Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ МАҚСАТЫНДА ҚОЙМАЛАР КӨБЕЙЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ МАҚСАТЫНДА ҚОЙМАЛАР КӨБЕЙЕДІ

Түркістан облысында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, олардың бағаларын тұрақтандыру бағытында тың қадамдар жасалуда. Соның бірі жаңадан жылыжай кешендерін салып, халықты арзан көкөніспен қамтамасыз ету. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына сапары барысында Жетісай қаласындағы 5000 тонналық көкөніс қоймасын қайта жабдықтау жобасымен танысты. Жергілікті кәсіпкерлермен кездескен облыс басшысы осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беруді тапсырды. Сондықтан да жы­лы­жай кешендерінің көлемін кеңейте отырып, көкөніс сақтау қойма­ла­ры­ның қуатын арттыру да қолға алынуда. Бұл бағытта озық технологиямен жарақтандырылған, әлемдік стандарттарға жауап беретін қон­дырғылармен жабдықталған қой­­малар салынады. «Раджапов» қоймасында қазіргі таңда 5 түрлі 3 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері сақтаулы. Алдағы уақытта жалпы қуаттылығын 5 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер қойманың көлемін 5000 тоннаға дейін ұлғайтуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін жеңілдетілген несие қажет екенін айтты. І-ІІ кезең бойынша іске асыру мерзімі – 2023-2024 жыл. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қоймалар саны артатынын айтып, аудан әкімі мен жауапты басқарма басшылығына жаңа кәсіпорындар ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Көкөніс пен жеміс-жидекті сақтау, терең өңдеу ісіне бет бұру керектігін айтты. Мемлекет тарапынан кәсібін енді бастайтын жандарға және келешекте кәсібін кеңейткісі келетін азаматтарға қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.