы алдыңғы орынға шықты. Себебі, кез-келген кәсіпорын жаңа технологияны жедел түрде өндіріске енгізуді көздейді. Қазір Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғалы бері құрылыс өте қарқынды дамығандықтан және қала жедел абаттандырылып жатқандықтан құрылысқа қатысты тас қалаушы, сылақшы, дәнекерлеуші, сантехник, механик, краншы қажет. Сонымен қатар туризм саласының дамуына қатысты түрлі қызмет көрсету саласына да мамандар көптеп қажет екендігі байқалып отыр. Осыған байланысты қаламыздағы басқа колледждерде нарықтағы сұранысқа ие слесар, сантехник деген секілді кәсіби мамандықтар таңдалып жатқан жайы бар. Арнайы кәсіптік колледждер бар. Ал, біздің колледжіміз гуманитарлық болып табылғандықтан мұғалімдік бағытын ұстанып отырмыз.Қазіргі ең сұранысы жоғарысы Бағдарламаны қамтамасыз ету маманы барлық компаниялар мен мемлекеттік қызмет саласында өте қажет мамандық болып табылады. Программист. Бағдарламаны құрастырушы көп керек болып жатыр. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдері де өте аз. Осы екеуіне сұраныс өте жоғары болып отыр.

— Қазіргі таңда мемлекеттік оқу орны мен жекеменшік оқу орнының қандай айырмашылығы бар?

— Дәл қазіргі таңда екеуінің ешқандай айырмашылығы жоқ. Оқу жоспарымыз да, тәртібіміз де бәрімізге бірдей бекітіледі. Бәріміз де бір мекемеге бағынысты болғандықтан адами әлеуетті дамыту бөліміне атқарған жұмыстарымыз жөнінде тұрақты есеп беріп отырамыз. Бәрімізге қойылатын талап бірдей. Кей адамдардың ойынша, мемлекеттік білім ордаларының білім сапасы жоғары деп есептейді. Олай емес. Құзырлы органдар тарапынан қойылатын талаптар бірдей болғандықтан айырмасы жоқ. Елімізде білім сапасы тұрақты бақылауда тұр. Педагогикалық ұстаздары құрамымыздың да біліктілігі жоғары. Жоғары оқу орындарының профессорларымен, доценттері келісім негізінде дәріс береді, лекция оқиды. Мемлекеттік емтихандарды да ғылыми атағы бар танымал тұлғалар алады. Біздегі әрбір мұғаліміміз өз саласы бойынша білімдерін үнемі жетілдіріп отырады. Бес жыл сайын аттестаттауға қатысады. Біз оған қарамастан әр жылы аттестаттаудан өткізуді дәстүрге айналдырдық. Басқалар бұл әдісті әлі қолдана қойған жоқ. Ұстаздарымыз өз саласы бойынша республиканың қай қаласында біліктілігін жетілдіру орталықтары бар болса, сонда барып, білімдерін шыңдап келеді.

— Республикадағы өздеріңізбен сабақтас колледждермен іс-тәжірибе алмасып, түрлі ғылыми, спорттық шараларға қатысып келесіздер ме?

— Әрине. Әріптестерімізбен іс-тәжірибе алмасудан шаршамаймыз. Қашанда бір-бірімізді қолдап бірлескен конференциялар өткізіп, бірге спорттық жарыстар, түрлі байқаулар өткізіп келеміз. Ол сайыстардан студенттеріміз үнемі жүлделі орындар алып жүр. Мысалы, Алматы, Шымкент қаласындағы жоғарғы оқу орындарымен меморандум жасап, соның нәтижесінде біздің колледжді бітірген студенттеріміз сол ЖОО-ға жеңілдікпен оқуға қабылданады. Енді біз жаңа халықаралық деңгейге шығудың жолдарын іздестіріп жатырмыз. Қазіргі жастарымыз шетел оқу орындарына құмар ғой.