Домой Әлеумет ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ӨҢІРЛІК ФОРУМЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ӨҢІРЛІК ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы оқушылар сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірдегі ауылдық округ әкімдерінің облыстық форумы жұмысын бастады. Форумның ресми бөлігі басталғанға дейін, жиынға қатысушы ауыл әкімдеріне партияның әкімдер корпусымен ынтымақтаса атқаратын жұмыс бағыттары бойынша семинар болып өтті.

Семинарда «AMANAT» партиясының беделіне айналған, сайлаушылардың кең қолдауына ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыруда ауыл әкімдері тарапынан жиі қойылатын сауалдар талқыланып, аталған бағдарламаларды нақтылы жүзеге асырудың тетіктері жөніндегі талаптар түсіндірілді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының шеңберінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құруда егін, мал, құс және балық шаруашылықтарының қызметін жолға қою, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техникалық паркін жаңарту міндеттері бойынша Түркістан облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов ауыл әкімдерінің сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ семинар барысында аграрлық шаруашылықтарды дамытуда ағын су мәселесін реттеу, су үнемдеу технологияларын енгізумен байланысты сауалдар көптеп қойылып, жауаптар берілді. «Жер аманаты» бойынша жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару мәселелері жөнінде Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мағлұмат берді. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тұрғындардың қаржылық сауатын көтеруге арналған оқу курстарын өткізу мәселесіндегі түйткілді сауалдарға «Ұлы дала» қауымдастығының Түркістан облысы бойынша менторы, лектор Жандос Әзімбай жауап берді.

Форум жұмысының ресми бөлігіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев арнайы келіп, қатысты. Сондай-ақ форум жұмысына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Алмаханұлы Әбішов, облыстағы құқық қорғау органдарының жетекшілері, департамент және басқарма басшылары, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, ауылдық округ әкімдері, партияның жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Форумның ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауыл әкімдеріне тұрғындар тарапынан зор сенім артылғанын жеткізді. Халықпен тікелей жұмыс жүргізу, жергілікті жерлердегі өзекті деген мәселелерді белгілеу, олардың шешім табуына бар қажыр-қайратын арнау – ауыл әкімінің басты қызметтік міндеті екеніне назар аударған өңір басшысының орынбасары ауыл әкімдерінің жұмыс көрсеткіштері – азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруымен, ауыл адамының еңбек өнімділігін қамтуымен және ауылдардың ажарын ашатын ашатын, көркін қамтитын бастамашылдығымен өлшенетінін айтты.

Форум мәжілісін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев ашып, жүргізді. Мемлекет басшысы «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды», — деп атап көрсеткенін айтқан партияның өңірлік филиалының төрағасы, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, Жаңа Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуға, елдің тұтастығын бекемдейтін саяси үрдістердің барынша ашық болуына үлесін қосып жатқанын жеткізді. Осы орайда, Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше атап өткенін назарға алды.

«Экономикасы ауылшаруашылығына бейімделген, тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – шын мәнінде, ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды. Облыстың барлық аудан, қалаларында филиалдары бар партиямыз, атқарушы билік жауапкершілігінің жоғары болуын қамтуда және партияның басымдықтарын іске асыруда, ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидаттарын ұсынып, халықтың қолдауына ие болған бүгінгі таңдағы ең ықпалды саяси күш болып отыр», — деп атап көрсетті партияның өңірлік филиалының төрағасы.

Ауыл әкімдеріне күн тәртібіндегі өзекті деген мәселелер бойынша әдістемелік көмек көрсетуді мақсат тұтқан жиын барысында, ауыл әкімдерінің корпусы мен облыстық деңгейдегі құқық органдары арасында өзара ықпалдастық байланыстарды орнату міндеті де көзделді. Партия ашып берген алаңда Түркістан облысындағы құқық органдарының басшылары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша ауыл әкімдерімен бірлесе атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады, өзара ықпалдастықты арттырудың тиімді тетіктерін талқылады.

Маңызды практикалық мәні айшықталған жиында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков хабарлама жасап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңдылықтың сақталуы, азаматтар өтініштерін қарау, қоғамдағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешуде заңда белгіленген тәртіпте қажетті шаралар қабылдау мәселелерінде назар аударылуы тиіс талаптарға тоқталды. Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов қоғам тұрақтылығын сақтау мен қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуда ауыл әкімдерімен бірлесе атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады, полиция құрылымдарымен өзара байланыстарды арттырудың мүмкіндіктерін тізіп берді.

Ал, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынов пен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қоғамдық қатынастарда сыбайлас жемқорлықпен байланысты тәуекелдерді төмендету, қоғамда осы келеңсіз көрініспен ымырасыз күрес жүргізу, нағыз құқықтық қоғам құру міндеттеріне тоқталды. Мемлекеттік сатып алу процедураларының ашықтығын қамтамасыз ету, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметттердің сапасы бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысушылар мен мемлекеттік орган басшыларының жауапкершілігін күшету мәселелері кеңінен баяндалды.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша ауыл әкімдерімен бірлескен іс-қимыл жүргізу бағытында қабылданған шешімдер жөнінде баяндады.

Форум жұмысының соңында мәжілістің қорытынды құжаты қабылданып, партия мен ауыл әкімдерінің корпусы арасында өзара тиімді жұмыс жүргізуді жалғастыруда бірқатар міндеттер белгіленді. Партиямен терең ықпалдастықта жұмыс жүргізіп, партия айқындаған құндылықтарды табысты іске асыруға белсенді қатысқан 48 ауыл әкіміне партияның өңірлік филиалы төрағасының Алғыс хаты табысталды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі