Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 80 ГЕКТАР АУМАҚҚА ЖАҢА ШАҒЫНАУДАН САЛЫНАДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 80 ГЕКТАР АУМАҚҚА ЖАҢА ШАҒЫНАУДАН САЛЫНАДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай ауданындағы сапары барысында өңірдегі бірнеше нысандармен танысты. Ең әуелі аудан орталығы Жетісай қаласындағы 80 гектар аумақта орналасатын жаңа шағынауданның жобасымен танысты. Бүгінде жобалық сметалық құжаттары толық аяқталған. Алдағы уақытта аталған орталықта 20 көпқабатты тұрғын үй, 1200 орындық мектеп, балабақша, спорт кешені сынды әлеуметтік нысандар бой көтермек. Орталықтың өзіндік жеке газ жүйесін реттеуіші, ауыз су мұнарасы, жылу қазандығы, подстансасы салынатын болады.

Кейін облыс басшысы «Жетісай» биофабрикасына аялдады.Ынтымақ ауылында орналасқан кәсіпорын 2011 жылы құрылған. Фабрика жылына 50 мың гектар алқапты зиянкестерден қорғайтын жәндік өсірумен айналысады. Атап айтқанда, трихограмма (44кг), алтын көз (7 млн дана), бракон (9 млн. дана) сынды өнімдерді өндіреді. Бүгінгі таңда кәсіпорында 24 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорының жұмысымен танысқан облыс басшысы ауыл шаруашылығына қажетті өнімдерді өндіруде аталған фабрика жұмысын жандандыра түсуді айтты.

«Жетісай» биофабрикасының мәжіліс залында аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев аймақтың даму жоспарымен таныстырды. Онда аудандағы индустиалды аймаққа орналасатын жобаларды, өңірді инфрақұрылыммен қамту мәселелері баяндалды. 2018 жылы ауданда атқарылған жұмыстар сөз болды. Жиынды қорытқан Өмірзақ Шөкеев жалпы облыстың оңтүстік аймақтарындағы аудандардың дамуы баяу жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды көбейтуді тапсырып, өзінің жеке қадағалауында болатынын жеткізді.

Облыс әкімі Жетісай ауданындағы сапары аясында Ш.Уәлиханов жалпы орта мектебінің ғимаратын көрді. Өмірзақ Естайұлы аудан басшылығына тозығы жеткен нысанның орнына жаңа заманауи үлгідегі мектеп салуды тапсырды.

Сапар соңында облыс басшысы Жылысу ауыл округінің Жылысу, Мырзашоқы, Байқоныс, Баққоныс, Әл-Фараби елді мекендерін сумен қамту жүйелерімен танысты. Ондағы ауыз жүйесінің жалпы ұзындығы – 111,9 шақырым. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталса, 1907 абонетті сумен қамтитын болады.