Арыс, біз біргеміз! Арыс, бәрі жақсы болады — бұл сөздер барлық
қазақстандықтардың ұранына айналды. Арыс қаласындағы әскери бөлімше қоймасында
техногенді сипатта орын алған апаттан соң республика бойынша гуманитарлық
жәрдем берілді.
Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық
орталығы» КММ-нің әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторының мамандары
төтенше жағдайға тап болған жандарға демеу бола
білді. Атап айтқанда, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің №3 жатақханасына
орналастырылған жандардың балаларына орталық қызметкерлері «Психологиялық
сурет салу» терапиясымен тренингтер өткізген болатын.
Эвакуацияланған арыстықтарға облыс орталығының
тұрғындары да қолдан келген көмегін аямады. Соның ішінде «Түркістан қайырымды
жандары», «Жомарт жандар», «Мейірім шуағы», «Харекет» қайырымдылық қорының
Түркістан қаласындағы еріктілері, «Тайқазан» қоры құрамындағы жастар көмек
көрсетті. Жас кәсіпкер Дихан Далмұратов бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау мақсатында
тегін 2 күнге батут орнатты.
Ерікті топтар жағдай тұрақталып, Арыс қаласындағы
тұрғындар шаңырақтарына оралған сәтте де көмек беруге атсалысты. «Өнер
қырандары» театрының әртістері мен «Харекет» қайырымдылық қорының Түркістан
қаласындағы еріктілері бірлесіп тұрғындарға 5 мың дана нан және 200-ге жуык
отбасыға бір айлык азық-түлік таратты. Еріктілер алдағы күндері игі істі
жалғастыруды жоспарлап отыр.