Домой Білім КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТАМЫЗ ДЕСЕК…

КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТАМЫЗ ДЕСЕК…

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруде, оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында, тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасын орындауда біршама ауқымды іс атқарылғандығын айтуымыз керек. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданды, оған мол қаражат та бөлінді. Десек те, мемлекеттік тілді дамытуда атқарылар шаралар әлі де жетерлік.

Біріншіден, соңғы кезде қазақтілді ақпарат құралдарында «Тіл туралы» жаңа заң қабылдау қажеттілігі жайлы жазылған материалдар көбейе түсуде. Бұл шараны, ел ағалары «ешбір айғай-шусыз, дау-дабырасыз, Қазақстанды мекендеген, оны өзінің Отаны деп санаған, туған бауырлардай болып бірге тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің түсінушілігін, ризашылығын тудыра отырып, ұйымдастыру керектігін» айтып жүр. Біздің ойымызша, елімізге белгілі өзге ұлты өкілдерінің, орыстілді депутаттарымыздың, әсіресе Қазақстан Ассамблеясынан сайланған халық қалаулылары орыс тілінде, өзінің ұлттық тілінде жазып, сөйлеп, қоғамдық ­ой-пікір қалыптастыратын болса, бүкіл халық ­болып туған тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайтуға сөзсіз атсалысқан болар едік.
Екіншіден, қазақ тілін дамыту, оның қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту бойынша қоғамдық ой қозғаған, жалпыхалықтық пікір қалыптастыруға бағытталған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, көрнекті-тілші ғалымдардың, тіл жанашырларының соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары мен хабарлары таратылуда. Сол жарияланымдарды жинақтап, келелі ой-пікір жиынтығын жасап отырған шараларды әзірше көре алмай отырмыз. Ендеше, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «Ақылдастар алқасы» немесе «Тіл жанашырлар тілегі» сияқты қоғамдық эксперттер комиссиясын құру керектігі кезек күттірмес мәселе деп ойлаймыз. «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ тілін төрге шығаратын уақыт жетті» (01.10.20жыл) деп, жаһанға жар салған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз бастаған, Әділ Ахметов, Мұрат Бақтиярұлы, Дархан Мыңбай сияқты қоғам қайраткерлерін, сондай-ақ ұтымды ұсыныстарымен тілге қызмет етуді ту ­еткен белгілі ғалымдардың басын біріктіру арқылы ұсынылып отырған ­комиссия аясында туған тілге ­байланысты ортақ мәмлеге келген мәселелерді Үкіметке, Парламентке жөнелтудің жолы ашылар еді. Салиқалы, салмақты ойлар іс басындағы азаматтарға да ой салып, «күрмеуі қиын істің» оң шешілуіне ықпал етері анық.
Үшіншіден, қазақ тілін үйретуге арналған оқулықтар, оқу құралдары тым аз, бар болса да сапасы сын көтермейді деген сылтау айтушылар санын азайту үшін, «Қазақ тілін үйретеміз» атты қазақ тілі оқу-құралдары авторларының форумын өткізу керек деп санаймыз. Форум аясында мемлекеттік тапсырыспен шыққан еңбектермен қатар, авторлардың өз қаражатынан жарық көрген кітаптар көрмесін ұйымдастырып, керек болса, «мастер кластар» өткізу барысын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қатыстыру арқылы көпшілікті ақпараттандыру нәтижесінде қазақ тілін үйренбеуге сылтау іздейтін, кітаптар жоқ деп босқа шулайтындарға атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан хабардар етер едік.
Төртіншіден, қазақ тілін ғылым тілі ретінде қолдану аясын мүмкіндігінше кеңейтуде де атқарылар іс-шараларды қолға алу керек. Ғылым тілі терминологиямен тығыз байланысты екенін ескерсек, мемлекеттік бағдарламалармен белгіленген мақсат-мүдделердің бірі – біріздендіру, қазақ тілі терминдерінің қорын қалыптастыру, терминдерді қолдану мен қалыптастыруға байланысты көкейкесті мәселелер өз шешімін табу үшін, Үкімет жанындағы Терминологиялық комиссия құзыретінің консультативтік-кеңестік болуына байланысты терминдерді бекіту құқығындағы Үкіметке тікелей бағынатын Терминология институтын құру керек. Бұл ұсынысымызды Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру бойынша мемлекеттік комиссияның отырысында, оның мүшесі ретінде, ресми түрде енгізген болатынбыз. Бұл ұсыныс толық шешімін тапқанша күн тәртібінен түсірмеуді мақсат етіп отырмыз. Терминология институтында тілші-ғалымдармен қатар, сала мамандарынан құралған тұрақты негізде жалақы алатын қызметкерлер еңбек етуі тиіс және тек институт бекіткен терминдер ғана қолдануға міндетті болуы керек.
