Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА 300 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА 300 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Биыл Түркістан облысында жалпы мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осы мектептердің 20-сы биыл пайдалануға берілсе, 13 мектеп келесі жылы тапсырылады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осылайша, 2025-ші жылға дейін өңірде 96 білім ошағы бой көтереді. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Бүгін Жетісай қаласында білім ұясы қолданысқа берілді. Жетісай ауданына арнайы іссапармен барған өңір басшысы Дархан Сатыбалды Ш.Уәлиханов мектебінде болып, оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындармен жүздесті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қолдау көрсету, мектеп тапшылығын жою жөнінде тапсырма берген болатын. Мінеки, бүгін осы жұмыстың бір нәтижесін көріп тұрсыздар. 300 орынға арналған жаңа мектеп толықтай заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған.

Бұл жаңа мектеп қабырғасынан елімізге адал қызмет ететін білімді және өнегелі түлектер самғап ұшады деп сенемін. Баланың көрген–білгені жадында сақталып қалатыны белгілі. Жас баланы туғаннан айналасындағы әдемілікті көріп, сезіп, түсініп өсуге баулу, тәрбиелеу керек. Мұндай ортада өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ болашақта да осы қасиеттерді бойына сіңіреді. Осы білім ұясынан Абайдай, Ыбырайдай ұлы тұлғалар шыға берсін! – деді Дархан Сатыбалды. Облыс әкіміне мектепке орнатылған турникетті таныстырды. Онда барлық оқушылар мен ұстаздар, техникалық қызметкерлердің мәліметі толық енгізіледі. Мектепке келгенде турникеттің экранына жақындаса, сканер арқылы мәліметі базада болса ғана турникет ашылады. Жалпы Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты 300 оқушыдан жоғары оқушысы бар 63 мектеп арнайы лицензиясы бар мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілсе, 700 оқушыдан жоғары 24 мектепке турникет орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бөлімге қарасты 72 мектепте дабыл батырмасы толық орнатылған.Салтанатты лента қию рәсімінен кейін қонақтар мектепті аралап көрді. Сынып бөлмелерімен, ондағы оқу құралдарымен танысты. Стандартқа сай салынған спорт залында волейбол, баскетбол, үстел теннисі және футбол сынды спорт түрлерін дамытуға жағдай жасалғанын көрді.Айта кетейік, Жетісай қаласындағы бұл мектептің құрылысы тоқтап, мердігер мекеменің салғырт ісі осыдан 2 жылға жуық уақыт бұрын сотқа өткен болатын. Кейін қайта өткізілген конкурстың нәтижесінде құрылысты «Таймас» компаниясы қолға алып, 2 ауысымда тынымсыз жұмыс жүргізген. Нәтижесінде, жоспарға сәйкес 2024 жылы тапсырылуы тиіс 300 орындық мектеп 9 айда қолданысқа беріліп отыр.Жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын Ш.Уәлиханов мектебінде ІІІ тоқсаннан бастап 562 оқушы білім алады.Ұзақ уақыт өзге мектептің ғимаратында білім алып келген Ш.Уәлиханов мектебінің оқушыларына соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған физика, химия, информатика, мултимедиялық және лингафондық кабинеттерде сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Сонымен қатар мұнда спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы да бар.Айта кетсек, бүгінде аудандағы жалпы білім беретін 84 мектептің 74-і мемлекеттік болса, 10-ы – жекеменшік. Білім ұяларындағы 45 526 оқушыға 5526 педагог білім беруде.