Сауран ауданында республикалық дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өтті. Акция аясында мемлекеттік білім беру қорынан 578 оқушының ата-аналарының есепшоттарына әр балаға 40 567 тенгеден бөлінді. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 112 оқушы мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Дәстүрлі науқанға аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев арнайы қатысып, бүлдіршіндерге оқуда озат болып, үлгілі оқушы атануларына тілектес екенін жеткізді.
— Әрбір бала үшін мектепке дайындық ерекше сәт. Өкінішке орай, бәрінің де мектепке қажетті жабдықтарды сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді. «Мектепке жол» акциясына қатысып, көмек көрсеткен барша демеушілерге алғысымды білдіремін. Мұндай игі істер жыл бойы жүргізіліп, қайырымдылық көмектер жалғасады деген сенімдемін, — деді аудан басшысы.
Жаңа оқу жылында Сауран ауданында 4 мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, 5 «Жайлы мектептің» құрылысы басталған. Акцияда ️кәсіпкерлер тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, мектеп формасы, спорттық киім, оқу құралдарын төмен бағада сатылымға шығарды.