Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап еліміздің көпбалалы мұқтаж отбасылары мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Атаулы әлеуметтік көмекке көбінесе ауылда тұратын көп балалы аналар мұқтаж екені айтпасада белгілі.
«Дүниеге бір перзент келсе, бір қозы артық туады; бір қозы туылса, бір уыс шөп артық шығады» дейді атам қазақ. Яғни әр баланың өз несібесі бар. Бүгінде көп балалы аналар атаулы әлеуметтік көмекті перзенттерінің несібесі деп санайды және әрбір теңгені еселей отырып, отбасы пайдасына жаратқысы келеді.
Мемлекет тарапынан беріліп жатқан бұл көмекті түлкібастық көпбалалы
аналар тиімді пайдаланып, кедейшілік шегінен шығу мақсатында өз
тірліктерін дөңгелете бастады.
Бүгінгі таңда аудан аумағында 3452 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, соның ішінде 2798 отбасы нәтиже көрсетті.
Қарапайым халық үшін жасалған бұл көмек көпбалалы аналар үшін қолдауға ие дүние болды.
Ауылды жерде тұратын көпбалалы аналардың дені үй іргелік қораларында төрт түлікті көбейтуге мүмкіндік алып, ал, біреулері құс шарушылығы мен бақша өнімдерін өндіруді және басқа да бағыттағы кәсіптерді жандандыра бастады.
Осылайша атаулы әлеуметтік көмекті тиімді пайдаланудың жолын тауып, шағын кәсібін кеңейте түсуді көздеп отырған отбасылар ауданымызда көбейіп келеді.