Ұстаз — таудан сарқырап аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз — Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз — ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттерді сіңірген адам ол ұстаз. Менің мамандығым — тәрбиеші. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу — игілікті істердің бастамасы екенін сезгендеймін.
Ендігі алға қойған мақсатым — білікті тәрбиешілердің қатарынан көріну, білімді балалар тәрбиелеу. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» деп М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу тәрбиешінің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын — болашақта ұлағатты тәрбиеші болу басты арманым. Тәрбиеші — балабақша жүрегі болса, оның беделі балабақшаның беделі. Ал, балабақша — мемлекеттің басты тірегі деп айтсақта болады. Олай болса, қазіргі таңда тәрбиеші білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз ісін жетік меңгерген болуы керек. Тәрбиешілер қатарын толықтырып отыратын мен сияқты жас мамандар да талмай үнемі ізденіс үстінде болып, әр баланы мектепке ақылды, тәртіпті, білімді бала қылып балабақшадан жақсы түлектер ұшырса шығар асуымыз алыс емес. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры тәрбиешілер мен мектеп ұстаздарының қолында. Сондықтан әрбір ұстаз бұл жауапкершілікті сезінсе, біздің мемлекетіміздің қорғаны нығая түспек. К.Ушинский: «Ұстаз — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана ұстаз, ал оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның ұстаздығы жойылады» деген ойымен келіспеу мүмкін емес. Күнделікті таңертең балабақша ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Балабақшаға кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, кішкентай бүлдіршіндеріміздің тәтті қылықтары мен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар» деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Алдымызға келген балалар — біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі — жан дегенде жалғызы, бірі — ерке, бірі — қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын таңшолпандай жарқыратып, жан дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Ең алдымен өзіме осы екі асыл қасиетті серік етемін. «Білімді болуға — оқу керек. Бай болуға — кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек» деген А.Байтұрсынов саралаған әдемі жолдардың ізімен жүріп өтсек бірлігіміз бен кәсібіміз одан әрі жандана түсетініне сенемін. Балабақша — балалардың екінші үйі болса, ал тәрбиешілер екінші анасы екенін әрдайым санамда ұстаймын. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі мен үшін үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату тәрбиеші деген ұлы тұлғаның парызы.
Ұстаз болып жұмыс істей отыра, әр бала жеке дара тұлға екенін сезініп және сен ұстаз ретінде әр баланың жүрегіне кілт таба білуін керек. Тек қана балаларға емес, оның ата – анасынада.
Мен неге тәрбиеші мамандығын таңдадым? Жауабы өте оңай. Себебі мен балаларды жақсы көремін. Әркім өмірлік жолын өзі таңдайды. Басты сұрақ: «Менің өз таңдауым дұрыспа?» 20 жыл өтседе мен нық жауап бере аламын:
Мен тәрбиешімін!
Мен оған мақтанамын.
Балалардың күлкісіне шаттанамын – дей келе отырып, «тәрбиеші болу – бір бақыт» деймін.
Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Сол себепті мектепте білім берумен қатар тәрбие мәселесіне де жете көңіл бөлінуде. Еліміз егемендік алып, өзін дүниежүзіне таныта бастаған кезеңде патриоттық тәрбиенің мәні өте зор.
Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруші – мұғалім. Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» — десе, А.Байтұрсынов «Мектеп керектері» еңбегінде: «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақ. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақ. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогика мен методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», — деп жазды.
Бүгінгі күнде тәрбие өткен жылдарда жинақталған тәжірибеге арқа сүйейді. Қазіргі күннің талабы – баланы жан-жақты тәрбиелеу. Жаңашыл мектептерде тәрбиенің сапасына, әдіс-тәсілдерінің мазмұнына, мақсатына зор көңіл бөлуде, жаңаша көзқарас қалыптасуда. Бүгінгі талап – қарқынды өркениет бағыттарынан қалыспай, терең білімді игеру. Осыған орай, қазақ мектептерінің оқыту жүйесінде әлемдік және ұлттық негізде жеке тұлғаны дамыту үшін өте орынды жағдайлар жасалып, нәтижелері көрінуде. Болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі ең басты міндеттердің бірі – оқушылардың іс-әрекетін ізгілендіріп, рухани дамуының дұрыс жолға қойылуы. Ол үшін оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін гуманистік бағытта тәрбиелеп, олардың шығармашылықпен дамуына жол ашу.
Тәрбие процесінің барлық кезеңінде белгілі бір сапалар қалыптасады, бірақ әр сыныпта тәрбие әдісі өзгеріп отыруы тиіс. Бірінші сыныпқа дәл келетін әдіс-тәсіл үшінші сыныптағыларға сәйкес келмейді, ал бесінші сынып оқушылары ол әдісті қабылдамауы мүмкін. Тәрбиеленушілердің жеке және тұлғалық ерекшеліктері ескерілуі қажет.
Қазіргі таңда еліміздегі оқу-тәрбие жұмысына байланысты болып жатқан жаңартулар білім мен тәрбие жұмысын қайта қарауды міндеттейді. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі алға қойған басты міндет. Ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Жас ұрпақ тәрбиесі қай заманда болмасын уақыт сынынан түскен емес. Тәрбие мәселесі — адам баласының ғұмырындағы көнермейтін, қоғам тіршілігінен ажырамайтын баға жетпес құндылық.
Заңғар жазушымыз М.Әуезов «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасын, шын мақсатын түсіне алмайды» — деген екен. Жан жемісі оқу-білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз – мектеп, ал мектептің жүрегі – мұғалім.
Мектеп – білім ошағы, тәрбие ордасы, тағылым табалдырығы. Мектеп – тұлғаның толық қалыптасуына жағдай жасайтын әлеуметтік орта. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» — деп Абай ғұлама айтқандай, жүректің жылуы, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдері бар рухтың мекені мектеп екенін ақиқат. Қазіргі қазақ мектептері оқыту мен тәрбиенің сапасына, әдіс-тәсілдерінің мазмұнына, мақсатына көңіл бөлуі қажет.
Оқу-тәрбие үрдісінде әрбір шара ата-аналардың қатысуымен өткізілетінін ерекше атағым келеді. Ата-ананың балаға өнегесі – барлық жағдайда ең күшті бағдар екені сөзсіз. Отбасындағы шынайы ұлттық тәрбие қолға алынбай, бала ұлттық тәрбиенің нәрін татпай, оның ұлттық менталитеті қалыптаспайды. Ондай жағдайда ол өзін де, өзгені де сыйлап құрметтеп, отбасының, елінің намысын ойлап жарытпайды. Мұндай мәселелерде, әсіресе, жанұяның рөлі ерекше. Себебі, тәрбие отбасынан басталады. Балаларды тәрбиелеуде ата-аналарды оқу-тәрбие процесіне қатыстыру, олармен тығыз байланыс жасау мәселесі негізгі орын алуы тиіс.
Мақсатымыз айқын, міндетіміз түсінікті. Біз үшін өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін ұстаз дегеннен асқан құрметті атақ жоқ. Ол үлкен міндеттер жүктейді.