Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ӨРІСІН КЕҢЕЙТУДЕ

ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ӨРІСІН КЕҢЕЙТУДЕ

Түркістандық тауар өндірушінің өнімдері жәрмеңкелер мен көрмеерде көптеп қойылып келеді. Олардың басым көбі отандық тауар өндіруші кәсіпорындар. Олардың арасында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Ленгір балмұздағы» зауыты, «Бөрте милка» ЖШС, «Эмир» брендімен танымал «Айқан» ЖШС, «Маяқұм шұбатын» өндіретін «Отырар сүт-ет» АШӨК, «Майлыкент–сүт» АШӨК, Келестен келген тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын «Саф» ЖШС, «Батсу» Бадам кірпіш зауыты сынды брендтерден бастап, кішігірім жеке кәсіпкерлер мен қарапайым өндірістік кооперативтер де бар. Солардың бірі – интенсивті бау шаруашылығымен айналысатын, жеміс шырындарын өндіретін «Dala – fruit» компаниясының өкілімен әңгіме өрбіткен едік.

Жеміскүл Қалиева, «Dala – fruit kz» ЖШС, жеміс сақтау қоймасының меңгерушісі :

–Біздің компания жемістерді өсіру, сақтау және жеміс шырындарын шығарумен айналысады. Кәсіпорын 2012 жылы құрылған, Сайрам ауданы , Әйтеке би ауылында «Дала фрукт» деген 135 гектар жерге егілген бауымыз бар. Онда алманың 15-тен астам сорттары өсіріледі. «Голден», «Айдарег», «Дала» т.б. алма түрлері бар, кәсіпорынның иелігінде жемістер мен көкөністерді сақтайтын 185 тонна сыйымдылығындағы 49 мұздатқыш-қоймалары бар. Сонымен қатар, сағатына 2000 литр жеміс шырынын сығу мүмкіндігі бар табиғи шырын өндіретін зауытымыз бар. Зауыттан 0,8л, 3,0 л , 10,0 л, 15,0-20,0 литр көлеміндегі шырындар шығады. Біздің кәсіпорынның елімізді жыл бойы балғын жемістермен қамту мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, Сарыарық ауылында 200 гектар бауымызда: алма, қара өрік, жүзім өсірілуде. Қара өріктің «Анжелика», «Даймонд» деген жаңа сорттарын өсіріп жатырмыз. Компания, сонымен қатар былтырдан бастап Түркістанда 400 гектар жерге бау егіп, «Түркістан фрукт» деп аталатын еншілес фирма құрды. Мұнда агрономдарымыз жер жағдайын климатты ескере отырып, өнімділігі жоғары қараша өрік түрлерін еккен болатын. Бау биылғы жылы жеміс беру керек еді, ауа райына байланысты (ерте көктемде үсік шалып) аздап алғашқы нышандарын байқатты. Десе де, келер жылдары жақсы өнім аламыз деген жоспар бар. Түркиялық сұрыптар өнімділігі өте жоғары. Бұл жаңа сұрыптар ерекше: көлемі жағынан алма пішіндес, етті.

Соңғы 3 жылды қарастыратын болсақ өзіміздің жинап алған (5500 тоннаға дейін жиналған) өнімдеріміз жылдық айналымға толық жетті. Алма жеткілікті болды. Бірақ, биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты алмалар жақсы болмады, сондықтан алманы сырттан алып келу мәселесі қарастырылып жатыр. Қалай болғанда жеміс шырыны өндірісін тоқтатпайтынымыз анық.

Компания өнімдері қыркүйек айынан бастап ішкі нарыққа жол тартады. Әуелі жергілікті нарыққа арзандау түрлері сатылады. Қазақстанның барлық қалаларына сұранысқа қарай түрлі сұрыпты алмаларымыз жеткізіледі. Логистика: жүк көліктері паркіміз бар. Қыс айларында Ресейге кетеді. Ресейден сұраныс жоғары болуда. Еліміздің «Магнум», «Галмарт», «Метро» секілді ірі сауда желілерімен келісімшарттарымыз бар. Астана, Ақтау, Батыс Қазақстан өңірлерінен сұраныс жоғары болды. Алманың жоғары сұрыптарын нарыққа алма күйінде шығарамыз, 2-3 сұрыптарынан шырын сығып өнім ретінде ұсынамыз. Шырындарымыз табиғи, таза экологиялық өнім ретінде нарықта орныққан, тұтынушыдан бағасын алған. Даму Қоры ұйымдастырған «Ұлттық өнім» жәрмеңкесі, ауылшарушылығы байқауларының сертификаттарын иеленген. Өткен жылы өнімдеріміздің 80 пайызын экспортқа шығардық.

Технологияға келетін болсақ, құрылғылардың барлығы Италиядан алынған, технологтарымыз да сол жақта оқып, біліктіліктерін жетілдірген мамандар. Өткен жылы Ресейден көп сұраныс болды дедім ғой. Сонда клиенттің сұранысына орай қаптама (упаковка) жасалып отырды. Клиент 50-55 немесе 60-65, 75-50 колибрлі (колибр – алманың өлшемі) алманы талап етсе соған қарай аппарат өзі сұрыптап береді, жұмысшылар тек қораптарға салып отырады. Компанияда 79 адам жұмыс істейді.

ТҮЙІН

Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі – әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстың экономикасын дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оған бүгінгі өткен мына көрмеге қатысқандар анық аңғарғандаймыз.

Әтіргүл ТӘШІМ,

«Түркістан».