Балалар – өмірдің өзегі, келер күннің тірегі. Оларға айрықша көңіл бөлу – ел ертеңі үшін аса маңызға ие
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен құрылған «Мейірімділік нұры» акциясы шеңберінде Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» жасөспірімдерімен «Берекелі алтын күз» мерекелік шарасы өтті. Шараның негізгі мақсаты — жас буынның тұла бойындағы тума таланттары мен дара қасиеттерін дамыту, оларды өнер мен мәдениеттің бұлағына баулу және қарым-қабілеттерін шыңдау арқылы жарқын болашаққа жол нұсқау.
Шалқар шабытқа толы шарада балалар үздік сахналық қойылымдарын қойып, мазмұнға толы жыр-дестелерін оқыды. Бұлбұл дауысты бүлдіршіндер әуелете ән салып, қырмызы қыздар бұрала би биледі.
Мерекелік кеш барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері сөз алып, балалар ауылының талантты тәрбиеленушілеріне ыстық ықыласын білдірді.
Сондай-ақ, қоңыр күзде құлпыра түскен жасөспірімдердің жарқын болашағына сенім білдіріп, балаларды шаттық шуағына кенелтуге, оларға жан жылуын төгуге әркез дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетсек, алдағы уақытта да Департаменттің бастамасымен Арыс қаласындағы балалар ауылының бүлдіршіндерімен жиі кездесулер ұйымдастырылып, «Мейірімділік нұры» акциясы аясында өз жалғасын табатын болады.