Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ – ӨНІМДІ ЕҢБЕК КЕПІЛІ

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ – ӨНІМДІ ЕҢБЕК КЕПІЛІ

Мемлекет басшысының «Әді­лет­ті Қазақстан: бәріміз және әр­қай­сымыз үшін. Қазір және әр­дайым» атты сайлауалды бағ­дар­ла­масында бә­секеге қабілетті ауыл шаруа­шы­лығын құрып, ауылдарды орнықтыру жолдарын көрсетті. Осы орайда, облыс тұрғындарына ақпараттық түсіндіру мақсатында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевтың мақаласын ұсынамыз.

Бір сөзінде Пре­­­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бас­та­маларын қолдаймыз. Тұрғын­дар­ға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандан­дыра­мыз», – деп Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді. Бағдарламаға сәйкес, 1 мил­лионнан аса ауыл тұрғынын қам­ти отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн теңге бағытталды. Сол сияқты жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарды кооперативтік кәсіпке тар­тып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адам­ды жұмыспен қамту көзделген.

7,7 млн адам ауылда тұрады. Алайда ша­­­руа­шылықпен айналысатындары аз бол­са да малмен жан бағып жүргендері жоқ емес. Түсінгенге ауылда береке бар. Мы­­­салы, Түркияда бұл салада он мил­лион­нан аса адам еңбек етіп, өз елін жыл сайын 100 миллиардтаған табысқа кенел­тіп келеді. Түркияның балы, инжір, жүзім, өрік, жаңғақтары әлемде алғашқы орында тұр. Еуропа, ТМД елдері мен бірқатар мұ­­­­сылман мемлекеттердің сөресінен тауар­лары самсап тұрады. Израильдің же­рі егін салуға сай келмесе де, ішкі сұра­ныс­ты өздері өтеуде. Ал бізге оңай шағы­ла­тын жаңғақтың өзі Қытайдан, кепті­ріл­ген жеміс­тердің түр-түрі Өзбекстан, Тә­жік­станнан келеді.

Түркия басымдықты егін және мал шар­уашы­лығына берген. Ол жақта өңдеу ісі өте жоғары да­мыған. Егін мен мал ша­руа­шылығынан тоқыма-тігін және тамақ өнер­кәсібін екі жақты дамы­ту­ға болады. Ал бізде мал әрі кетсе, сүт пен етке жарап тұр. Жүн түтіп, жіп иіретін, тері илеп, тон ті­гетін фабри­калар да, өзге де өңдеуші кә­сіпорындар қалада емес ауылда са­лын­са, ауыл адамдарын Пре­зидент жос­пар­ла­ған жұмыс орын­дары­мен қамтуға болады. Сүт өнім­дерін, томат пастасын, алма, өрік сусын­дары мен балмұздақ шығаратын зауыт­тар Алматы, Түркістан облысының тек кейбір аудандарында жұмыс істеп тұр. Оның өзі еліміз үшін аздық етуде.

Жалпы, кез келген саланың өсіп-өр­кен­­деуі кәсіпкерлерге тікелей байла­ныс­ты. Үкімет тек жер беріп, субсидия немесе не­­сие бөліп, жалпы ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның даму стратегиясын әр өңірдің, тіпті ау­дан, ауылдардың жағдайына қарай жұ­мыс­ты үйлестірумен айналысуға тиіс. Жос­­парлы жүйе болмай, дұрыс даму да бол­майды. Ауыл шаруашылығындағы бі­ре­се жүгері, біресе мақта, біресе картоп, біресе бидай өсірушілердің наразы­лық­та­ры нақты және тұрақты жүйесіздіктің кесірінен. Сондықтан ең алдымен Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ұзақмерзімді әрі жан-жақты талқыланып, нақтыланған даму жүйесін құруы керек. Бұл істе Аме­рика, Қытай, Түркия, Еуропаның тә­жі­ри­белеріне сүйенген артық етпейді.

Президенттің сайлауалды бағдар­ла­масын орындаудағы «AMANAT» партия­сы­ның бірден-бір жобасы – «Ауыл амана­ты» жобасы. 2023 жылы шағын несие беруге 2,059 млрд теңге бөлінді. Оның 1 млрд 548 331 мың теңгесі – мал шаруашылығына, 511 млн 250 мың теңгесі – өсімдік шар­уа­шы­лығына бағытталды. Ауылдарды ара­лағанда жергілікті жұртшылықтың кәсіп­пен айналысуға деген ықыласын байқа­дық. Алайда көбінесе кепілге қоятын мү­­­ліктің талапқа сай келмей жатқаны ай­тылды. Партия бұл мәселені де оңтайлы ше­шіп, ережені жеңілдету жағын қарас­ты­рып жатыр. Ал жалпы мемлекеттік қол­дау аясында бөлінетін субсидия, несие ұсақ шаруашылықтарға да қолжетімсіз. Мысалы, қой саны – 5 мың, сиыр саны 2 мың­ға жетпейінше, мемлекеттік мүмкін­дік­терді пайдалана алмайтын шектеулерді алып тастау керек. 3-4 мың қойы, 100-200 сиыры бар жеке шаруалардың коопе­ра­тивтерге біріккісі келмейді. Өйткені ко­опе­­ративтер арасында дау көп. Сондықтан же­келеген шаруа­шылықтар да Президент бас­тамаларының игілігін көру үшін ұсақ шаруашылықтарды да қолдау механизмін қолданысқа енгізуі қажет. Аздан бастап көп­ке жетуді қалай­тын жекелеген шаруа­лар шетелде де мем­лекеттік қолдауға ие еке­нін ескерген жөн. Өйткені үлкен биз­нес кішкентай кәсіптен бас­талады.

Түркістан облысында халық көп бол­ған­дықтан, мемлекеттік қолдауға сұраныс та көп. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірге 19,7 млрд теңге бөлініп, оның 17,7 млрд теңгесі игерілген. Жо­ба 64 ауылдық округте 6 бағытта асы­рыл­ды. Яғни, өсімдік, мал, балық, құс шаруа­шылығы, кооперация мен бағдар­ла­ма талабына сай келетін кәсіптерге жұм­салды. Алдағы жылға 30 млрд теңге қа­жеттілік туындап тұр. Төмен пайызды не­сиеге қолы жеткен жандардың алғыстан бас­қа айтары жоқ.

Президент айтқандай, мелиорация жә­не суару жүйесін қалпына келтіру – өзек­ті мәселе. Мәселен, Солтүстікте күз­де жау­ған қар мамырға дейін тоң боп қатып жа­тады. Сондықтан ауа райы қолайсыз де­месеңіз, топырағы құнарлы не ексеңіз де өседі. Енді Солтүстік өңір­лерде тек кар­топ пен бидай өсіріп қоймай, суық кли­матта өсе беретін өнімдерді өсіру ке­рек. Айталық, мұзжидек, итмұрын, бар­ба­рис. Сусамырға өте пайдалы мұз­жидек­тің кептірілген түрін қымбат бағада көр­ші­лес елдерден аламыз. Қазір ғылым да­мып, қысқа уақытта пісіп-жетілетін бақ­­ша өнімдерінің жаңа сорттарын өсіру­­ге көшу керек. Алайда отандық са­палы тұқымның өзі жоқтың қасы. Сол­түс­тіктің құнарлы топырағын алдырып, Оң­түстікте кәдеге жаратып жатқандар бар.

Түркістан облысында қар жауады да, еріп кетеді. Жаздың шілдесінде күнгейдегі ау­дандарда ауа температурасы 55 градусқа дейін ысиды. Қазір құмда жыңғыл мен сек­сеуіл, фармацевтикада бағалы сан­­а­ла­тын кеурек, дермене сияқты өсімдіктер өсе­ді. Ендеше шөлейтте өсетін өсімдіктер мен талдарды неге өсірмеске? Түркістанда есі­гінің алдында банан мен фисташки өсі­ріп, же­мі­сін жеп жүр­гендер бар. Ер­тегі сияқ­­ты ес­тіл­­се де, та­лап­танып ең­бек ет­кен­­­ге кө­рін­­ген тау­дың алыс­­тығы жоқ. Ли­­­­мон, ба­нан, саңы­рау­­құ­лақ өсіріп жат­­қандар – қо­сымша кә­сіптің көзін тап­қан­­дар. Оның үстіне, Оңтүс­тіктің кли­­маты жы­­­лына 2-3 рет өнім алуға қо­лайлы. Осы­­­­лайша, қызанақ, қияр, құлпынай, орам­жапырақ сияқты бақша өнім­дерін жыл он екі ай өсіретіндер жұмыс істеп жа­тыр.

Мемлекет бас­­шы­сы нұс­қаған ме­лио­ра­ция жұ­мыс­та­ры жан­дан­­са, иге­ріл­ме­ген жер қал­­мас еді. Ке­ңес үкі­ме­ті­нің ке­зінде де сайын дала игеріліп, көш­­­пелі жұрт оты­рық­­шы халыққа айнал­дырыл­ған. Сол сияқ­ты қа­зір де сон­дай қа­дамға бару керек бо­лып тұр. Жұ­мыс жоқ­тықтың сал­дары­нан ауыл­дан кеткен адам көп, жастар да тұ­рақтай бермейді. Өздеріңізге белгілі, Қа­зақстанның әрбір өңірінде су қой­ма­лары салынып, 100 мил­лион гек­тар­ға жуық жерге су жеткізілген. Нәти­же­сінде, суар­малы егістік көлемі 2 172 мың гектарға ұл­ғайған. 1990 жылға дейін 54 мың гид­ротехникалық нысандар са­лынған. Өкі­ніш­ке қарай, тәуелсіздік алған жылдары Кеңес үкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көл­табанға шейін талан-таражға түсіп кет­ті. Қазір сол олқылықтың орнын тол­ты­ру үшін атқарылатын шаруа шаш етек­тен асады. Мелиорацияның ауыл шаруа­шы­лығына пайдасы көп. Бүгінгі күннің бас­ты тақырыбына айнал­ған су үнемдеу мә­селесін шешуге септігі тие­ді. Араптар да сайын сахарасын сулан­дырып, егін­ші­лік­пен айналыса бастады. Демек, қалауын тап­са, қар жанады. Ал бізде су құм­ға сіңіп кетіп жатыр. Үкімет су тап­шы­лығын азай­ту үшін жаңадан 20 су қоймасын сал­мақ­шы. Құрылыс 2024-2030 жылдарға арнал­ған су шаруашылы­ғын дамытудың кешен­ді жоспарына сай жүр­гізіледі.

2023 жылдың жағымды жаңалығы осы жа­уап­ты іспен арнайы айналысу үшін Пр­е­зи­дент Жарлығымен Су ресурстары және ир­ри­гация министрлігі құрылды. Сол сияқ­ты Су кодексіне де өзгертулер енгізі­ліп жатыр. Заңда су қорын пайдалану жә­не қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк саясатты жүр­гізу; су қатынастарын, сумен жаб­дық­тау және су бұру саласындағы қаты­нас­тар­ды реттеу; тұрақты су пайдалануды жә­не су қорын қорғауды, сумен жабдық­тау­ды және су бұруды қолдау мен да­мыту­дың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету; су қорын пайдаланудың және қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын ай­қын­дау; су ресурстарын зерттеу, барлау, ұтым­ды және кешенді пайдалану мен қор­ғау, гидромелиорациялық жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстары сала­сындағы қатынастарды басқару; жерді гид­ромелиорациялауды дамыту бағыт­та­рын айқындау; халықты және шаруа­шы­лық объектілерін су шаруашылығы құ­ры­лыстарындағы төтенше жағдайлардан жә­не олардың зардаптарынан қорғау қа­растырылған.