Білім ұяларының қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі де талқыланды. Облыста бейнебақылау жүйелерін Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосуға міндетті 743 негізгі мектептің 651-інің бейнекамералары қосылған, 87,6 % құрайды. Сонымен қатар 334 орта білім беру мекемелеріне Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығатын дабыл батырмалары орнатылды. Одан бөлек, мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында жеке күзет агенттіктерін тарту мен турникеттер орнату қарастырылуда.
Түркістан облысында 4-17 жас аралығында 729 мыңнан астам бала бар. Олардың 267 мыңнан астамы спорттық үйірмелерге тартылған. Оқушылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикаға қатысты өткізген кеңесінде өскелең ұрпақтың өміріне қатысты былай деген болатын:
«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр.Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет».
Қазіргі кезде кәмелет жасына толмаған балалардың қараусыз қалуы салдарынан, орны толмас қазаға алып келетін жайлар жиілеп барады. Ата-аналардың жұмысбастылығы немесе жауапкершіліктің төмендігінен кәмелет жасына толмаған балалар беймезгіл кезде көшеге шығып, келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Осындай мәселелердің алдын алу бойынша ата-аналар мен білім беру мекемелерінің бірлесе атқаратын жұмыстарын жандандырып, педагог-психологтардың рөлдерінің маңызды екенін түсіндіре жұмыс жүргізу өзінің жемісін берері анық. Әр баланың бейініне сәйкес үйірме жұмыстарына тартып, ол бойынша нәтижесін көріп баланың қызығушылығын арттырып отыру жұмыстары қолға алыну керек. Ал біздің білім беру мекемелерімізде, балалардың қызығушылығына емес, мектеп мұғалімдерінің сағатын толтыру үшін керек етілмейтін үйірмелер ашылып, оған қызығушылық танытпаған балалар қашқалақтап екі ортада ата-ананың да білім беру мекемесінің де бақылауынан шығып, келеңсіз жағдайларға тап болуы әбден мүмкін.
Биыл Түркістан қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектептеөткізілген әдістемелік семинар «Менің аулам» әлеуметтік жобасы аясында ата-ана мен бала арасындағы жағымды қарым-қатынасты орнатудың тиімді әдіс-тәсілдері мен жолдарын айқындауға бағытталды. Семинарға қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскерлері мен білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтары қатысты.
Семинар барысында «Мектепке арналған PISA зерттеуінде қарастырылатын әлеуметтік және эмоционалды дағдылардың сипаттамасы» тақырыбында білім сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік көмек көрсетіліп, теориялық және педагогикалық тәжірибе алмасумен қатар инновациялық идеялар да айтылды. Қатысушы мамандар өз ұсыныстарымен бөлісті.
Білім жүйесі мемлекетіміздегі ең маңызды салалардың бірі. Түркістан қаласындағы Білім беру бөлімінде айтарлықтай өзгерістер мен елеулі жетістіктер баршылық. Осыған байланысты қаламыздың бас ұстазы Оразкүл Шайхықызы былай деді:
– Мемлекеттің білім беру саласына ерекше қолдау көрсетіп отырғанын оған бюджеттен бөлінетін қаржы көлемінен де аңғаруға болады. 2022-2023 оқу жылында қаланың білім мекемелерін қаржыландыруға 23 млрд. 993 млн. 56 мың теңге қарастырылған. Оның 10 млрд. 640 млн. 157 мың теңгесі – сала мамандарының айлық еңбекақысына, 677 млн. 984 мың теңгесі – білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және 6 млрд. 590 млн. 92мың теңгесі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл аз ақша емес, мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екендігі даусыз. Бүгінде Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 61 білім беру мекемелері жұмыс жасауда. Саралап айтар болсам, 21 жалпы орта мектеп, 5 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей, 2 ІТ мектеп-лицей, 1 мектеп-интернат, 1 мектеп-балабақша кешені, 1 кешкі мектеп. Олардың үшеуі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан (Әмір Темір, Әл Фараби, Кешкі мектеп), 20 мектепке дейінгі мекеме яғни балабақша және 7 мектептен тыс мекемелер бар. Одан тыс, қаламызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 27 мектеп, 87 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасауда. Мемлекеттік мектептердің 15-і қазақ тілінде, 12-сі қазақ-өзбек тілінде, 5-і қазақ-орыс тілінде, 2-і қазақ-өзбек-орыс тілдерінде оқытылады. Барлық білім ошақтары ішкі әжетхана жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ мектептер мен балабақшалар түгелдей көгілдір отынмен жылытылады. Қазақ қоғамының тағы бір проблемасы – бізде ажырасқан отбасылар көп. Ал жалғызбасты әйел қанша жерден мықты болса да ұлдарға әкенің тәрбиесін бере алмайды, оның табиғаты әйел. Сондай-ақ, кейінгі кездерге дейін ер адамдар мектеп, балабақша жұмысына араласпады. Өйткені олар отбасын асырайтын жандар ғой, көп табыс табуы керек, ал педагогтардің айлығы аз. Қазір Президенттің қолдауымен мұғалімдердің жалақысы да, мәртебесі де көтерілді. Сонымен қатар педагогтерге қойылатын талап та күшейтілді. Енді мектепке ер адамдар келе бастады. Бұл жақсы үрдіс, оған қуануымыз керек.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және үйірмелерге тарту мақсатында қосымша білім беру бағдарламасы жалпы білім беретін мектептерде жүзеге асырылуда. Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептерде 2021-2022 оқу жылында 33290 оқушы үйірмелермен қамтылса, 19100 оқушы спорттық секцияларға қатысты. 2021-2022 оқу жылында 7 қосымша білім беру мекемелеріне (Балалар мен жасөспірімдер орталығы – 1410 оқушы, Саз мектебі – 294 оқушы, «Ақжайық» музыкалық мектебі – 139 оқушы, Өнер мектебі – 72, Қолөнер мектебі – 273 оқушы, Жас туристер станциясы – 678, Оқушылар сарайы – 1188) 4054 бала жұмылдырылған. Жалпы, қала бойынша 38700 бала қосымша білім беруге қатысады. 5 мекемедегі қосымша біліммен қамтылған оқушыларға сынып бөлмелері жетіспейді. Атап айтқанда, Қолөнер мектебі, Балалар мен жасөспірімдер орталығы, Өнер мектебі, Жас туристер орталығы, Саз мектебі. Тіпті, 3 қосымша білім беру ұйымының (Саз мектебі, Өнер мектебі, Жас туристер орталығы) өз ғимараттары жоқ. Аталған білім беру ұйымдары «Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан. Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептердің көпшілігі тиісінше 2020 ағымдағы жөндеуге бөлінген қаржысына қарай Төле би атындағы №19 және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілді. Сөйтіп жаңа оқу жылын оқушылар жаңарған мектептерде бастады. Мұның барлығы түркістандық оқушылардың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар. Түркістан қаласындағы барлық мектептер жүз пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Видео жазбаны сақтау мерзімі кемінде 30 тәулікті құрайды. Мектептер арнайы күзетпен қамтамасыз етілмеген. Күзетуді қарауылдар мен вахтерлер жүзеге асырады. Мектептерге 2021 жылдың қыркүйек айында дабыл түймелері орнатылды. Білім ошақтарының 6,2 пайызы оқушылардың электрондық базасымен және турникеттермен қамтылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қатаң қолға алынған. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын іріктеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығына сәйкес жүзеге асырып отыр. Қазіргі таңда 12 мектеп, 6 балабақша басшылары іріктелді, — дейді Оразкүл Шайхықызы.