Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 8000-НАН АСТАМ ТҰРҒЫН ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 8000-НАН АСТАМ ТҰРҒЫН ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Түркістан облысының шалғай ауылдарына да газ беріліп жатыр. Күні кеше Сауран ауданы Ибата ауылы көгілдір отынға қосылды. Мемлекет басшысының Қазақстан аймақтарын газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында аталмыш жоба жүзеге асырылуда. Газды қосу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.

– Міне, көптен күткен Ибата ауылына көгілдір отын – газ келді. Осы нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүргізілді. Ендігі жерде Сіздер қыс басталғанға дейін газ кіргізуді қолға алу қажет деп санаймын. Газ негізінен экологиялық таза отын, алдағы уақытта елді мекен халқының әл-ауқатын дамытуға серпіліс береді деп ойлаймын, – Зулфухар Жолдасов.

Қазіргі таңда Түркістан облысын газдандыру деңгейі 74 пайызды құрап отыр. Елді мекеннің газ құбырларының ұзындығы 99,3 мың метрді құрайды.

– Биыл ұлттық компания 19 елді мекенді газға қосты. Бүгінгі таңда жобаны жүзеге асырудың арқасында Ибат ауылының 8 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен Түркістан облысында 14 ауданның 13-і газдандырылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Сауран өңірінің Ойық, Бершінтөбе және Шоқтас елді мекендерін қосу жоспарлануда, – деді Санжар Жаркешов.

Сонымен қатар Түркістан АГТС-те күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарының барысы тексеріліп жатыр. Айта кетейік, жазылушылар саны 235 791 болса, оның 36 659-ы Түркістан қаласында. Биыл Ұлттық компания 76 елді мекенді көгілдір отынға қосуды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысы әкімдігімен бірге ұлттық компания Келес ауданындағы Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерін көгілдір отынға қосқан болатын. Ал Сауран ауданында 36 елді мекен болса, оның 8 елді мекені тауарлық газбен қамтылған. Осылайша, облысты газдандыру 22 пайызды құрайды.