Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ӨҢІРДЕ 469,3 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ КӨКӨНІСТЕР МЕН ЕГІН ЕГІЛДІ

ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ӨҢІРДЕ 469,3 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ КӨКӨНІСТЕР МЕН ЕГІН ЕГІЛДІ

Биыл жері берекелі, елі мерекелі Түркістан облысында 469,3 мың гектар жерге көкөністер мен егін егілді. Өз кезегінде, жыл сайын облыста жиналатын бақша өнімінің көлемі қазақстандық нарықтың қажеттілігінен 3,5 есе артық болғандықтан, артық өнім шетелге де экспортталып жатады. Ресей, Беларусь пен Латвия қазақстандық қарбыз бен қауынның негізгі тұтынушылары болып саналады. Бұл тұрғыда, Түркістан өңірінде қауын мен қарбыз мақтадан кейінгі экспортқа бағдарланған екінші тауар болып саналады екен. Осы орайда, Түркістан облысының тұрғындарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.

Сонымен қатар, өңірде дәл осы салаға қатысты жағымсыз ақпараттар да жарияланып жатады. Мәселен, биыл әлеуметтік желілерде Мақтаарал ауданының бақша алқаптарында түсірілген әуесқой бейнежазба таралып, онда «фермерлер жиналған өнімге сұраныстың төмен болуына байланысты тонна қауынды лақтырып жатыр» деген пікір айтылған. Алайда, бұл кадрлардың Нұрлыжол ауылында түсірілгені анықталған. Сөйтсе, видеодағы өнімдер келесі жылы тұқым алу үшін қалдырылған қауынның қалдықтары екен. Бұл өңір диқандарының ысырапшылдығын емес, керісінше келер жылға дайындық жасап жатқандықтарын аңғартты.

Жалпы, биыл бау-бақша өнімдері саласын қолдауға 6,5 млрд. теңге бөлініп, ол қаражат минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға бағытталған. Ал, тағы 375 млнн теңге пестицидтер мен биогенттерді сатып алу шығындарын өтеуге жұмсалса, тұқым шаруашылығын қолдауға 600 млн теңге қарастырылған.

Атап өтсек, елімізде биылғы егісті қаржыландыру былтырғы жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Нәтижесінде, Түркістан облысының фермерлері Аграрлық несие корпорациясы арқылы 11,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Сондай-ақ, өңір шаруаларына 48,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Өз кезегінде өңір диқандары мемлекет тарапынан қарастырылған бұл мүмкіндіктерді әрдайым тиімді пайдаланып, бау-бақшада көл-көсір табысқа кенеліп отыр.

Осы ретте, біз оқырмандарға арнап бақша өнімдерін дұрыс таңдау үшін санитариялық дәрігерлердің бірнеше кеңесін ұсынғанды жөн санадық. Мамандардың сөзіне сүйенсек, кез-келген көкөністерді, жеміс-жидектерді пісу маусымына сәйкес сатып алу керек. Мәселен, қауын мен қарбыз үшін шілде-қыркүйек айлары пісу уақыты болып есептеледі.

«Бақша дақылдарының айналымы (тасымалдау, сақтау және өткізу) олардың сорты, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын қажетті ілеспе құжаттар болған кезде ғана рұқсат етіледі. Қарбыз-қауынды сақтау үшін жабдықталған бақша павильондарында және супермаркеттерде арнайы сөрелерден сатып алу дұрыс, себебі онда бақша дақылдарын сақтаудың санитариялық шарттары әлдеқайда жоғары. Қауын, қарбыздарды сөрелерде, арбаларда және осындай мақсатта арнайы жабдықталған ашық алаңдарда сатуға болады. Бұндай жағдайда бақша дақылдарының жемістерін жерде сақтауға болмайды», – делінген санитариялық дәрігерлер таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, тұтынушының сатылатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды (декларацияны) сұратуға құқығы бар. Бұл тұрғыда мамандар: «Кесілген қарбызды немесе қауынды сатып алмаңыздар және сатушыдан оларды кесуді сұрамаңыздар, бұл санитариялық ережелермен тыйым салынған. Кесілген қарбыз бактериялық ластанумен қауіпті. Жақсы қауынды қанық сары немесе қызғылт сары түсімен және хош, қанық және жағымды иісімен таңдауға болады. Қатты піскен қауыннан қантты жемістердің иісі сезілуі мүмкін. Сондай-ақ, қабығы бұзылған немесе жаншылған болса, қауынды сатып алмаған жөн, себебі олардың асты былпылдақ және ащы болуы мүмкін. Тәтті қарбызды анықтау үшін басқа да амал – сыртқы қабығын тырнап көру. Егер тек жоғарғы эпидермис алынса, онда ол піскен. Бұл дұрыс сатып алудың ең қарапайым әрі тиімді әдісі», – дейді.

Мамандардың айтуынша, қарбызды таңдағанда оны шертіп, дыбысынан пісіп-піспегенін білуге болады. Дыбыс қарбыздың ішіндегі мәйектің жұмсарғанына немесе жұмсармағанына байланысты. Жас жеміс сыңғырлайды, ал піскен қарбыздың дыбысы саңырау болады. Қарбыздың құрғақ түйнегі оның піскендігінің белгісі емес, тек жемістің қанша уақыт бұрын жұлынғанын көрсетеді. Қарбыз бен қауынды тұтынар алдында сабынмен мұқият жуып, қайнаған сумен шаю керек. Қарбыз, қауын және басқа да дақылдар сияқты құрамында талшықтары мен глюкозасы көп өнімдерді тамақтанғаннан кейін ғана тұтыну керек.

«Сонымен қатар, қауын мәйегінде темір, калий, кальций, магний, В, С және А дәрумендер тобы, каротин және пектиндер көп екенін білу пайдалы. Осы микроэлементтердің арқасында қауын жүрек-тамыр ауруларының алдын алу құралы болып табылады, қандағы холестеринді төмендетеді және атеросклероздың дамуына жол бермейді, жүйке жүйесін тыныштандырады, асқазан жұмысын қалыпқа келтіреді, сонымен қатар организмді токсиндерден тазартады. Қарбыз ыстықта сергітіп қана қоймайды, сонымен қатар құрамындағы көптеген заттармен пайдалы. Қарбыздағы фолий қышқылы (В9 дәрумені) бауырдың майлы инфильтрациясына жол бермейді, иммундық жүйені қорғайды, ақ қан клеткаларының – лейкоциттердің қалыпты құрылуы мен жұмыс істеуіне ықпал етеді, жүктілікте маңызды рөл атқарады – эмбрионның жүйке жасушаларының қалыптасуын реттейді, бұл оның қалыпты дамуы үшін аса маңызды», – дейді санитариялық дәрігерлер.