Бесіншіден, Президентіміз Қ.Тоқаев қазақ тілін мемлекеттік тіл рөлінің күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келетінін айтқан еді. Ол үшін, әрине, көп жұмыс жасауымыз керек. Тіл комитетіне басшы болып тағайындалғаннан бері Әділбек Қабаның табандылығының арқасында бірқатар тындырымды шаруалар қолға алынып жатқанын айта кеткеніміз абзал. Оған өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізіліп жатқан байқаулар мен конкурстар, ірі іс-шаралар дәлел бола алады. Біздің ­ойымызша, қазақстандық этнос өкілдерінің қазақша сөйлегенін, қазақтың ұлт аспаптарында шебер ойнайтындығын тек қазақ баспасөз беттерінде емес, сондай-ақ орыстілді ақпарат құралдарында жүйелі түрде жиі жариялап, тым болмағанда тіл саясатын іске асыруға міндеттелген мемлекеттік тапсырыс аясындағы мемлекеттік газет-журналдардан арнайы «Мы говорим по казахски» деген сияқты бет арналса, қазақ тілін білмейтін қазақтарға қамшы болар ма деген ой мазалайды.
Алтыншыдан, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның орфографиялық жұмыс тобы латыннегізді әліпбиге көшу мәселелері бойынша қорытынды шешім шығару кезеңіне таяп қалғаны туралы ақпарат таратқаны белгілі. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының прези­денті, академик Мұрат Жұрыновтың төрағалығымен өткен – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы талқыланған отырыста маңызы зор мемлекеттік істің екпінін бәсеңдетуге, әрі орындалуын кешеуілдетуге де болмайды деген пікіріміз ғылыми жұртшылық тарапынан қолдау тапқан болатын. Ендеше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, латын қарпі графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің соңғы нұсқасын ғалымдардың ортақ пікірімен орайластырып қабылдайтын уақыт келді деп санаймыз.
Жетіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, оның қолдану ­аясын кеңейту туралы жазылған көкейкесті мақалалар топтамасын орыс тіліне аударып, мемлекеттік тапсырыс аясында шығарылатын кітаптар тізіміне енгізу керек деп есептейміз. Сонда ғана, толғауы терең қазақ тілі жөнінде өзіміздің қазақ тілін жетік меңгергендерге қайталай бергеннен гөрі, қазақ тілін білмейтін қандастарымызға үнімізді жеткізіп, соларға ой салсақ, іс-шара нәтижелігін көп күттірмес еді.
Сегізіншіден, Қазақстан Президен­тінің қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау тапсырмасы аясында төмендегі іс-шараларды қолға алуды ойластырғанымыз жөн. Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқандай, мемлекеттік тілді үйренуге азаматтардың құлшынысын (мотивация) ояту үшін әлеуметтік қолдау тетіктерін де қарастыру керек. Еңбек етіп жүргендерге қазақ тілін меңгергені үшін жалақысына үстемақы төлеу керек деген қоғамдық пікірді біз де қолдаймыз. Сондай-ақ ғылым-білім саласында жүргеннен соң, өз тарапымыздан мектеп бітірушілерге, жоғары оқу орындарының студенттеріне, университетке түсу немесе магистратураға оқуға қабылдау ережесінде – қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері үшін, қазақ бөлімінің барлық мамандықтары бойынша грант тағайындауда жеңілдіктер қарастыруды ұсынар едік. Ол үшін норма­тивтік-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек деп есептейміз.
Қорыта келгенде, әрқайсысымыз туған тілдің тағдырына бейжай қарамай, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға, сөзбен емес, нақты істермен ­атсалысуымыз керек-ақ!

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛІ,
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы.