Домой Басты жаңалықтар ТҮЛЕКТЕР СЫНЫПТАСТАРЫНА ТҰРҒЫН ҮЙ КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ

ТҮЛЕКТЕР СЫНЫПТАСТАРЫНА ТҰРҒЫН ҮЙ КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ

Түркістан қаласының Бекзат мөлтек ауданында орналасқан №11 Ж.Жабаев, №18 Ж.Еділбаев, №31 Абай атындағы мектептерін 20 жыл бұрын яғни 1999 жылы бітірген түлектер өздерінің 20 жылдық кездесулері қарсаңында ізгілікті істі қолға алды. Атаулы күнді атап өту мақсатында бас қосқан үш мектептің түлектері Рамазан айында қайырымдылық шараны өткізуді ұйғарып, өздерінің арасынан көмекке мұқтаж сыныптастарына тұрғын үй салып беруді жоспарлаған. Жуырда осы ізгілікті шара іске асып, тағы бір отбасы қуанышқа кенелді.
«Жақсылықты әуелі жақыныңнан баста» деген қария анасымен бірге тұратын Бақтыбай Таубаевтың тұрмыстық жағдайын ескерген бірге оқыған құрдастары оған тұрғын үй табыстауды жөн көріпті.1982 жылы туылған түлектер жоспарлаған үйдің құрылысын бір айдың көлемінде аяқтап 3 бөлмелі үйді Рамазан айында иесіне тапсыру нәсіп етті. Шын ниетпен қолға алынған іс оңды болып, Оразаның соңғы күндерінде жаңа үйде ауызашар беріліп, үйдің кілтін сыныптастарына тапсырды.
Осылайша облыс әкімдігі қолға алған «Алтын ұям» жобасын ізгілікті іспен жалғаған түркістандық түлектердің бұл ісі көпке үлгі боларлық.
Сондықтан да қайырымды іске мұрындық болған барлық азаматтарға Алла разы болсын дегіміз келеді. Отбасыларына амандық, кәсіптеріне береке берсін.