Домой Әлеумет Тіл білімінің атасы

Тіл білімінің атасы

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150, ал, оның «Қазақ әліпбиі» еңбегінің Орынбордан басылып шыққанына 110 жыл толып отыр. Араб графикасына негізделген, бар болғаны 28 қаріптен тұратын бұл әліпби 1912 жылы ел қолына тиіп, ауыл балаларының сауатын ашу үшін сол жылдан бастап қолданыла бастады. Аталмыш оқулықта оқыту әдісі көрсетілгендіктен, бір жағынан оқытушыларға жеңіл болғаны анық. Екінші жағынан балалар бір жылда хат тану мүмкіндігіне ие болды. Бұрын араб қарпімен оқитын шәкірттер үш жылда әрең хат танып шығатын. 
1913 жылы  төте әліпбиді игергендер санының көбеюіне байланысты Ахмет Байтұрсынов Орынбор қаласынан осы әліпбимен «Қазақ» газетін шығара бастады. Ахаң «Қазақ әліпбиіне» қоса, оны оқытуға арналған бірнеше әдістемелік оқулық та әзірледі. Олар кеңес өкіметі тұсында ашылған мектептерде пайдаланылып, 1929 жылға дейін қолданыста болды. Елдің сұранысы мен кеңес тұсындағы қазақ мектептерінің қажетіне орай «Қазақ әліпбиінің» оқулықтары сол тұста тоғыз рет баспадан басылып шықты. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде «Қазақ әліпбиін» дүниеге әкелген Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тарихында тағы бір ұлы қадам жасады. Ол сонымен бірге, қазақ тілі грамматикасын ғылыми түрде жүйелеп шықты. Сөйтіп, Ахаң қазақтың дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін, терминологиясын толық зерттеп, қазақ тілі грамматикасының негізін салды. Ахмет Байтұрсынұлының лингвистика саласындағы бұл ғылыми еңбектерін  кезінде Орта Азия, бүкіл түркі әлемі мойындап, Ахаңның лингвистика саласындағы зор жетістіктерін өздерінің грамматикасында пайдаланды. 1929 жылдан кейін кеңес өкіметі саясатымен Қазақстандағы мектептер әуелі латын, одан кейін кирилл қарпіне көшірілгенімен, Қытай мен Моңғолиядағы 2 миллионға жуық қазақ осы күнге дейін ұлт ұстазының 28 қаріпті емлесі мен грамматикасын қолданады. Ал, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» әрбір сауатты адам түсінетіндей түрде жазылған. Онда әңгіме, роман, өлең жанрларының көптеген түріне ғылыми-теориялық терең сипаттама берілген. Мұнда да автор көптеген қазақы терминді қолданған және оны оқып отырып, Ахмет Байтұрсынұлының сөз түрлендіргіш қасиетіне таңғаласың. Ахаңның тіл оқулықтары мен «Әдебиет танытқыштағы» сол терминдері өмірде қолданысқа тез сіңіп кетті.Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлының көзқарасы бойынша, «ауыз әдебиеті де, жазба әдебиет те шығармаға жатады, олардың  құндылығы айтылған ойына, мәніне байланысты анықталады». Ал, біз ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті деп әлі күнге дейін бөліп қараймыз. Осыған қарап-ақ Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» ауыз әдебиеті және жазба әдебиет туралы теориялық байламы өте дәл бағамдалғанына көзіңіз жетеді. 
Төлеп САДЫҚОВ, 

Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері.